Basty bet

Жүректерге жылу ұялатқан мереке

Биылғы айт індеттің таралуына байланысты өзгеше өткені баршамызға сынақ әрі тәжірибе болғаны анық. «Жағаласса жыртқызбаған жағасын, тайғақ кешсе, тайдырмаған тағасын» дегендей, еліміз соған қарамастан бар қиындықты береке-бірліктің арқасында еңсеріп келеді.

Қасиетті Құрбан айт қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мұрындық болуымен ашылған «Qurban 2020 kz» сайты барлық өңірлерде іске қосылды. Азаматтардың сеніп тапсырған құрбандық малдары түгел шалынып, шалушыға 10 секундтық видео негізінде whatsapp желісі бойынша жеке-жеке жолданды. Бейнежазбада ниет білдіруші есімі аталып, Алладан қабыл болуын тілеп, малды бауыздағаны да көрсетілді.
Айт күндері ауданда санитарлық талапқа сай жабдықталған қасапханаларға жүгіну арқылы жалпы саны 36 ірі қара, 155 қой, 25 ешкі құрбандыққа шалынып, еті 935 отбасына таратылды. Карантинге байланысты ет алуға өтініш білдірген мұқтаж отбасыларға жеткізу үшін 50 ерікті өз көліктерімен және арнайы бекітілген көліктермен тартылды. Олар құрбандыққа шалынған малдың етін тиісті мекенжайларға жеткізіп беріп отырды. Барлық шаралар карантин талаптарына сай атқарылды.
Ауыл аймақтарда да Құрбан айтқа мал байлап, шалуды ниет еткен жамағат үшін арнайы қасапханалар мен қасапшылар қызмет етті. Жалпы ауданда құрбандық шалу сайт және қасапханаға өз малдарын әкелу арқылы жүзеге асқанын айтқан ләзім.
Тағы айта кетер жайт, құрбандық етінің таратылуындағы ерекшелік. Бұрынғы құрбандықтың етін әр отбасы үшке бөліп, бір үлесін өзі алып, екіншісін таратып жіберетін. Үшінші бөлігін тағы қаражат шығарып, шығындалып қонақ шақырып жататын. Ал онлайн құрбандықтың еті толығымен өтініш білдірген жандардың қолына тапсырылды.
– Жұртты шаттық пен берекеге кенелткен осынау айт күндері құрбандық шалу, қасапхананы ұйымдастыру, етті мұқтаждарға жеткізуге атсалысқан барлық қасапшыларға, еріктілерге, мемлекеттік органдар мен олардың қызметкерлеріне, дін мамандарына алғысымды білдіргім келеді. Бұл мереке баршамыздың күш біріктіруіміздің арқасында ойдағыдай атқарылды. Бірлесе істеген істің де баянды болары хақ. Алла баршаңызға зор денсаулық берсін, елімізді, күллі әлем індеттен сауығып, иманды ғұмыр сүруді нәсіп еткей! – дейді ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев.

Абылайхан СӘРСЕН
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close