Basty bet
Адал еңбек нәтижеге жеткізеді
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында осы міндеттерді барша қауымға жүктей отырып, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалатынын жеткізді.
Президент ұлт сапасын жақсартамыз десек, жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажеттігін алға тартты. Жаңа құндылықтар бастауына ең алдымен адал азаматтарды қойып, адал еңбек етіп, адал табыс табуға шақырды. Өйткені қай заманда болсын, адам еңбегімен көрікті, адалдығымен ардақты. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» дейді Абай.
“Адал адам – адал еңбек – адал табыс” – озық әрі табысты елге айналудың басты кілті. Мемлекет басшысы: “Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды” – деп атап өткені тегін емес. Біртұстас ел болып, ел бірегейлігі мен татулығын, ынтымағын сақтап, тәрбие тағылымын әр азамат өзінен бастау керектігін айқын көрсетті.
Жаңару мен жаңғыру жолына түскен әділетті Қазақстан үшін бірін-бірі аяқтан шалғаннан гөрі, ел болып еңсеріп, жұрт болып жұмыла атқарар шаруалар шаш етектен. Сондықтан әркім өз ісіне адал, әділ, жауапты болып, отбасына, балаларына тәрбие беріп, өзгелерге құрмет көрсете білуі қажет. Біз сонда ғана болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құруға қол жеткізе аламыз.
Күлбақыт Айтқұлова,
аудандық “Аналар алқасы” қоғамдық
құрылымның төрайымы