Basty bet
Жуалыға табиғи газ осылай тартылды
Халық шаруашылығындағы қай саланың болсын, бастау алатын межелі кезеңі бар. Жуалы ауданының газ саласы 1961 жылы тұңғыш рет аудандық коммуналдық шаруашылықтың құрамында құрылды, яғни аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесімен бірге болды.
Газ шаруашылығы 1969 жылы аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінен бөлініп шықты. Ол Жамбыл облыстық газ шаруашылығы мекемесінің бұйрығымен «Бурный газ шаруашылығы бөлімшесі» болып қайта ашылды. Мекеменің сол кездегі басшысы Александр Понамарев еді, ол 1977 жылға дейін басқарды. 1977-1978 жылдары Ережеп Асанов басқарды. Қарамағында екі торлы автомашина, жұмысшылары Б.Назаров, П.Бородаенко, В.Макеев, В.Меркель, Н.Попов. Бір айда алатын газы – 2 тонна.
1978 жылдың желтоқсан айында Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкиннің шешімімен Жамбыл облыстық газ мекемесінің директоры Маханбет Өмірбаевтың бұйрығымен «Чапаев» колхозының бас инженері, коммунист Аманжол Дүрәліұлы Бурный газ шаруашылығы бөлімшесінің бастығы болып тағайындалды. Тасымалды газдың іріленуі
– 1982 жылы ауданның бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкинге жазба түрде ұсыныс жасадым. Яғни, алты колхоз, төрт совхоздың газ шаруашылығын аудан орталығына топтастыру керек екенін жан-жақты дәлелдедім, – дейді аудандық газ саласын 35 жыл үздіксіз басқарған Аманжол Дүрәліұлы. – Негізгі мақсат – газ плитасы бар үйлерді есепке алу, техникалық қауіпсіздікті және өрттен сақтану, тасымалды газдың лимитін көбейту.
Сонымен, ауданда газ шаруашылығын ірілендіру деген мәселе төтесінен қойылды. Аудан басшысы осы идеяны қолдады. Бірақ, мүйізі қарағайдай «Кременевка» кеңшарының директоры Тұрта Нұржігітов, К.Маркс кеңшарының директоры Иван Заварыкин және Ленин атындағы ұжымшардың бастығы З.Елшібаев өре-тұра қарсы болды. «Откуда он берет газ? Кто он такой? Вопрос не созрел» деп. Қысқасы, барлығы ірілендіруге қарсы шықты.
1983 жылы Дмитрий Жигалкин дүниеден озды. Аудандық газ шаруашылығы мекемесі бастығының идеясы 1984 жылы аупарткомның жаңа хатшысы Сағынхан Әмірқұловтың тұсында іске асты. Алты ұжымшар, төрт кеңшар бір-бір техникасын, жалақыларын және үш адамын қосып берді. Барлығы 15 автомашина, 40 адам болды. Сол жылы «Бурный газ бөлімшесі» енді, «Жуалы аудандық газ шаруашылығы мекемесі» болып қайта құрылды. Ай сайын 100 тонна сұйытылған газ тасылды, ауданда газ молшылық болды.
Табиғи газдың келуі
Жуалы ауданының орталығы – Бурный ауылына табиғи газ әкелу көп жылдар бойы шешілмей келген әлеуметтік мәселенің бірі еді. «Бұқара-Алматы» магистралдық газ құбыры аудан үстінен өтіп жатса да, көршілес Түлкібас ауданынан 30 жылдан, ал Жамбыл қаласынан 25 жылдан соң Жуалы ауданына табиғи газ келді.
– 1986 жылғы сәуір айының бірінші жұлдызы күні Москвадан КСРО Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі комитетінен (Госплан) телефонограмма алдық. Онда «Жамбыл облысының Жуалы ауданы с. Бурное табиғи газ құрылысын жүргізуге рұқсат берілді» делінген. Телефонограмманы алып, аудандық атқару комитетінің төрағасы Сабыржан Жүнісовқа бардым.
