Basty bet
Алынған зейнетақы жинақтары қайда және қалай жұмсалады?
Елімізде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе сенімгерлік басқаруға беру үшін мерзімінен бұрын алуға өтінімдерді қабылдау басталды.
Бүгіннің өзінде 38 806 қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланып, өтінім берсе, оның жартысынан астамының өтінімі мақұлданған. Бұған дейін біржолғы зейнетақы төлемін мақсатты пайдалану үшін бір ғана қаржы ұйымы – «Отбасы банкі» оператор болса, азаматтардың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуын жеделдету үшін Halyk Bank те оператор болып белгіленіп отыр.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) Қоғамдық кеңесі клиенттердің Halyk Homebank қосымшасынан бір жолғы зейнетақы төлемін аудару үшін қажетті арнайы шотты онлайн режимде аша алатынын хабарлаған.
Сонымен салымшылар алған зейнетақы жинақтарын қайда және қалай жұмсай алады?
Бір сөзбен, дәл қазір жұрт арасында зейнетақы жинағындағы артық ақшаны жұмсауға қажетті құжаттар мен ақшаны рәсімдеуге қатысты түйіткілді тұстар көп. Мәселен, бұл теңгеге құр жер алып немесе өзіңіз тұрып жатқан пәтеріңізге жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайсыз. Міндетті түрде жылжымайтын мүлікті сатып алуға қаржыңыз жеткілікті болуы керек. Ал жиғаныңызды жақыныңызға аудару үшін онлайн платформа арқылы бірнеше құжатты тапсыруға міндеттісіз..
Зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерден асатын қаражатты тікелей www.enpf-otbasy.kz онлайн-платформасы арқылы жұмсай аласыз. Ақшаны қандай мақсатта пайдалансаңыз да, сізге әуелі электорндық цирфлы қолтаңба қажет болады. Өзіңізге қажетті шартты таңдап, көрсетілген құжаттарды «PDF» пішінінде тапсыруыңыз қажет. Айта кетейік, ипотекалық займға алынған үйлерді бес жыл бойы сатуға шектеу қойылған.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, бес жылдық шектеумен елімізде тек бір жолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке рәсімделген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді өткізуге, яғни сатуға жол берілмейді. Тек қана ипотекалық займға алынған үйлер ғана рәсімделеді.
Ал зейнетақы жинақтарын өзгеге табыстау үшін, алдымен ақшаны аударушы да, қаржыны қабылдаушы да «Отбасы банкінен» арнайы шот ашуы қажет. Өтінішке туу туралы куәлік, ерлі-зайыптыларға неке туралы куәлік немесе басқа туыстықты дәлелдейтін құжаттар қоса тапсырылуы керек. Банк мұны екі жұмыс күн ішінде қарап болғаннан кейін, зейнетақы қоры ақшаныңызды арнайы шотыңызға бес күннен кейін аударады.
«Отбасы банкі» АҚ Басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова барлық тиісті құжаттарды жинау үшін азаматқа 45 күн уақыт берілетінін, егер түрлі себептермен өтініш соңына дейін мақұлданбаса, қаржы зейнетақы қорына қайта аударылатынын айтады. «Бұл мерзімді өткізіп алған жағдайда, азамат өтінішін қайта бере алады. Ал жиғаныңызды өзге екіге адамға бөліп беретін болсаңыз, біріншісімен құжаттарды рәсімдеп біткеннен кейін ғана, екіншісіне аударым жасай аласыз. Ал үйді кепілге қойып алынған несиені бұл қаражатпен жаба алмайсыз» дейді Л.Ибрагимова.
Тағы бір шарт, зейнетақы қорындағы артық қаражатыңызға банк арқылы құр жер телімін сатып ала алмайсыз. Салымшы сол жер учаскесіне міндетті түрде екі жылдың ішінде үй салып бітуі тиіс, әрі жинақ сомасындағы қаражатыңыз соған жеткілікті болуы қажет. Айта кету керек, қосалқы шаруашылық объектісіне құрылыс салуға рұқсат берілген жер телімдерін де рәсімдеуге болады. Сондай-ақ, үй құрылысына деп қарастырылған зейнақы қорындағы жиғаныңызды қара сылақпен тұрған пәтерді қоса сатып алып қана қоймай, оны жөндеуге де жұмсай аласыз. Яғни, бұл зейнетақы қорындағы артық ақшаңызға өзіңіз тұрып жатқан үйді қайта жөндеуден өткізе алмайсыз деген сөз.
Айта кететін тағы бір жайт, операцияның бәрі қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Алдамшы келісім-шарттардың алдын алып, ақшаны амалдап алып шығу жағдайына жол бермеу үшін туысқан адамдардың арасындағы келісім-шарттарға тыйым салынады. Яғни, адам өз бауырларынан, ата-аналарынан үй немесе пәтер сатып ала алмайды. Сонымен бірге, зейнетақының шекті мөлшерінен артық соманы депозитке салып қоюға да рұқсат жоқ. Ол соманы алғашқы жарна ретінде тұрғын үй құрылыс-жинақ жүйесіне қатыспай, бірден керекті соманың 50 пайызы ретінде салып, үй алуға болады. Брақ, ол ақшаны алып, депозит ретінде өсіріп, мемлекеттік сыйақыны алам деуге мүмкіндік жоқ.
Бұл зейнетақы жинақтарын пайдалануды тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға қатысты тұстар болса, оны ел аумағында немесе шетелде медициналық ұйымдарда емделу үшін де пайдалануға болады. Оның да өзіндік шарттары мен талаптары бар.