El іshі
Шуағын шашқан, шаттығы асқан шаңырақ
Қашанда қарттарын қазынаға балаған қазақ халқы солардың баталарының арқасында көгеріп-көктеген, өсіп-өркендеген. Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болғалы отырған әулет расында өсіп-өнген, өріс кеңейіткен мерейлі отбасы. Жапырақ жайып, мәуелі баққа айналған осы әулеттің отағасы Бейсеналы Көбеев сонау 1946 жылы Орақ-балғада дүние есігін ашқан. Ал өмірлік серігі, 55 жыл отасқан асыл жары Күләш Көбеева 1952 жылы дүниеге келген.
Алдымен осы әулеттің тірегі Бейсеналы атамыз жайында айтсақ. Ол 1969 жылдан бастап зейнет жасына дейін полиция бөлімінде абыройлы қызмет етті. Тынымсыз еңбек пен табандылықты қажет ететін оның жұмысы бір сәтке болсын тоқтаған емес. Екі-күнінің бірі тапсырмаға толы. Осылайша, зейнет жасына жеткенше бір салада табан аудармастан тер төкті. Биыл шуақты шаңырақ үшін ерекше жыл. Бейсеналы атамыз бен Күләш анамыздың шаңырақ көтеріп, бас қосқанына 55 жыл. Олардың өмірі өзі естен кетпес естелік, ұрпақтары үшін айтып жүрер әңгіме.
Ұзақ жылдық еңбегі ескерілген кейіпкеріміздің алған марапаттары мен жеткен жетістіктері де жетерлік.
Бейсеналы атайдың 55 жыл отасқан өмірлік серігі Күләш апай Төңкөріс ауылының тумасы, еңбектің бел ортасында болған жан. Ұзақ жыл Ш.Үлеков атындағы фабрикада тігінші болған. Одан соң «Балалар әлемі» дүкенінде ол кездері универмак болып аталатын дүкенде жұмыс істеп, бейнетінің мен зейнетін көрген жөн. Көрген қызықтары мен көкейге түйген құнды дүниелері бір кітапқа жүк болатын осы бір қарт қазыналардың қатар отырып, қуанышқа кенелуінің өзі Алланың сол әулетке есепсіз берген ризық-несібесі шығар.
Ұрпақ өсіріп, өнегелі әулетке айналған осы бір мерейлі отбасынан қонақ арылған емес. Еске түсер елеулі күндерді былай қойғанда жай күндердің өзінде босағасынан қонақ арылмайтын құтты шаңырақтың қазіргі тату тірлігі көптеген жас отбасыға үлгі болатындай.
Бейсеналы ата мен Күләш апа үш ұлды өмірге әкелген. Ұлдары бүгінде әр салада абыройлы еңбек етуде. Ұлдың үлкені Жүнісбек Тараз қаласына қатынап такси жүргізушісі болса, жары Сәбира №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал, екінші ұлы Талғат дүниеден ерте озған. Оның жары Фарида екі баласымен қазіргі уақытта қара шаңырақта ата-енесімен бірге тұрады. Өмірін білім саласына арнаған ол №13.А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте бастауыш сыныбының мұғалімі. Кіші ұлы Самат болса жеке кәсіпкерлікпен айналысады, келіншегі Сәуле есепші, бүгінде олар Алматы қаласында тұрады.
Міне, осылайша еңбекке бас иген Бейсеналының ұрпақтары да бүгінде өсіп-өніп, жапырақ жайған бір-бір әулетке айналып отыр. Ата-ана үшін балаларының осындай өмір жолын көріп, одан қуаныш табуынан өзге бақыт жоқ шығар, сірә. Бүгінде Көбеевтер әулетінің асыл қазыналарына айналған Бейсеналы ата мен Күләш апа балаларынан тоғыз немере, бес шөбере сүйіп отыр.
-Әр отбасының өмірлік ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшелігі әртүрлі. Бірі балаға қаталдық танытса, бірі мейірімін төгеді. Дегенмен ата-ана бауыр еті баласының жаман адам болғанын қаламайды. Мейлі қаталдық танытсын, мейлі шексіз сүйіспеншілікте тәрбиелесін, біздің қалауымыз бір, ол – баламыздың адам болуы. Ол үшін баланы жастайынан тәрбиелеп, өмірдің қилы кезеңдеріне төтеп бере алатындай тұлға қалыптастыру қажет. Біздің отбасымыздың ұстанымы – еңбек ету. «Еңбек бәрін де жеңбек» деген. Шүкір, соның еңбегі мен нәтижесін көріп, қолымдағы немерелерім мақтанышыма айналуда – дейді Күләш апай.
Ұлттық құндылықты құрметтеу, сақтау, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – аға буын өкілдерінің еншісінде. Әр жанұяда қазақтың салт-дәстүрі ұлықталса, жөн-жоралғысы жасалса, оны көріп өскен ұрпақ міндетті түрде бойына сіңіреді. Сондықтан біз барынша ата-бабадан қалған ұлттық құндылығымызды ұрпағымызға көрсетуге тырысамыз.
Иә, жарты ғасырдың куәгеріне айналған қос қазынаның бүгінгі өмірі осылай. Олар өзгелер үшін де тұнып тұрған тарих, шежіре толы көмбе. Осынау мерейлі отбасының мерейін тасытқан еселі еңбек пен қайырлы ұрпақ десек жарасатындай.