Кешікпей ауданда шаруашылықтар мен мекемелер басшыларының басын қосқан үлкен жиналыс өтті. Жиналыста мен сөз сөйлеп табиғи газды алу үшін әрбір мекеме, әрбір колхоз, совхоз қажетті құжаттарды беру керектігін айттым, – деп әрі қарай еске алады Аманжол қажы Дүрәліұлы.
Сол жиналыста бар басшы тағы қарсы болды. Баяғы текетірес. Бірінші сөз алған «Кременевка» кеңшарының директоры, Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрта Нұржігітов «Аудан басшылары Ремез, Д.Жигалкин әкеле алмаған табиғи газды Дүрәлиев қайдан әкелмек? Бос сөз, сандырақ» деді. Екінші сөз алған К.Маркс кеңшарының директоры Иван Заварыкин «Сен утописсің. Жолдастар бұл «утопия!» деді. Жиналыстың қорытындысында Сабыржан Жүнісов «Бұл істі әзірге осымен доғарайық, вопрос не созрел» деп шорт кесті.
Ауданды газдандыру мәселесі екінші мәрте де қолдау таппады. Өкініштісі сол, арада біраз жылдар босқа кетті.
1987 жылы облыстық газ шаруашылығы мекемесінің жаңа директоры Рақым Тұрғынбеков пен Аманжол Дүрәліұлы екеуі аупарткомның бірінші хатшысы Сағынхан Әміреқұловқа кірді. Ол кісі мәселені мұқият тыңдап, қолдайтынын айтты.
Сонымен, табиғи газдың жұмысы үш бағытта бастау алатын болып шешілді. Біріншісі, АГРС-тің (автомотическая газорегуляторная станция) жобалау-сметалық құжаттамасын жасау әрі құрылысты жүргізу. Екіншісі, «Қазсельхозтехника» мекемесінің қазандығына табиғи газды апаруды жобалау әрі құрылысын жүргізу. Үшіншісі көшелердегі әр 150 үйге бір кооператив ұйымдастырып, жоба жұмысын жасап, әрі газ құрылысын жүргізу.
– Сол жылдары табиғи газбен айналысқаным соншалықты үйді ұмыттым, нұқыл жол сапарда болдым. Бурный-Ташкент-Қоқан-Алматы-Мәскеу-Бурный. Осылайша алақұйын шапқылау болды, жол қаржыны не аупартком, не облыстық газ шаруашылығы мекемесі бермеді. Менің, сол кездегі моралдық әрі материалдық тұрғыда демеушім Құдай қосқан қосағым Раяш Ордабаева болды. Бұл кісіге Алланың нұры жаусын, – дейді Аманжол Дүрәліұлы.
Табиғи газдың өрлеуі
Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әміреқұлов Сағынханның қаталдығының, қатаң талап етуінің арқасында 1989 жылы желтоқсан айының 24-ші жұлдызы күні АГРС-те тұңғыш газ алауы жанды. Алауға қатысқандар: аупарткомның бірінші хатшысы С.Әміреқұлов, Ташкент қаласынан газ министрі Н.Жулин, облыстық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Қайрат Шотбақов, Алматыдан газ министрі, «Бұқара-Алматы» газ магистралінің бастығы Л.А. Фромер, «СМУ газмонтаж» тресінің бастығы Жолдығұл Исабеков, шаруашылықтар басшылары қатысқан үлкен жиын той болды.
Жақсыдан – шарапат
Жуалы ауданында табиғи газдың құрылысының қарқынды жүріп тұрған кезі еді. Ол 1992-1995 жылдар болатын. Бір жылда 1000 үйге газ берілетін, әрі 40-50 мекеме газ алатын. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылын темір жол қақ жарып бөліп тұр. Алатау жағында тұратын халық саны 2000 үй түгелімен табиғи газды алып бітті, ал темір жолдың астыңғы жағында 1500 үй бар табиғи газды ала алмайды. Себебі, темір жолдың астын тесіп өту ақыреттің ақыреті, проблемадан проблема, бұл проблеманы шешу үшін Мәскеуге, арғы жағы Минскіге баруға тура келді.
