El іshі
5000 түп ағаш отырғызылды
Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөз бар. Асыл дінімізде де тал егу, жеміс ағаштарын отырғызу сауапты амал саналады. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба қойған жоқ. Ағаш ауаны тазартқанмен қатар оны реттеп, шудың азаюына ерекше пайдасын тигізеді. Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтап тұрған да ағаш екен. Ыстықты, аязды басып, ылғалдықты сақтап, жаңбырдың уақытында және табиғи тәртіппен жаууын реттейді, топырақтың құнарлығын сақтайды, дауылдың екпінін азайтады. Жалпы, ағаш адамның күнделікті өмірінде игілікке жарайды. Сол себепті, ағаш отырғызу ұрпаққа мұра қалдырғанмен пара-пар.
Осындай сауапты істі жүзеге асыру, ауылдық жерлерді көркейту, жасыл желекке айналдыру ісі Ақтөбе ауылдық округінде жүйелі қолға алынған. Округтің орталығы Бәйтерек ауылына кірберістен бастап жайқалған жасыл желек, айналаның тазалығы бірден көзге түседі. Мұнда өткен жылы ауылды көріктендіру, көгеріштендіру мақсатында «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 600 түп қылқанжапырақты ағаш отырғызылған болатын. Бүгінде ағаштарға жергілікті атқарушы органның ұйытқы болуымен күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде.
Ал, биыл Бәйтерек ауылында ауылды көріктендіру мақсатында тұқымбақ ашылып, онда 5000 түп ағаш отырғызылды. Ағашты күтіп-баптап, ол жерсініп, өскен соң, ауыл көшелерінің бойына 10 түптен отырғызу жоспарлануда. Ағаш отырғызуға ауылдың жанашыр азаматы Жарылқасын Тәжіханов үй іргесіндегі жерін пайдалануға берген.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, туған жерінің гүлденуіне, көркеюіне азаматтық үлесін қосып отырған Жарылқасын аға 4000 түп қылқанжапырақты ағашты өз қаражатынан алып келген. Ал, қалған 1000 түп Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен алынған.
Жалпы Жарылқасын ағаның ауласының айналасы тап-таза. Қылқанжапырақты ағаштардың адам денсаулығына пайдасын білген Жарылқасын аға оны ауласына көптеп отырғызған. Жайқалған ағаштар үйдің айналасына ерекше көрік беріп тұр тұр.
-Үй іргесіндегі 50 соттық жерге өткен жылдары 200-300 түптей жеміс ағаштарын отырғызған болатынбыз. Ал, биыл осы жерден ауылды көріктендіру мақсатында тұқымбақ ашылды. Онда ауылдық округ әкімі аппаратының мамандарымен бірге ағаш отырғызылды. Ағаштың көшеттері Сарығаш ауданынан әкелінді. Ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын ауылдық округ әкімінің аппараты өз міндетіне алды. Алла қаласа, ағаштар өніп-өскен соң, ол ауыл көшелерінің бойына отырғызылатын болады.
Әкемнің қыстың сызы кетіп, көктемнің жайма-шуақ күндері келгенде тал-дарақтар егіп, оны өсіруді жаны сүйеді. “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деген жақсы сөз бар емес пе?! Міне, әкеміз осы ұстанымды ұстанады. Ауылға деген жанашырлығы бір бөлек.
Барша ауыл азаматтарымен, ауылдық округ әкімі мамандарымен бірлескен жоспарымыз іске асса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ұлы Бауыржан.
Жерге шаншылған әрбір талдың күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климатты қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Бәйтеректік азаматтардың бұл бастамасы жүзеге асып, ауылдың көркеюіне септігін тигізеді деп сенім білдіреміз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»