Basty bet

Өңір ардагерлерінің белсенділігін арттыру – қай жағынан да маңызды

Ардагерлер – біздің алтын қорымыз. Өмірдің ащы-тұщысын көп көрген аға буынның ақыл-кеңесі, өмірлік тәжірибелері әсіресе, ел өміріндегі өзгерістер мен сапырылыстар орын алған дәл осындай аумалы-төкпелі бетбұрыстар кезеңінде ауадай қажет екенін сезіну қиын емес.

Осы тұста ежелден іргесі берік, береке мен бірлігі жарасқан қасиетті Жуалы өңіріндегі ынтымақты тірліктің ұйытқысы болып жүрген жергілікті ардагерлер қауымының тірлігі көпке үлгі-өнеге. Олай дейтініміз, қандай қиын кезеңдерде де ауданның халқы оның ешбіріне мойымай, қиындықтарды еңсеріп келеді. Иә, мұның бәрі ең алдымен аға буынның халықты сабырға шақырып, елге басу айта білетін қасиетінің нәтижесі болса керек.
Сайып келгенде, өңір ардагерлерінің басты міндеті, парызы мен борышы – ол елдің, халықтың ауызбіршілігін, тыныштығын қамтамасыз ету, жасөспірімдердің қоғамдық тәртіпті бұзуына тыйым салып отыру, медиация, қауымдастық кеңестер арқылы елдің шырқын бұзушыларға, басқа да тәртіп бұзушылықтарға қарсы ардагерлер кеңесімен бірге елдің ынтымақ-бірлігіне жұмылып жұмыс істеу.
Ауыл жастарын еңбекке баулу, сонымен бірге, дәл осындай қиын кезеңде той-томалақты, ойын-сауықты азайтып, аудан халқының денсаулығын, амандығын сақтау міндеттері де күн тәртібінен түспек емес. Ардагерлер ауданда атқарылып жатқан барлық мақсатты, ауқымды, ізгілікті игілікті қыруар жұмыстардың басы-қасында, ортасында болуы керек. Олар ауыл, аудан басшыларына қолдау көрсетіп, билік пен халықтың арасына сызат түсірмей, жарасымды бірлік пен игі тірліктердің негізгі ұйтқысы болғандары жөн. Осындай уақыт талабына сай ардагерлік, ақсақалдық, ағалық парызын адал әрі белсенді атқарып жүрген ардагерлер де арамызда көптеп саналады.
Өткен аптада аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалында кеңейтілген жиын өтіп, оған өңірдегі ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары және аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары, сонымен қатар, ауылдық округтің әкімдері шақырылды.
Жиын жұмысына аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев қатысты.
Жиынның күн тәртібіне бірнеше мәселелер арқау болды.
Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова сөз сөйлеп ашып, мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
Алғашқы сөз «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашевқа берілді.
Сейітхан Шерелханұлы, «Ардагерлер туралы» Заңның өңірде орындалуы туралы мәселеге аз-кем тоқталып, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 20 мамыр 2022 жылғы кезектен тыс ІХ съезінен туындайтын міндеттер туралы аудан ардагерлерін құлағдар етті.
Сонымен қатар, республикалық ардагерлер ұйымының тапсырмасына сәйкес жұмыс бағдарламасымен таныстырды.
Жалпы С.Жұмашев өз сөзінде, ардагерлер санатына жататын азаматтар туралы, оларға жасалатын жеңілдіктер, оның ішінде, еңбек ардагерлеріне жасалатын мемлекеттік әлеуметтік қолдау шаралары, сонымен қатар, сала ардагерлерінің құқықтары, оларды әлеуметтік тұрғыдан қолдау, медициналық және санаториялық ем алу мәселелері, сондай-ақ, баспа басылымдарына жазылуға жеңілдіктер қарастыру мәселелерін талқылады.
