El іshі
Жоңышқаның итальяндық жаңа тұқымы егілуде
Көктемнің әр күні жылға азық. Көктем мезгілінде шаруалар жерге дән сепсе, жазда сол алқапқа егілген өнімдерін орады. Қашанда баптай білсең, жер жомарт. Бабы келіскен жердің диқан қауымына мол өнім беретіні ежелден белгілі. Біз бүгін Ақсай ауылдық округіндегі іргелі шаруашылықтардың бірі – «Қуанышбек» шаруа қожалығының сан-салалы тірлігі туралы әңгімелесек дейміз.
Қайрат ауылының жоғары жағында орналасқан “Қуанышбек” шаруа қожалығы колхоз, совхоз таратылғаннан кейін 27 гектар жерге ие болды. 2016 жылға дейін ағайын азаматтар өзара бірігіп, 170 гектар жерге егін еккен. Уақыт өте әрқайсысы өз алдарына жеке шаруа қожалықтарын құрып, бөлек шығады. Біраз жыл бұрын Қуанышбек Әбзелбеков те «Қуанышбек» шаруа қожалығын құрады. Қазіргі таңда бұл қожалықтың жұмысын ұлы Нұрқанат Қуанышбекұлы басқарады.
– Біз негізінде жоңышқа, арпа, бидай, картоп егумен айналысамыз. Өткен жылы 15 гектар жерге тәжірибе ретінде сүрлемдік жүгері егіп, одан жақсы өнім алдық. Бірақ сүрлемді жылда егіп отыратын өзіміздің техникамыз жоқ. Еккен кезде, жинағанда да қиналдық. Өзіңнің техникаң болса, көп жеңілдік болады.
– Біз биыл округте бірінші рет 23 гектар жерге итальяндық «Жеа» жоңышқасының элиталық сортын егудеміз. Басқа ауылдық округтегі шаруалар жоңышқаның бұл сортын егіп, пайдасын көруде. Тұқымын Алматыдан алдырдық. Жоңышқаның осы сорты туралы екі-үш жыл бұрын естігенбіз. Біздің ауданға Жамбыл облысынан көпжылдық шөптер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін фермерлер келіп, сол кісілер осы көпжылдық жоңышқаның сортының тиімділігі мен пайдасын айтқан еді. Әне, міне, егеміз деп арада екі-үш жыл өтіп кетіпті.
Көпжылдық шөп тұқымының бір қапшығы 90 мың теңге тұрады. Бір қабы 25 келі шығады. 23 гектар жерге 29 қапшық тұқым себілді. Енді он күннен кейін тыңайтқыштарын береміз.
Негізі бұл шөп оңтүстік өңірде төрт-бес рет орылады екен. Біздің жақ таулы өңір болған соң үш рет орылады. Осы сәуір айының ортасы, мамыр айының бас жақтары жауынды болады деп болжануда. Егер жауын болмаса тамшылатып суару әдісімен суғарамыз,- дейді Нұрқанат Әбзелбеков.
2016 жылы Ақсай ауылдық округінде «Ақсай -2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған бірқатар шаруа қожалық мүше боп кірген еді. Алғашқыда 29 адаммен құрылған бұл кооператив, 2017 жылы 130 адамға көбейді. Нұрқанат Қуанышбекұлы осы кооперативтің төрағасы болған.
Қазақстан бойынша «Ақсай -2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі ең үлкен кооператив болып саналды. Алайда қазіргі таңда бұл кооперативке кірген шаруалар өз несиелерін жауып, өз алдарына шаруа қожалық болып бөлініп шығуда. Қазір құрамында жеті адам ғана қалған.
-Егістік жеріміздің жанында бастау бар. Сол бастауды көлшікке айналдырып, қазіргі таңда балық өсірудеміз. Болашақта балық, құс шаруашылығымен, жылыжаймен айналыссақ деген жоспарларымыз бар. Осыдан үш жыл бұрын балық шаруашылығын дамыту мақсатында Теріс өзенінен балықтардың майда шабақтарын алып, көлшікке жіберген едік. Қазіргі таңда сол шабақтар үлкейіп әжептеуір балықтарға айналып отыр.
Көлшіктің биіктігі төрт метр, жалпы шаршы метрі 10-100. Балықтардың қорегі қарапайым заттар.
Ауылдың майда балалары жазды күндері барып, бізден рұқсат сұрап сол жерде балық аулайды,- дейді шаруа қожалық төрағасы.
Нұрқанаттың негізгі мамандығы ақпараттық жүйені компьютерлендіру. Бірақ кішкентайынан әкесінің жанында жүріп, ауыл шаруашылығына бейім болып өседі. Содан болса керек, әкесінің барлық шаруасын өзінің қолына алады.
Сұхбат барысында Нұрқанат алға қойған жоспарымен де бөлісе кетті. – Осындай пилоттық жобалар көп болса, арзан бағада техникалар берілсе дейміз. Қазір біздің ауданда ең күрделі мәселелердің бірі – жайылымдық жер. Ауылда мал ұстағысы келмейтін адам жоқ шығар. Бірақ өзіңнің жерің болмаса, мал ұстағаннан пайда жоқ. Өздеріңіз білесіздер, қазір жем, шөптің бағасы қымбат. Сол үшін жайылымды, егінді жерлерді тиімді пайдаланса, шаруалардың жерлерінің басынан бұрғылау арқылы су құдықтары қазылса. Негізінде біздің ауданға үлкен диірмен, мал азығын дайындау цехтарын ашып, ауданымызда өнімдерді өз пайдамызға өндіру керек.
Аудан тұрғындары ауылда алма бағын өсірумен де айналысады. Сол алмаларды өндейтін зауыттар соғылса, жастарға деген жұмыс көздері ашылатын еді,-деді.
Кәсіп болмай нәсіп болмайтыны бесенеден белгілі. Ауылдарда атакәсіп пен егін шаруашылығы жоғары деңгейде дамитын болса, «қара шаңырақтың» түтінін түтетіп отырған ағайынның да тұрмыс жағдайлары түзелетіні анық.
Қазір көктемнің шуағы молынан төгіліп, Жер Ана да бусанып жатыр. Бұл – қызу жұмыстың, еселі еңбектің басталған сәтін білдіреді. Ауылдағы шаруақор ағайынның еңбегіне сәттілік, табысына береке тілейміз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»