Basty bet

Ең қадірлі түн

мамырдың 19-нан 20-на қараған түн Қадір түні

Бисмиллахир рахманир рахим.
Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағаланың атымен бастаймын. Ұлы Жаратушыға сансыз мадақтар болсын. Рамазан айында ұстаған оразаларыңызды және жан басына берген пітір-садақаларыңызды, ауызашар, зекеттеріңізді Алла қабыл етсін. Әумин!
Рамазан берекесі әрі тоқшылығы бар ай. Рамазан айының бастапқы он күні рахмет он күні. Бұл күндері Алла тағала пендесіне рахым етеді. Ортаңғы он күні кешірім он күні. Бұл күндері Алла тағала пендесінің күнәларын кешіреді. Соңғы он күн тозақ отына қалқан он күні. Алла тағала пендесін тозақ отынан құтқарады. Рамазан айында ораза ұстаған жан еш адамға ұрсып, жаман сөздерді айтпаулары керек. Егер де саған біреу ауыр сөздер айтса, мен оразамын деп айт деген Пайғамбар (с.а.у.). Ораза айында итке де кет деп айтпайды. Осы айдың соңғы онкүндігінде Қадір түні болады. Бұл түн мың айдан да қайырлы түн. Сол түнде періштелер және Жәбірейіл Алланың әмірімен тағдыр еткен барлық істерді атқару үшін жерге түседі. Бұл түні ағарып таң атқанға дейін тыныштық-амандық түні болады. Алла тағала Құранды Қадір түнінде түсірді.
Құрметті ағайын, бауырлар! Қадір түнінде Алла тағалаға жалбарынып, тілек тілеңіздер. Қадір намазын оқыңыздар. Құран сүрелерін көп оқыңыздар. Тәспі тартып, Алла тағаланы ұлықтаңыздар. Күнәларыңызға кешірім сұраңыздар. Алла тағала күнәларды кешіргенді жақсы көреді.
Таудан үлкен күнәм бар кішкене емес,
Кешем десе Жаратқанға ештеңе емес.
Лә илаха иллалла деген пенде,
Ешуақытта тозаққа түскен емес.
«Әш хадуәл лә илаха иллалла уа әшхадуәнна мухаммадар расулулла»
«Астағфирулла уа тубу илайхи» деп көп айтыңыздар. Алла тағаладан тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын.

Сейітқазы қажы Медетбеков,
«Жуалы» мешітінің имамы.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close