Basty bet
Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі
Жазудың тарихы өте ерте замандардан басталады. Жазу дегеніміз – тақтадағы таңбалар, ойдың жемісі, тарих куәгері, ұлттық мақтаныш. Ұлтымыздың жазу тарихына көз жіберсек, алыстан мұнартып көне руникалық жазбалар көрінеді. Арысы жұмыр жердің, берісі күллі Азияның айбынына айналған ата-бабаларымызбен біз әрқашан мақтана аламыз. «Тізеліні бүктіріп, басы барды идірген» батыр бабаларымыздың ерлігі мен бектеріміздің даналығы бізге сол күйінде қаймағы бұзылмай көне жазулар арқылы жетіп отыр. Одан соң шығыс даласындағы философия, логика, математика, медицина, әдебиет салалары ерекше қарқынмен дамыған алтын ғасыр араб жазуларымен өзіне баурап алады. Ислам дінінің таралуымен қанатын кеңге жайған бұл жазумен біздің көшпелі халқымыз да медреселерде балаларына хат танытып, шығыстың озық мәдениетін игерді. Алайда осы бір шашыраңқы да шұбырынды жазуларды бір ретке келтіретін жаңа реформа 1912 жылы жарық көрді. Ахмет Байтұрсыновтың ұсынған жазуын халқымыз жақсы қабылдап, оны тез үйреніп «төте жазу» деп атады. Бұл әліпбиді қазақ халқы 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенге дейін пайдаланды. Ол графиканың қазақ тілінің дыбыс ерекшелігіне, үндесу заңдылығына негізделіп жасалғандығын осы күнгі лингвист ғалымдар дәлелдеп отыр.
Қазақ халқы 1929 жылы латын графикасының негізіндегі жаңа алфавитті қабылдады. Осы жылдары еліміздегі түркі тілдерінде сөйлейтін басқа халықтар латын алфавитіне көшті. Латын алфавитінің сауат ашуда болсын, баспа ісінде болсын, араб жазуы негізіндегі әліпбиге қарағанда, оның әлдеқайда прогрестік маңызы болды. Оның құрамында 29 әріптің әрбір әріпі өзінің жеке тұрғандағы қалпын сақтайтын. Осы алфавит сауатсыздықты қысқа мерзім ішінде жоюға көмектесті. Кейін 1940 жылы қазақ халқы орыс графикасына негізделген жаңа әліпбиді қабылдады. Орыс алфавитіндегі 32 әріп түгелдей қабылданып, оған қоса орыс тілінде жоқ дыбыстарды таңбалайтын 9 әріп алынды да, әріп саны 40-қа жетті. Оған екі таңба (ь-ъ) қосылды. Міне, содан бері кириллицамен жазудамыз. Сол кездегі қазақ жазуының мәселелерін көтеріп, оны шешу жолдарын Алаш зиялылары «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» сияқты баспасөз беттерінде жариялады. «Жазу тәртібі», «Тіл сақтаушылық», «Оқу мәселесі», «Школдарда ана тілімен оқыту», «Туған тілге» және т.б. осындай мақалалар мен өлеңдер жарық көрді. Осындағы жарияланған мақалалардың көздеген мақсаты біреу ғана еді. Ол – қазақ тілінің табиғатын бұзбау, акустика-артикуляциялық заңдылығын ұстау. Қазақ тілінің үйлесімділік заңын сақтау. Бәлкім, сол кезде зорлықпен кириллицаны енгізбегенде, қазір латын графикасына көшу қажеттілігі тумас та еді.
Бүгінгі уақыттың өзі ұсынып отырған латын графикасына көшу талабы – ел ертеңі үшін болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған, ұлт тірегі – ана тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми мәнді шара деп білеміз. Латын әліпбиіне көшу, сайып келгенде, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясының одан әрі кеңейе түсуіне мүмкіндік жасап, тіліміздің ішкі табиғатына әліпбиіміз арқылы жазудың айтуға жасап келе жатқан қиянатын болдырмай, қазақы айтылым (орфоэпия) мен жазылым (орфография) талаптарын жүйеге түсіру деп түсіну керек. Қазіргі таңдалатын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да, мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру – қабылдау – тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер, т.б. латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әртүрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші, т.б.), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр. Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет, т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп, халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс қадам болды. Әсіресе, жаңа жазуды жеделдетуді жастар ерекше қолдап отырғаны қуантады. Латын тіліндегі 44 дыбыс тек 26-ақ таңбамен оқылады. Ал, бізде мүлде керісінше, тіліміздегі бар-жоғы 28 дыбыс 42 әріппен белгіленген. Мұның жазу заңдылығына томпақ құбылыс екенін кез келген тіл ғалымы жақсы біледі. Оның үстіне, орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында жазу мен оқу талабы қазақ тілінің үндестік заңын қақпайлап, салдарынан тіліміздің байырғы болмысына нұқсан келгені жасырын емес. Демек, жаңа әліпбиге көшу мәселесі – ұлттық мүддеге негізделген болашақ ұрпақтың қамы.
Әліпби дегенді тек әріп жиынтығы деп қарамау керек. Әліпби – тілдің дыбыс құрамы, таңба – дыбыстың қауызы, ал емле-ереже – әліпби мен таңбаның ұлттық дәнекері. Сондықтан әліпби түзілгеннен кейін ереже соған сәйкес болуы керек.
Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері – латын графикасындағы қазақ әліпбиі бойынша дұрыс жазуды көрсететін құқықтық күші бар құжат. Сонымен қатар латын негізді жаңа әліпби бойынша қазақ тілінің орфографиялық нормаларын тұрақтандыратын, дұрыс жазу мәдениетін қалыптастыратын басты нормативті қағидалар болып саналады.
Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады!» деген сөзін жадымызға түйдік. Мемлекеттік тілдің жаңа даму сатысына жетелейтін латын графикасына көшу мәселесі – уақыт талабы тудырған тарихи, рухани қажеттілік. Қазіргі жазуымыз бірнеше буынның білім алып қалыптасуына, елге қызмет жасауына мүмкіндік жасады. Бірақ бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін, Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру үшін ұлттық кодымызды сақтай отырып, рухани санамызды жаңғырту керек. Ал жаңғыру – жазудан бастау алады.
Айгүл ТӨРЕБАЕВА,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының»
Жуалы аудандық
бөлімшесінің меңгерушісі