El іshі
Пітір садақаны Айт намазына дейін беру керек
Алла Тағала ораза ұстаған әрбір пендесінің ниетін қабыл етіп, молынан сауап жазылуын тілейміз. Рамазан айы басталғалы бері көпшілікті Рамазан айы, ораза ұстау, ауызашар, сәресі секілді сан түрлі сұрақтар мазалайды. Әсіресе, пітір садақа туралы тереңірек білгісі келетіндердің қатары көп. Осы ретте, көпшіліктің сауалына Толымбай тегі Зиябек мешітінің имамы, ауданның бас имамы Асхат Ақмамбетов жауап берген еді.
-Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймыз. Жалпы пітір садаққа мұқтаж адамдардың кәдесіне жарайтын садақа. Ораза кезінде пақыр кедейлерге ас ішсін, пайдасы тисін деген мақсатта берілетін пітір садақа. Садақа Құран Кәрімде сегіз түрлі адамға беріледі деп айтылған. Соның ішінде міскіндер, пақыр кедейлер, жолда қалған жолаушылар, жаңадан дінге келгендердің жүрегін ысындыру мақсатында, Алла жолындағыларға, қарызға белшесінен батқан жандарға беруге болады.
Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Дінде нисаб деген нәрсе бар. Яғни, нисаб мөлшері 85 грамм алтынды құрайды. Осы мөлшерде дүниесі бар адам пітір садақа беруге уәжіп болады. Өзі мұқтаж болған адамдарға бұны беру міндет емес. Дегенмен де менің нисаб мөлшеріне жетпейтін дүнием болмасада беремін деп ниеттенсе, беруіне болады, бірақ міндет емес. Ал, бай-қуатты, нисаб мөлшеріне иелік еткен адамдарға беру уәжіп.
Мұсылманшылықта пітір садақаны беру Ораза айында болады. Пітір садақа жан басына беріледі деп есептеледі. Не үшін Ораза айында пітір садақа беріледі? Өйткені, Ораза ұстаушының Рамазан айында тілмен айтып қойған оғаш сөздері, қимылымен, іс-әрекетімен көрсетіп қойған әбес кемшіліктері болса, соны толықтыру мақсатында береді. Мәселен, намаз оқыған адам намазда қателесетін болса, сәху сәждесін жасап, намазын толықтырады. Сол сияқты Рамазанда жіберген ораза ұстаушы қателіктерін, кемшіліктерін толтыру үшін осы пітір садақаны береді, – дейді ауданның бас иамамы.
Асхат Аманжолұлының айтуынша, пітір садақа Мұхаммед Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзімен бекітілген. Ораза парыз етілгеннен кейін, пітір садақасы да мұсылмандарға міндет болып жүктелген. «Пітір садақа беріңдер. Пітір садақа сендердің Оразадағы кем-кетіктеріңді толықтырады және мұқтаждардың ішетін асы болады» дейді. Жалпы әркім пітір садақаны қалай берсе де, өзі біледі екен. Яғни, мұқтаж жандарға садақаны жеке адам өзі жекелей апарып беруіне, болмаса топтасып, мұқтаж адамдардың бар екенін біліп жатса, өзара жиналу арқылы беруге болады.
-Пітір садақаны халық болып мешітке әкеліп тапсыру әдеттелген. Ал, мешіттегі жиналған садақалар тізімдегі мұқтаж адамдарға болмаса, мемлекеттік мекемелерден алынған тізімдегі жандарға салыстырмалы түрде жағдайы ескеріліп беріледі. Пітір садақа тек ақшалай ғана емес, сонымен қатар, азық-түліктей үлестіріледі.
“Көп түкірсе – көл” демекші, көпшілік бір ортаға жинап, мұқтаж жанға көмек көрсетсе, қажет адамға пітір садақа берілсе, игі іс болып есептеледі. Сонымен қатар, Тәубе сүресінің аяттарында пітір Алла жолындағыларға да беріледі делінген. Мешіт Алла жолындағы қызмет ететін рухани орын. Яғни, Алла жолындағыларға мешіттер мен медреселер кіреді. Сол себепті, көпшілік мешітпен қоса, медресеге де пітір садақа бере алады, – деп атап өтті А.Аманжолұлы.
