El іshі

Алғыс айту – еліміздің мерейін өсіреді

Құрметті жұлдызы биік жуалылық жерлестер!
Қадірлі ағайын!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен құттықтаймын.
Алғыс айту күнін шын мәнінде қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан жарқын мерекесі деуге толық негіз бар. Өйткені, қасиетті қазақ жерінде шоғырланған 100-ден аса этностар мен ұлт пен ұлыс өкілдерінің әрқайсысы ел өміріне өздерінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде Қазақстан Республикасы біртұтас елге айналып отыр.
Шындығында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен ұлы даланың кең байтағына ауа көшіп, қазақтың кең құшағында жан сақтап, аман қалған өзге ұлттардың ең бірінші кезекте қазақ халқына құрмет көрсетіп, алғыс айтуы заңды құбылыс. Өйткені, зұлмат заманда солақай саясаттың құрбанына айналғандарды ажал аузынан арашалаған да, өзі құрып бара жатса да өзгені қолтығынан демеген де қазақтың мейірімге толы мінезі болатын. Сол мейірімге толы халқымыздың дархан мінезінің шапағаты талай ұлттың өкілдеріне тиді. Бүгінгі күні «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атанып отырған бірегей қоғамдық институттың іргесін де сол жылдары қазақ халқы өз қолымен қалаған болатын. Сол институт бүгінгі күні Қазақстандағы достық пен бірліктің, тұтастықтың да ұйытқысына айналды.
Алғыс айту күні – сонау қиын замандарда Қазақстан жеріне еріксіз жер аударылып, бүгінгі күні татулықтың түтінін түтетіп отырған түрлі этностардың байтақ қазақ жері мен дархан қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Бұл күн – тағдырлары қасиетті қазақ жерінде тоғысқан көпэтносты халықтың ортақ тарихын құрметтеу күні. Осылайша, Қазақстандағы халықтар бір-біріне деген өзара ықыласын білдіру арқылы ізеттілік жасап, береке мен бірлікті, ынтымақты қолдап, бір-біріне өзара көмек көрсетуді игі дәстүр ретінде бекіте түспек.
Айтулы күнді мерекелеудегі басты мақсат та белгілі. 1 наурыз – жалпы көктемнің ең алғашқы күні. Бұл күн сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан ізгіліктің мерекесі, Наурыз мейрамы аталып өтілетін шуақты айдың басы.
Алғыс айту күні – өткен бабаларға, терең тарихымызға құрмет көрсетіп, келешек ұрпақты достық пен бейбітшілік аясындағы дәстүрді жалғастыруға үндейтін күн. Өйткені, біздің бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бәрі бірлік пен ынтымақтың нәтижесінде ғана болды. Бұл дәстүр сақталса ғана Қазақстан әлемдегі ең бейбітшіл, ең досшыл, ең ізгілікті елге айнала беретіні сөзсіз. Біздің ауданда бірнеше этностардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Олардың өз кезегінде ауданның мәдени-рухани және экономикалық дамуына зор үлес қосып отырғанын баса айтуға тиіспіз.
Тәуелсіз Қазақстанның да болашағы ұлттар арасындағы осындай берік сыйластық арқылы баянды болатыны сөзсіз. Мысалы, ауданымыздың ынтымақшыл халқы «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» еңбек етіп келеді. Оның үстіне біз тұратын қасиетті Жуалы ауданы да көп ұлттардың басын қосқан жері мен суы дуалы, топырағы қасиетті өңір. Жуалы жерінде славян, әзірбайжан, шешен, өзбек, тағы басқа ұлттардың өкілдері тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Біз аудандағы өзге ұлттың өкілдерімен бірге жасампаз Қазақстанның жарқын болашағы жолында еңбек етудеміз.
Ынтымақтан, ауызбіршіліктен асқан құндылық жоқ. Осындай жарқын мереке күні бір-бірімізге шын жүректен алғысымызды білдірейік. Алғыс айту – еліміздің мерейін өсіреді.
Олжас Қаржауов,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close