El іshі

Өз өмірің – өз қолыңда!

Әр қоғамның өзiнiң «бас ауыртар» өзекті мәселелерi болатыны белгілі. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсаңыз, осындай ем қонбайтын кесел мен дерттердi адамдардың өзi ойлап табады. Мысалы, әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауру» Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Оны уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған әртүрлі себептер де жоқ емес. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға деген қолжетімділіктің болуы. Бұған дәлелді күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жайлы ақпарттардан анық көруге болады. Есірткі заттарын қолданатындардың басым көпшілігіне мектеп жасындағы балалар жатады. Өйткені, жасөспірімдер әр нәрсеге еліктегіш келеді. Олар алғашқыда «есірткіні бір рет қолдансам ештеңе ете қоймас» деген оймен қалай нашақор болғанын өздері де білмей қалады.
Ал есірткінің «қармағына» бір іліккен адам одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп, өзінің денсаулығы мен өмірін құртып қана қоймай, жақындарының және айналасындағы адамдардың өміріне де қауіп төндіреді
Нашақорлық дегеніміз – есірткі заттарына паталогиялық құмарлық. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашаққа орасан зор қауіп төндіретін аса қауіпті індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады. Алайда, ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар бар. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады, өзінің адамгергішілік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және айналасындағы адамдармен қоса, өз өміріне де зиян келтіреді.
Есірткі заттарын тұтыну психикалық және тәндік тәуелділікке, адам тұлғасының кейде азғындалуға дейін өзгеруіне, денсаулығының нашарлауына (ауруларға және асқынуларға) әкеліп соғады және адам өміріне қауіп төндіреді. Есірткі тұтынатын жасөспірімдер мен жастар өздерін қоғамға және Заңға қарсы қояды. Олардың болашағы жоқ деп айтуға болады. Нашақорлыққа шалдыққан науқас өмірінің орташа ұзақтығы екі-үш жыл ғана.
Нашақорлық – қоғам дерті. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл мәселеден нарколог мамандар, ата-аналар және әрбір қоғам мүшесі шет қалмауы керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – ол сенің өмірің. Өз өмірің – өз қолыңда. Нашақорлыққа қарсы күрес жүргізу – баршамыздың міндетіміз.
Достар, олай болса адам денсаулығына зиян келтіретін жаман әдеттерден аулақ болайық! Адамның жаман әдеттерден аулақ болуы – ол өзін-өзі тәрбиелей білуі, өз денсаулығын қорғай білуі, адамдық қасиетін жоғалтпауы болып саналады. Тәуелсіз мемлекеттің мықты тірегі – саламатты жас ұрпақ екенін естен шығармайық!
Назерке Мақтабаева,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының» психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close