Іс әбден насырға шабуға айналды. Аманжол Дүрәліұлы Алматыға бірнеше рет барғанымен, рұқсат ала алмады. Табиғи газды құруға сметалық жобасы дайын, бірақ рұқсатты ешбір құзырлы органдар бере алмайды, темір жолдың астын тесіп өту үшін қыруар құжаттар жиналды. Алайда істі бастауға ешкімнің өресі жетпеді.
Осылайша, ақылы айран болып жүрген газ шаруашылығы мекемесінің бастығын Жуалы ауданының прокуроры Берік Құлтасов шақырады. «Жолдас Аманжол Дүрәліұлы, аудандық прокуратураны темір жолдың астына көшіреміз. Ескі ДЭУ-дің мекемесін алдым. Ол күрделі жөндеуден өтті. Енді жаңа прокуратураға табиғи газ керек» деп сұрақты төтесінен тұрып қойды.
Бұл аудандық газ шаруашылығы прокуратура ғимаратына табиғи газды әкелу үшін үш проблеманы шешу керектігін айтты. Олар – құжаттары дайын тек темір жолдың астын тереңдігін 10 метрден тесіп өту керек, Жібек жолын кесіп өту керек, прокуратураға дейін 1 шақырым жерге диаметрі 100 мм газ құбырын тарту керек, оған 1 миллион теңге қажет.
Аудан прокуроры Берік Құлтасов үш айдың ішінде бар мәселені оңтайлы шешті. Шойын жолдың астын тесіп өту үшін жүз тонналық пресс-компессор пайдаланылды, ал Жібек жолын кесіп өтуге қыруар қайрат-жігер көрсетті.
Құлтасовтың табандылығы мен азаматтығының арқасында бүгінде бес елдімекен, атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы, Қарасаз, Жұрымбай, Ақбастау және Түктібай ауылдары барлығы 3000 отбасы газ жағып отыр.
Табиғи газдың дамуы
Нарықтық қатынас өмірімізге көп өзгерістер алып келді. Өтпелі кезеңге тап болдық. Әр адам, ұжым қиындықтарды іскерлікпен, табандылықпен еңсере білді. 1990 жылы К.Маркс көшесінде бірінші кооперативтің бастығы П.Балацкий 150 үйге газ берді.
1991 жылы ауданның жаңа басшысы Естемес Аманбековтің қолдауымен, Шыңғазы Үлеков атындағы фабриканың қазандығына, Арнольд Шесслер басқаратын «Қазсельхозтехника» мекемесінің қазандығына табиғи газ берілді.
Елдің, халықтың бағына 1992 жылы Жуалы ауданының әкімі болып Еркінбек Солтыбаев мырза келді. Еркінбектің елгезек мінезі өзі ұйықтамайды, өзгені де ұйықтатпайды. Аудан әкімі Солтыбаев Еркінбектің тұсында, яғни бес жылда 5000 үй, 150 мекеме газды болды.
Табиғи газ – өркениет!