Төраға ардагерлері ұйымы қандай жұмыспен айналысады, сонымен бірге, ұйымның міндетіне қандай мәселелер кіреді, жұмыс барысында зейнеткерлер мен сала ардагерлерінің елеулі бөлігін қоғамдық жұмыстарға, мәдени, спорттық іс-шараларға тарту мәселелері де жан-жақты сөз болды. С.Жұмашев өңірдегі ардагерлер мен зейнеткерлердің белсенділігін арттыру, оны күнделікті жұмыс барысында қамтамасыз етудің қажеттігіне тоқталып, ардагерлердің шығармашылық және белсенді өмір салтын ұстану мәселелерін, бастауыш ардагерлері ұйымының төрғаларына, ауыл әкімдері мен бөлім басшыларына ардагерлердің арыз-шағымдарымен жұмыс істеуді ұсынды. Сөз арасында ардагерлер кеңесінің төрағаларымен жұмысты әлі күнге жолға қоя алмай келе жатқан бірқатар ауылдық округтің әкімдеріне орынды сын-ескертпелерін де жеткізді.
«Бастау» жұмысшы тобының І жарты жылдықта атқарған жұмыстары туралы аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев баяндады. Төраға өз сөзінде, қоғамға пайда келтіру – өңір тұрғындарының ортақ міндеті екенін баса айтты. Сонымен қатар, облыстық соттың тапсырмасымен құрылған «Бастау» тобының жұмысы туралы айта келіп, оның ішінде, жыл басынан бері аудандық сотқа ажырасуға өтінішпен қайырылғанын отбасылар туралы ақпарат беріп, ондай мәселелердің алдын алу үшін атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті жұмыстарды да кеңінен атап өтті.
-Отбасы – Отанымыздың тірегі. Ал отбасының діңгегі қайтсе берік болады, қайткенде жұбайлар арасындағы жанұялық жарастықты сақтап қала аламыз? Осы мәселелердің төңірегіндегі сұрақтар қазіргі таңда өте өзекті болып отырғаны бәрімізге аян. Оған қоса, жасөспірімдердің де тәлім-тәрбиесіне шындап көңіл бөлетін кез жетті. Біз кейінгі жылдары жастардың тәрбиесін сәл-пәл босаңсытып алғандаймыз.
Бұл ретте ауыл әкімдері мен ардагерлердің рөлі жоғары болуы тиіс. Ауызбіршілік болған жерде шешілмейтін түйін мен мәселе болмайды. Жаңадан отбасын құрған жас отбасыларға ақыл-кеңес айтып, олармен бетпе-бет кездесіп, шағын әңгіме жүргізуіміз қажет. Бұл – өмір көрген аға буынның міндеті. Жаңадан отау көтерген отбасыларды айтпағанның өзінде, араларында 5-6 баласы бола тұрса да, сотқа ажырасуға өтініш беріп жатқан отбасылар да кездеседі. Бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы ретте уақыт оздырмай, жас жеткіншектермен, жас отбасылармен жұмыс істеуді қолға алуымыз қажет. Бұл – бәрімізді терең ойландыруға тиісті мәселе,- деді аудандық соттың төрағасы Бабырхан Бекболатұлы.
Күн тәртібіне сәйкес, келесі кезекте аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов билер кеңесінің ережесімен таныстырса, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев әкелер кеңесінің ережесімен, Аналар алқасының ережесімен Қарасаз ауылдық округіндегі аналар алқасының төрайымы Айгүл Омарова таныстырды.
Аудан ардагерлерінің кеңейтілген жиынының барысында аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова өңір ардагерлерінің басын қосып отырған ұйымның жұмысын жүйелеудің қажеттілігін атап өтті.
Ал аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы С.Жұмашев ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағаларын бірлесіп жұмыс жасауға шақыра отырып, ел ішінде жастар тәрбиесіне, ұрпақтар сабақтастығына қатысты мәселелердің көп екеніне тоқталып, бұл ретте ардагерлер мен аға буынның белсенділігін арттырудың қажеттілігін баса айтты.
Жиында бірқатар ардагерлер ұйымының төрағалары жұмыс барысында қандай мәселелерді басшылыққа алу қажеттігі туралы сұрақтарға нақты жауап алғандарын жеткізіп, өздерін толғандырып жүрген кейбір мәселелерді де аудан басшылығының назарына ұсынды. Әлбетте, кеңейтілген жиында қаралған мәселелер мен ардагерлердің ұсыныс-ескертпелері алдағы уақытта назардан тыс қалмайды деген сенімдеміз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close