Жақында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен қызметтің әртүрлі саласында жоғары нәтижеге қол жеткізген замандастар, халық арасында табыстылық идеясын ілгерілету мақсатында қолға алынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасының бірінші кезеңінің жеңімпазы, ауданның белді азаматтарының бірі, «Бурный сүт компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Әбдібек Пошқаев зауыт қабырғасында №16 Жуалы колледжінің білімгерлерімен кездесті.
Шараның мақсаты – жастарды еңбекке, ұқыптылыққа, тиянақтылыққа тәрбиелеу, еңбек нәтижесінде биік белестерді бағындырған үлгілі тұлғалардың жұмыстарымен, жеткен жетістіктерімен бөлісуге, онымен танысуға шақыру.
Сонымен қатар, кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов және осы орталықтың дін істері және ақпараттық талдау бөлімінің маманы Жанболат Мұсақұл қатысты.
Шараны «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов ашып, сөз кезегін Әбдібек Пошқаевқа берді.
-Елімізде Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасы жүзеге асырылған болатын. Бұл жобаға мен өз-өзімді ұсынбадым. Еңбегімді бағалап, ескеріп жобаға қатыстырды. Аталған жобаның жеңімпазы болуыма тұрғындардың көп септігі тиді. Осы ауылдың тумасы ретінде мені таңдағанына алғысымды білдіремін. Ал, өндірістегі жұмысыма келетін болсам, қазіргі таңда мұнда 106 адам жұмыс істейді. Сүт өнімдері көбінесе Ресей мемлекетінде және өз елімізде саудаға салынуда. Зауыттағы сүт өнімдерін шығаратын құрылғылардың барлығы дерлік жаңартылған. Сапалы өнім шығаруға жағдай жасалған. Бұл жетістікке оңайшылықпен жеткен жоқпыз. Кезінде өндірістің туралап қалған кездері де болды. Осы кезеңдерде тұрғындар бізге түсіністікпен қарай білді. Бізге сенді. Міне, сол сенімнің үдесінен шығу мақсатында аянбай еңбек етіп, аяқтан тұрдық, – дейді жоба жеңімпазы.
Білімгерлермен келелі кездесуде Әбдібек Үйкекбайұлы жастарға кәсіпкерліктің қыр-сырымен бөлісіп, ағалық кеңестерін берді. Сонымен қатар, ол әр азамат өзінің туған жеріне қалтқысыз қызмет ету керек екенін баса айтты.
Келесі кезекте сөз алған «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Алмас Жолдасов «Мемлекет басшысының Жолдауында тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі кәсіпкерлік екендігін жеткізді. Кәсіпкер жастардың үлесін, жұмыс көрсеткіштерін, сапалығын арттыру мақсатында кәсіпкер жастарды қолдау керектігін және бұл бағытта түрлі шаралар жасалатындығын айтып кетті. Шағын және орта бизнес ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты нығайтады. Ендеше бір істің болса да көзін тауып, ауданның дамуына, жұмыссыз жастардың санын азайтуда жағдай жасап отырған кәсіпкерлерге алғысымыздың шексіз екендігін жеткіземіз. Алдағы уақытта әртүрлі халық сұранысына қажетті кәсіпорындар мен зауыттар қаланса, ондағы жастар тұрақты жұмыспен қамтылатын еді» деп жиынды түйіндеді.
Кездесуден соң білімгерлер «Бурный сүт компаниясы» зауытына топсаяхат жасады. Топсаяхатты бастаған жоба жеңімпазы Әбдібек Үйкекбайұлы жастарды зауыттың жұмыс барысымен таныстырды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»