El іshі
Көне түркі жәдігері көрмеден орын алды
Өткен тарихымыздан ертедегі түркілер дәуірі V ғасырда басталып солтүстік Моңғолия жерінен Шығыс Еуропаға дейінгі аймақтарда қоныстанғаны белгілі. Орта Азия жеріндегі «Түркілер» этнонимі алғаш рет 572 жылы Қытай жылнамасы арқылы белгілі болған. V ғасырдың ортасында түркілер Жетісу, Орталық Қазақстан жерлерінде билік еткен. Атақты Қытай жібегінің алым-салық түрлерінің бірі болғандықтан Түркілер Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігін бақылап отырған.
Бұл уақытқа дейін түркілердің қорымдары мен обалары, петрогливтері Қаратау, Шу, Іле тауларының шатқалдары мен етектерінде кездесті. Жуалы аймағындағы бұндай тарихи жәдігерлер Сайасу, Сұлусай шатқалдарының маңындағы Қаратау жотасының солтүстік беткейінен табылған.
Түркілердің монументалді өнер туындылары ретінде тас мүсіндерді, балбалтастарды ерекше атауға болады. Олардың қолындағы ыдыста мүсіннің мәңгілік қуаты жатқандығы бейнеленген. Мұндай тас мүсіндер Жібек жолы өткен Қырғыз Алатауының сілемдерінде, Меркі асуының қыраттарында оба үйінділерінің жанына қойылып отырған. Осындай тас мүсін бұрын Көсегеннің көк жоны аталатын Жібек жолының Шаянға өтетін ескі торабына жақын Құрама деген жердегі егіс алқабынан да табылған болатын.
Жуырда Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі осындай бір жәдігермен толықты. Оны музейге Көлтоған ауылындағы №8 С.Бәйтіков атындағы орта мектептің ұжымы өткізді.
Тарих пәнінің мұғалімі Құндыз Имашбайқызының айтуынша, балбалтасты мектепке 2001 жылғы түлектер өткізіпті. Олар Балбалтасты Ертай ауылының шығыс жағындағы беткейден тауып алған. Балбалтас стилистикасы жағынан бұрынғы музейдегі жәдігерге ұқсас болғанымен өзіндік өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, оның мойнында моншақ, ұшында қошқар мүйізді тұмар этнографиялық дәлдікпен орындалған. Ыдыс ұстаған қолдың саусақтары әсем мәнермен бейнеленген, соған қарап тас мүсінде әйел адамның бейнелгендігін аңғару қиын емес. Сонымен қатар, мектеп ұжымы музейге балбалтасқа қосымша орта ғасырлық қыш құмыра табыс етті.
Бұл – аудандық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің жақында өткізген жоспарлы тарихи-этнографиялық экспедициясының бір табысы ғана. Келешекте мұндай тарихи экспедиция өлкеміздің басқа да аймақтарында жалғасын таппақ.
Дәулетжан Байдалиев,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері.
ҚР Үздік өлкетанушысы