1992 жылы Жуалы аудандық газ шаруашылығы ауданаралық газ мекемесі болып қайта құрылды. Аудандық газ шаруашылығы мекемесінің өз теңгерімі болды. Бас инженері Айбек Сүлейменов, шебері Толқын Сопбекова, бас бухгалтері П.И. Рубан, кассирі Ерубай Сәбденбеков. Жұмысшылары Ә. Абашева, автомеханик А. Жылқыбаев, диспетчерлер Күләш Жылқыбаева, Н. Османова, Раяш Дүралиева, А.Итеманов, Т. Игенбаев, Б. Жапарқұлов, Н.Дүралиев, С. Әлімбеков, Ж. Қойманов, Е.П.Старажук, Т. Старажук, Назаров Б., Ордабаев Б., Потов Н., Дүрәлиев Ж., тағы басқалар. Ұжымда бұл күндері 60-қа жуық адам еді. Ұжымда ынтымақ, бірлік күшті болды. Соның арқасында мекеме талай асулардан асып, талай жетістіктерге жетті. Ауданда бірде-бір іс-шара мәселен, Наурыз мерекесі, Жаңа жыл және ас-жиын, тойларға тағы басқа да қоғамдық жұмыстарға аудандық газ шаруашылығы мекемесінің ұжымы мұрындық болып, белсенділік көрсетіп жүрді.
Аудандағы нағыз өркениет Еркінбек Солтыбаевпен бірге келді. Ерекең күн тәртібіне ауданда бірнеше мәселе етіп табиғи газды тездетіп жүргізуді қолға алды. Ол кездері газ құрылысында жеті объекті жұмыс істейді. Аманжол Дүрәліұлы атқарылып жатқан жұмысты күніне бір аралап шығатын. Табиғи газға дегенде моралдық, материалдық жағдайдың бәрі жасалды. Ол өзі де тынымсыз, өзгеге де тыным бермейтін. Табиғи газға байланысты министрлер, облыс басшылары, ірі мердігерлерді тез табатын әрі тез оларды жинап алатын.
Күнде кеңес, күнде жиын. Еркінбектің салиқалы басшылығының арқасында табиғи газдың құрылысын жүргізуге мына мекемелер атсалысты. Жамбыл облыстық газ шаруашылығы мекемесінің директоры Қ.Шотбақов, «СМУ газмонтаждау» тресінің президенті Ж.Исабеков, «Толқынгаз» ЖШС директоры Нұрлан Рүстемов, «Ұшқын газ» ЖШС директоры Нұрлыбек Дүрәлиев, «Наурызгаз» ЖШС директоры Бұлан Дүрәлиев, «Бұлангаз» ЖШС директоры Жеңіс Дүрәлиевтер.
Бас-аяғы бес жылда аудан орталығы мен іргелес елдімекендердегі 500 үй, 100 мекеме табиғи газ алды, 101 газ кооперативі құрылды. Бұл – нағыз өркениет.
Табиғи газдың құлдырауы
Ауданға жаңа әкім келді, ол – Е.Үсенбаев, газ құрылысы тоқтады. 1998 жылы аудандық газ шаруашылығын реформалау басталды. Аудандағы бір ғана газ саласында жеті бірдей шаруашылық құрылды. «Жуалытрансгаз» мекемесінің бастығы – А.Дүрәліұлы, ауданаралық газ шаруашылығының төрайымы – Н.Қасымбекова, «Жуалыторггаздың» бастығы Б.Исмайлов, «Жаңаталап ХХІ» ЖШС директоры Ж.Тәжіханов, «Бұлан» ЖШС директоры Ж.Дүралиев, «Сұйытылған газ» ЖШС Ж.Исмайлов, «Сырзавод» сұйытылған газ» ЖШС А.Жетпісбаев.
1996-2000 жылға дейін өте қиын жылдар болды. Бұл өтпелі кезең және тоқырау жылдары еді. Бір қап ұн бір қой болған кез болды. Көршілес Шымкент қаласы газсыз, жарықсыз, сусыз төрт жыл отырды. Осы жылдары Жаңатас қаласы жайрап қалды, Кентау халқы Түркістан-Шымкент трассасына шығып, аштық жариялады. Тараз қаласының тұрғындары шойын жолға шығып, пикет құрып, барлық жаққа жүретін пойыздарды тоқтатып, айлық пен пенсия, балалардың жәрдемақы ақшасы жылдап берілмеді.
