Basty bet
Біздің күшіміз – бірлік пен татулықта
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласынан исі Алаш баласы қастер тұтар аяулы Азаттықтан, тәу етер қасиетті кие – Тәуелсіздіктің асқақ бейнесі айрықша көрінді. Мерейлі мемлекетіміздің бұл ілгері қадамға қалай жеткені көз алдымызда. Дегенмен, отыз жылдың оңай уақыт емес екені айтпаса да түсінікті. Оны беделді саясаткер, зияткер тұлға ретінде Мемлекет басшысы бізден гөрі көбірек сезінеді. Азаттықты алудан гөрі қорғап қалу қашан да қиын.
«Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында қоғамды мазалап жүрген жер мәселесі бойынша тағы бір нақты жауап берілді. Ел Президенті Қ.Тоқаев егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді.
Ата-бабамыз аңсап өткен Тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Бұл жәй ғана бірнеше әріптерден құралған сөз емес, ол жүректі тебірентіп, көңілдерден орын тапқан қасиетті, қастерлі ұғым. Ол аспаннан түскен дүние емес. Тәуелсіздік киелі, сондықтан оны сақтай аламасақ, ұрпаққа жеткізе алмасақ бізге сын. Ел тәуелсіздігінің мығым болуы үшін біздің бірлігіміз бекем, татулығымыз берік болуы керек.
Құлазып, құлдырайтын кез бұл емес. Том-том тарихымыз бар, бай, құнарлы тіліміз тірі, шегенделген шекарамыз байтақ. Бұл – Тәңірдің бізге берген басты сыйы, Тәуелсіздіктің жемісі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өз мақаласында «Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» деп «Бағдар мен белес» атты бөлімінде тәуелсіз еліміздің 30 жыл ішіндегі жүріп өткен сара жолына тоқталды. Бағындырған белесіміз аз болмапты. Әлі талай алдымызға нақты бағдар қойып, биік белестерді егемендігіміздің арқасында еңсереміз деген сенімдемін.
Мақаланы оқи отырып, «Таным мен тағылым» бөліміндегі айтылған орамды ойларға қатты қуандым. Бұл бөлімде тарихты түгендеп, келер ұрпаққа қалдырар «Мәдени мұраға» басымдық берілген. Президент азаттықтың ақ таңы оңай келмегенін айта келе, осы құндылықты бағалай білу үшін құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Біз білетін ғана тарихи туындылармен шектелмей, ауқымды фильмдерге арқау болатын шежіреміздегі маңызды белестер мен оқиғаларға мән беру қажеттігін тапсырды. Бұл – құптарлық дүние. Ертеңгі болашақ түп-тамырын, том-том тарихын білуі керек. Біздің кең-байтақ жеріміздің қадірін, егемендік жолындағы тарихи оқиғалар мен еліміздің шыққан белестері бедерленуі, жазылуы, ұрпақ санасында жатталуы тиіс.
Мақалада Президент «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес» деген ойы менің ойымды да дөп басты.
Қазақстан барлық салада үлкен жетістіктерге жетті. Экономикасы, мәдени мұрасы да. Өшкеніміз жаңғырды. Біз бәрін жақсы білгенімізбен қазақ тілін ұмытпауымыз керек. Қазақ тілінде сөйлеп, жазу керекпіз. Біз қазақ болған осы тіліміздің дәрежесін жоғарылату бізге ғана керек. Ел еңсесін тіктеген Тәуелсіздігіміздің 30 жылында ұлттық құндылықтарымыз, ұлттық санамыз жаңғырды. Ендеше, осы құндылықты қазақстандықтар нағыз патриоттықпен әспеттеп, Тәуелсіздік бәрінен қымбат екенін жадында сақтайтыны сөзсіз. Өйткені, біздің жетістігіміз, байлығымыз – Тәуелсіздігіміз.
Әсемхан Сыдықова,
ардагер ұстаз.
Көлбастау ауылы