Ауданның бас имамының сөзінше, пітір садақа дінде төрт нәрседен беріледі. Ол бидай, арпа, құрма, мейізден. Осы төрт нәрседен пітірдің көлемі есептеліп, орта есебі шығарылады. Біздің елімізде пітір бидаймен есептелген. Яғни, биылғы Ораза айындағы пітір садақа 500 теңге болып бекітілген. Орташа есеппен алғанда екі келі ұнның бағасын есептеп, осы сомаға тоқталған.
-Бекітілген ең төменгі мөлшер болып есептеледі. Ол жан басына белгіленгендіктен ең төменгі мөлшерді беру міндет. Егер белгіленген пітір садақаның мөлшерінен көп беремін десе ол әркімнің еркінде, бірақ мөлшерден аз болмауы керек. Ал, құрсақтағы сәбиге пітір садақа беру міндет емес. Бірақ, құрсақтағы бала дүниеге аман-есен, дені сау болып келсін деп ниеттенген болса, онда беруге болады. Егер нәресте Ораза айында айт намазына дейін дүниеге келсе, оны толықтырып беру міндет.
Пітір садақа – Ораза айында берілетін садақа. Сол себепті, пітір садақа Ораза айында Айт намазына дейін берілуі керек. Рамазан айының алғашқы күндерінде пітір садақаны берудің сауабы мол. Жылда мешітке Айт намазында пітір садақаны берсем бола ма деп келетіндер кездесіп жатады. Сондықтан мұсылман қауымы уақытты өткізіп алмай, пітір садақаны Рамазан айының ішінде бергені абзал. Тағы бір ескертетін жайт, садақа жыл он екі ай берілсе, пітір садақа Ораза айында ғана беріледі.
Садақаны тек ақшалай емес, азық-түліктей, мал, дүние-мүлікпен беруге болады. Болмаса үйінде дастарқан жайып, көпшілікті шақырып, ас беріп жатса, ол да сауапты іс. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы сөз – садақа», деп айтқан. Сол себепті, бір адам ақшалай садақа бере алмаса, дүниемен беретін көмегі болмаса да, шын ниетпен, шын жүректен, көңілмен басқа біреуге жақсы сөз айтып, жылы лебізін білдіріп, сөз жәрдемін беріп жатса да, ол садақа болып есептеледі, – дейді бас имам.
Қасиетті Рамазан айында аудандық орталық мешітте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бекітілген арнайы жоспарлар аясында қайырымдылық шаралары өткізіледі екен. Жоспар аясында алдағы уақытта «Рамазан қоржыны», «Жомарт жұма», «Берекелді Рамазан» секілді игі шаралар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға пітір садақа тарату жоспарлануда.
Сонымен қатар, Рамазан айы басталғалы көпшілік арасында “Имам ақысын беру міндет пе? Оның белгіленген сомасы бар ма? Неліктен имамға ақы беруіміз керек?” деген сұрақтар жиі қойылады. Көпшілікті мазалаған сұрақтың да жауабын біз ауданның бас имамынан сұрап көрдік.
– Мешіт қызметкерін кейбір азаматтар иман дейді. Иман деген – ол сенім, ал имам – ол елдің алдында тұрушы адам. Мешіт мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Демек, имамның (молданың) тұрақты жалақысы жоқ деген сөз. Осыдан келе молда ақысы – ол жеке әр адамның жақсы ниетпен имамға берген біржылдық көмегі болып саналады. Көпшіліктің имамға көрсеткен өзіндік жәрдемі. Ал, бергісі келмейтіндерге, оған зорлық жоқ. Молда ақысын беру міндет емес. Бірақ елде сондай әдет қалыптасқан. Белгілі бір қаражат мөлшері жоқ. Кім шын көңілден қанша берсе де, әркімнің өз еркінде. Мынау пітір садақамыз, ал мынау сізге берген көмегіміз, яғни молда ақысы деп шынайы ниетпен беріп жататын азаматтар бар, – дейді Асхат Ақмамбетов.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”