Basty bet

Балалар Берікқара шатқалында демалуда

Балалардың жазғы демалысты асыға күтетіні белгілі. Шуақты демалыс күндерін әр бала қызықты етіп өткізгісі келетіні айдан анық. Осы орайда жазғы сауықтыру лагерьлері балаларға есіктерін айқара ашып, балғындарға жақсы көңіл күй сыйлау үшін жұмыс істеуде.
Балалардың бос уақытын үйлесімді өткізуді мақсат тұтқан «Берікқара» жанұялық балалар демалыс орталығына аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен таяуда оқушылардың үлкен тобы жазғы лагерьге аттанды.
Аудандық орталық алаңға демалуға асыққан балалар таңертеңнен ата-аналарымен бірге көптеп жиналды. Балалардың көтеріңкі көңіл күйі, шат-шадыман мәз болуы, сыңғырлаған күлкілері мен ата-аналардың балаларын уайымдап, әлдеқалай қобалжуы сезіліп тұрды.
-2018-2019 оқу жылында 40 мектепте 11130 бала білім алды. Биылғы жылы балаларды жазғы сауықтыру лагерімен қамтамасыз ету үшін 19850,0 мың теңге қаржы қарастырылып отыр. Жалпы балалар мен жасөспірімдердің демалысы мен сауықтырылуына 1-10 сынып оқушыларынан 9841 баланы демалдыру жоспарланды. 8250,0 мың теңгеге 2750 оқушыға бір мезгілдік ыстық тамақ берілді.
Жазғы сауықтыру мен демалыс күндеріне 400 баланы лагерьге жіберу жоспарланып, мемлекеттік сатып алу қорытындысында ЖК «Е.Т.Миразов» жеңімпаз атанып, балалар 9-21 шілде аралығында жазғы сауықтыру лагерінде демалады.
Міне, бүгін 400 оқушыны Билікөл ауылдық округінде орналасқан «Берікқара» жанұялық балалар демалыс орталығына жазғы лагерьге шығарып салып жатырмыз. Олардың қатарында көпбалалы, аз қамтылған, асыраушысынан айырылған отбасылардың және қамқоршылықтағы балалармен қатар, оқу озаттары да бар,- дейді аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Зейнеп Дәуренова.
Балаларды лагерьге шығарып салар алдындағы әсерлерін білу мақсатында оқушылармен және ата-аналармен әңгімелескен едік.
-Мен Қызыларық ауылындағы №17 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 7 сыныбын аяқтадым. Жазғы демалыс басталғалы бері «күндеріміз қалай өтер екен?!» деп ойлағанбыз. Ата-анам «лагерьге демалуға барасың» дегеннен бастап, бұл күнді асыға күттім. Себебі, мұндай демалыс кешеніне демалуға алғаш рет баруым. Демалыс орталығында күндеріміз қызықты өтеді деп ойлаймын. Бүгін балалармен жиналып, жолға шыққалы жатқанымызға өте қуаныштымын. Лагерьде түрлі іс-шаралар өтіп, көп достар табатыныма сенемін. Біздің жазғы демалысымызды жүйелі өткізуді ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс айтамын,- дейді Алина Сыдығали.
Ал, ата-аналардың бірі Гүлжан Орынбаева: «Балам 10 жаста. Бүгін баламның үйден алысқа алғаш рет шығуы. Көз алдымда жүрмегендіктен қатты уайымдап тұрмын. Демалыс кешенінде балалардың уақыты жақсы өтеді деген сенімдемін. Себебі, былтыр жылы осы лагерьге інімнің балалары барып, жақсы әсермен оралған болатын. Балам да сондай жақсы әсерде болып, онда өз қызығушылығын табады деп ойлаймын»,- дейді.
Аудандық орталық алаңға автобустар қаз-қатар тұрғызылып, «Берікқара» демалыс кешенінің тәлімгерлері мен тәрбиешілері сыртқа шығып, ата-аналармен тілдесіп жатты.
Тәрбиеші Сәуле Ахаеваның айтуынша, ата-аналардың балаларын уайымдауға еш негіз жоқ. Орталықта балалардың толыққанды демалуы үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар жасына байланысты топтарға бөлініп, олармен тәрбиеші мен тәлімгер жұмыс жасайды. Бір бөлмеде жеті баладан орналасады. Ең бастысы – кешенде балалар бес мезгіл тамақпен қамтылады. Күнделікті бассейнге шомылу уақыты да белгіленген. Аптаның әр сенбі және жексенбі күндері ата-аналар балалармен кездесу күні болып белгіленген.
«Жол мұраты – жету» демекші, автобустарға оқушылар түгелдей отырғызылып, лагерьге аттанды. Сапарға аттанған балғын балалардың демалыс күндері қызықты сәттерге толы болатынына біз де сенім білдірдік.

Айгүл Қалымханқызы.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close