Basty bet
Ұлттық құндылықтардың ұйытқысы
Өнер – қасиетті дүние. Ал ел ішіндегі өнердің құдіретін алтынға теңесек, қателеспейміз. Ата-бабаларымыздан бастау алған өнегелі өнерімізді, қазақ халқының терең ойлы шығармашылығын Тәуелсіз еліміздің төрінде паш ету баршамыздың мақсатымыздың бірі екені белгілі. Өнер атаулының қадір-қасиетін түсініп, оның барша ғажайыптары мен тылсым сырларын ұғынуға, ғасырлардан бүгінге жеткен болмысына бойлауға талғам мен талап қажет.
Асылында, кез келген ұлттың өнердің тірегі де, түп бастауы да халықтың өзі. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алады, тура жолға бастайды. Біз бүгінде ұлттық-рухани тамыр деген жай сөз емес екенін, оның мән-маңызы аса тереңде жатқанын білуге тиіспіз.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, ел арасында төл өнерімізді дәріптейтін, өнерге жанашыр адамдар көптеп кездеседі. Осы ретте, жасы алпысты алқымдаған қызыларықтық Ұлдан Мұстафаеваны он саусағынан өнер тамған шебер деп айтуға болады. Ине мен жіпті серік еткен апаның қазақи оюларды қолданып тіккен құрақ көрпелері мен ұлттық киімдері көздің жауын алады. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз салт-дәстүрді берік ұстанған, жаны ізгілікке құмар Ұлдан апаны төл өнерімізді дәріптеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтай білген дәстүрді жалғастырушылардың бірі деуге әбден болады.
Қолөнер шебері Ұлдан Ығайқызы Қызыларық ауылының төл тумасы. Бұрынғы Жамбыл қазіргі Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесін кітапханашы мамандығы бойынша тамамдаған. Ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында жемісті еңбек еткен. Әкесі Ығай – еңбек адамы, аңшы болса, анасы Зубайла – тігін тігіп, ою ойған кісі болған екен.
-Өзімнің өмірімді өнерге арнаған жанмын деп есептеймін. Ән салатындығым тағы бар.Баян аспабында да ойнаймын. Алғашында Қызыларық, Сұрым, Түктібай ауылдық кітапханаларында кітапханашы болып жұмыс істедім. Одан кейін Қызыларық, Алатау ауылдық клубтарында меңгеруші қызметін атқардым. Ол уақытта «Жалын» деген ансамбль құрып, көпшілікке өнерімізді көрсететінбіз. Ансамбльде Керімбай, Шәріп, Мәлік, марқұм Сейсенбек есімді әншілер бар еді. Барлығымыз мәдени шараларды бірге жоғары деңгейде өткізетінбіз. Биші қыздарымыз болды. Өнеріміз бағаланып, сол жылдары совхоздағы жақсы өткізілген мәдени шараның арқасында Эстонияға 10 күнге демалуға жіберген.
Манас батырдың 1000 жылдық мерейтойын атап өттік. Алматы қаласындағы «Офицерлер» сарайына барып, үлкен концерттерге қатысқан кездеріміз де болды. Тоқырау жылдары балабақшада балаларға ән-күй үйретіп, жұмыс істедім. Бұл кезең қанша қиын болса да, мойымай бәрін жеңдік. Қолымыздан келгенінің барлығын жасап, жоқтан бар жасадық. Балаларға ерінбей кастюмдер тігіп, мерекелік қуаныш сыйлайтынбыз. Балабақшадан зейнетке шығып, бүгінгі күні бейнетіміздің зейнетін көріп отырған жайымыз бар.
Анам тігіншілікке жақын еді. Тігіншілік анамнан жұққан қасиет. Негізінен қыз баласының ине-жіпке жақын болғаны дұрыс. Ол қыз баласын әсемдікке, ұқыптылыққа, жинақылыққа, сабырлыққа тәрбиелейді. Өзім кез келген қол өнер бұйымының әдемі, түстері үйлесімді болып шыққанын қалаймын. Оюларын ойып, түсіне қарай орналастырамын. Қай нәрсе болсын көздің жауын алатындай болуы керек. Үйде екі тігін машинасы бар. Бірі анамнан қалған. Көбінесе сол тігін машинаны қолданамын. Құрақ құрап, ұлттық киімдерді тігемін. Қыздың жасауын да дайындаймын. Сонымен қатар, мерекелік киімдерді де тігіп, тапсырыс қабылдаймын.
«Ана көрген тон пішер» деген жақсы сөз бар. Бала анасынан көріп, үйреніп оны одан ары қарай жалғастыра білуі тиіс. Сонда ұрпақтар сабақтастығы жалғанып, ұлттық өнеріміз дамитын болады. Осы ретте, үйге келген немерелерім қасымда қызығып, өнерді үйренуге талпынады. Олармен бірге отырып, сырға, моншақтар жасаймыз. Немерелеріме арнап Наурыз мерекесінде ұлттық киімдер тігемін. Ағайынды інімнің қызы Еркеназ апалап қасымда көп жүреді. Оның бойында да өнердің ұшқыны бар, – дейді Ұлдан апа.
Қазіргі таңда Ұлдан апа қоғамдық жұмыстарға әлі де белсенділік танытып, араласып келеді. Ол 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін ауылдық округ әкімінің Алғысхатымен марапатталған. Осы жылы «Наурыз» мерекесіне орай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, әжелер арқылы келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтар мен туған тілдің рөлін кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Әженің сөзі – тәрбие көзі» атты аудандық байқауға қатысып, ІІ дәрежелі Диплом иеленген. Одан бөлек биылғы жылы елімізде аты жаман індеттің алдын алу және болдырмау мақсатында көпшілікке медициналық маска тігіп, тегін үлестірген. Мұны да Ұлдан апаның азаматтық белсенділігі, қоғамға, адамдарға деген жанашырлығы деп айтуға болады.
Ол Қызыларық ауылында қасиетті қара шаңырақта ұлы Медет пен келіні Назеркемен бірге ғұмыр кешуде. Ұл-қыздарынан бес немере сүйіп отырған аяулы әже.
Ұлттық өнер, ұлттық кодымыз бізді рухани жаңғыруға бастайды. Өнер – таусылмас қазына. Өнер – әсемдіктің ең жоғарғы көрінісі. Осы ретте, жүзі иманды, жылы шырайлы, еңбекқор, он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберінің өнері құнды қазынамыздың қадірін толық білмейтін жастарға үлгі-өнеге.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»