Тараз қаласы, Меркі, Қордай, Тұрар Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандарының әрқайсысы табиғи газға қарыздары 100 миллион теңгеден асып кетті. Соның салдарынан осы аты аталған елді мекендер газсыз, жарықсыз қалды. Аудан әкімі Ермек Үсенбаевтың тапқырлығының, табандылығы мен қайтпас-қайсарлығының арқасында Жуалыда бір күн газ, не жарық өшкен жоқ.
Ауданның сол кездегі қарызы 10-15 миллион теңгеден асқан жоқ. Жуалыда көгілдір отын жылуының сөнбеуіне ықпал еткен «Жамбылоблгаздың» бас директоры Қ.Қ.Шотпақов болды. Себебі, шаруашылықтардың электр қуатына қарыздары қордаланып қалған еді. Жамбыл облысы әкімі Амалбек Тшановтың бұйрығымен электр энергиясының қарызын РЭС жинаған жоқ, аудандық газ шаруашылығы мекемесінің жұмысшылары жинады. Аудан әкімі Е.Үсенбаев, әкімнің орынбасары Жұмабек Қыстауов, аудандық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы Аманжол Дүрәліұлы қордаланған қарыз үшін баспа-бас айырбас ретінде 50 мың қой, 500 сиыр, 100 жылқы алды. Осының арқасында ауданда тұрақты газ, жарық, су болып тұрды.
– Бірде мынадай оқиға болды. 1998 жылы желтоқсан айы еді. Аудан әкімі Е.Үсенбаев мені шақырып алып, екеуміз Тараз қаласына барамыз, бүгін дүйсенбі, облыста селектор. Облыс әкімі А.Тшанов сені шақырды» дегені. «Не үшін?» деп сұрап едім, «оны барған соң білесің, мен де білмеймін» деді. Шынымды айтсам, қорқып бардым, «жұмыстан кемшілік кетті ме?» деп ойлаумен болдым. Барсақ, барлық аудан әкімдері, мекеме басшылары отырған қатардан орын алдым.
Бірінші Жуалының әкімі Е.Үсенбаевты тұрғызды, «тауда ауа райы қалай?» деп сұрады. Ерекең «тауда қар жауып, қатты боран болып тұр» деді. «Онда газдың, жарықтың қарызын тездетіп жинап, өткіз» деді де «бара бер» дегені сол екен, орынбасары А.Савченко «Амалбек Қозыбақович, Жуалы аудандық газ шаруашылығы мекемесінің бастығы осында» деп еді, «ол қайда?» деп мені іздей бастады. Мен орнымнан тұрдым, ол кісі де тұрды. «Бүгінгі күнге дейін газға қанша қарызсың?» деп сұрады. Мен «бес миллион» деп жауап бердім. «Оны қанша күнде жинайсың?» деді. Мен болсам, «бес күнде жинаймын» дедім. Сонда ол кісі «жолдас әкімдер, осы жігіттен үйреніңдер десем намыс қылар едіңдер, сондықтан да аудандарыңа барған соң райгаздың бастығына айтыңдар. Осы азаматтан қалай газға ақша жинау керек екенін үйренсін» дегені.
Қалада, аудандарда не газ, не жарық жанбайды жаппай өшірілді, ал Жуалыда газ да, жарық та жанып тұр, мына азаматтардың не дегенін есіттіңдер ғой. Ермек, сендер қайта беріңдер деді. Сыртқа шыққаннан соң Ермек Өмірбайұлы менің қысқа да нұсқа жауабыма ризашылығын білдірді. Дана Абай айтқандай: «Ұлықтың арқаға қаққаны, омырауға алқа таққаны». Әкім Тшановтың мақтағаны менің іске деген құлшынысымды арттырды, – деп ризашылықпен еске алады сол жылдарды Әбекең.
Осы жылы ауданға табиғи газ тартудағы тынымсыз еңбегі мен іскерлігі ескеріліп, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы Мырзахан Ахметовтің ұсынысымен және мәслихат депутаттары Аманжол Дүрәліұлына «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» деген атақ берілді.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»