Basty bet

Бағаның шарықтауына жол берілмейді

«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, әлемді шарпыған коронавирустық инфекцияның таралуымен бірге қара алтынның нарықтағы бағасының күрт құлдырауы бюджеттің бүйірін мұнай сатумен толтырып отырған ел экономикасына да, қарапайым халыққа да оңай соғып тұрған жоқ. Осындай ұрымтал сәтте ананы-мынаны сылтауратып, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік бағасын қолдан өсіріп, қалтасын қампайтып қалғысы келетін пысықай саудагерлердің бой көрсететіні жасырын емес.

Алайда, Үкіметтің жақында өткен отырысында елімізде мұндай келсеңіз жағдайға жол берілмейтіні, халықтың бірінші кезекте тұтынатын азық-түлік тауарларына шекті баға белгіленетіні айтылып, тиісті салалардың басшыларына мұны қатаң қадағалау тапсырылған-ды.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракцияның мүшелерінен құрылған топ аудан орталығындағы дәріханалар мен азық-түлік дүкендерін аралап, кәсіпкерлерге бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктер бағасын Үкімет бекіткен шекті бағадан асырмау қажеттігі туралы қатаң ескертілді.
«Береке» дүкенінде орналасқан жеке кәсіпкер Наталья Ершованың дәріханасында сатылымда медициналық бетперде болмай шықты. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің нұсқауына сай дәріханада сатып алушылардың арасында белгілі арақашықтық сақтау мақсатында межелі сызық көрсетілген. Кәсіпкер бұл туралы ауызша да ескертеді. Барлық дәрі-дәрмектер мен препараттардың бағалары жазылған. Кіреберісте үстелде қан қысымын өлшейтін аппарат пен қолды зарарсыздандыратын антисептик құтысы қойылған. Сатушылардың өзі медициналық бетперде тағып, қолдарына резеңке қолғап киген. Дәрі-дәрмектер Тараз қаласынан күнделікті тапсырыспен жеткізілуде. Қажетті ассортимент сақталуда және отандық дәрі-дәрмектер бағасы бірқалыпты. Тек шетелдік препараттардың бағасы қымбаттаған. Тұтынушылардың «бетперде қашан болады?» деген сауалына Н.Ершова оны тігін цехтарынан сатып алуды ұсынатынын жеткізді. Топ жетекшісі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова мен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев кәсіпкерден дәріханада дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірмеуді, тапсырыспен болса да, медициналық бетперде алдыруды, келушілерге қатерлі індеттен сақтану жолдарын түсіндіріп отыруды, төтенше жағдай режимінде бекітілген талаптардың қатаң сақталуын ескертті.
«Қасым фарм» және жеке кәсіпкер Гүлмира Сыздықбаеваның дәріханаларында медициналық бетперде 150-200 теңгенің аралығында саудалануда. «Қасым фарм» дәріханасының сатушысы Жанна Бердешова құны 200 теңгелік 16 қабаттан тұратын көп мәртелік бетперденің қауіпті індеттен сақтайтынына сенімді. Аталған дәріханаларда импорттық препараттардың бағасы 5-10 пайызға артқаны байқалады. Дезинфекция жасайтын құралдар бар, келушілердің пайдалануы үшін қолжетімді. Сатушылар медициналық бетперде тағынған, қолдарына резеңке қолғап киген. Келушілерден медициналық бетперде тағып жүру, арасындағы арақашықтық сақтау талап етілуде.
«Айша», «Жасыл», «Қаратас» және «Нүркен» дүкендерінде мобильдік топ мүшелері нанның, ұнның, өсімдік майының, қарақұмық пен күріштің, жұмыртқаның босатылу бағасын сұрастырғанда, аталған азық-түлік өнімдері бағасының Үкімет бекіткен шекті бағадан жоғары екені анықталды. Мәселен, «Қаратас» және «Нүркен» дүкендерінде жергілікті наубайшылар пісірген формалық нан 80 теңгеден, ал «Хлебный двор» сауда белгісімен Тараз қаласынан жеткізілетін нан 95 теңгеден, ал «Жасыл» дүкенінде 100 теңгеден сатылуда. Ұнның, макаронның, өсімдік майының, қарақұмық пен күріштің сатылу бағасында реттілік жоқ. Топ мүшелері аталған дүкен иелеріне халықтың бірінші кезекте тұтынатын осы азық-түлік өнімдерінің бағасын шекті бағамен сәйкестендіру қажеттігін ескертті.
Топ мүшелері «Қазпочта» АҚ аудандық почта байланысы торабына келгенде мұнда қарақұрым халық жиналып қалыпты. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, далада кезек күтіп тұрған қызмет алушылардың қарасы көп. Мекеме басшысы Бақытжан Устаев дыбыс күшейткішпен жұртты сабырға, тәртіпке шақырып жүр екен. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін полиция қызметкерлері тартылған. Алайда, ашық аспан астында, жауып тұрған қардың астында кезек күтіп, ұзақ тұрып қалған жұрт тәртіпке құлақ асуға онша құлықты болмай, мобильді топ мүшелеріне өз шағымдарын білдіріп жатты. Олар банкоматта қолма-қол теңгенің жоқтығын, почта қызметкерлерінің тым баяу қызмет көрсетіп жатқанын айтты. 180 нөмірлі талон алған Амангелді Сауранбеков деген азаматтың келгеніне 20 минуттай уақыт өтіпті. Ендігі аяғынан су өтіп, мұндай жағдаймен кезегінің қай кезде келетінін білмейтінін айтады.
Мекеме басшысы Бақытжан Устаев банкоматта қолма-қол теңгенің таусылғанын, алайда ХҚКО ғимаратындағы банкоматта қолма-қол ақша бар екенін айтып, сонда баруды ұсынды. Қалыптасқан кезекті азайту және уақытша жылына тұру үшін азаматтарға көршілес «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімшесінің ғимаратынан бөлінген үй-жайға баруды немесе көліктерінде отыра тұруды ұсынды.
Топ мүшелері мекеменің ішіне енгенде қызмет көрсететін алты кассаның бесеуінің қалыпты жұмыс істеп тұрғанына, тұтынушыларға қызмет көрсетуде іркілістің жоқтығына көз жеткізді. Әр тұтынушыға кемінде 2-3 минуттан уақыт жұмсалып жатыр.
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова мен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев мекеме басшысына кезекті реттеу үшін межелі уақыт аралығында қызмет көрсетілетін азаматтарды ғана тізіммен қалдырып, қалғандарына уақытша тарала тұру қажеттігін айтып, ескертуді талап етті.
Айта кетерлігі, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің өкілі топ мүшелерімен бірге жүріп, аудан кітапханашыларының демеушілік көмек ретінде тіккен медициналық бетперделерін бетпердесіз жүрген азаматтарға тегін таратты.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close