Basty bet

Ардагерлер бас қосты

1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.
Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын жабу үшін күресті бастауға ұйғарған «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны басқарған – белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөніндегі ұсынысты КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу қабылданды.
Осы уақытқа дейін үнсіз тығылып келген халық бір дауыстан «ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпараттары құралдарында, телевидение мен газеттерде әңгіме бола бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында қозғалыс ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Халықтың бастамасымен тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды. Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы. Сөйтіп тиянақтылық пен елімталдық көрсеткен қазақ халқы өз мақсатына жетті: ең үлкен полигон жабылып, атом қаруынан бас тарту әрекеті жасала бастады.
Семей полигоны жабылғаннан кейін Ресейдің, АҚШ пен Францияның полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланды.
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Бүгінгі күні ауданымызда жанқиярлық ерлікке пара-пар азаматтық танытып, Семей полигоны зардабын жоюға қатысқан 59 ардагер бар. Олар еліміздің өсіп-өркендеуі үшін өлшеусіз үлес қосып келеді.
ҚР Конституциясы күні қарсаңында аудан орталығында Семей полигонының зардабын жоюға қатысушылар бас қосты. Жиынға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков қатысып, Конституция күнімен құттықтап, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар Семей ядролық полигонының зардабын жоюға қатысушыларға аудан әкімінің Алғысхатын тапсырды.

«Jańa ómir» – ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close