El іshі

«Ауылдан адам көшкенмен…»

қасиетті Қызтоған ауылына жаңа стелла қойылды

Талай танымал тұлғалардың кіндігін кесіп, томағасын сыпырған Қошқарата ауылы аудандағы топырағы қасиетті, іргесі берік, қазақи салт-дәстүрлер берік сақталған іргелі елдімекендердің бірі саналады. Осынау қасиетті ауылдан түлеп ұшып, құз-қияға қанат қаққан тұлғалы азаматтарды санамалай берсек, бұл тізімнің біразға барары анық. Бір анығы, олардың ел дамуына еңбек етіп, жұрт қызметінде болуы көңілге үлкен медет.

«Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың». Бұл – еш өзгермейтін ақиқат. Тұлғаларды тудырып, туған жерге туын тігетін елжанды азаматтарға алтын бесік болған Қошқарата ауылының еңбексүйгіш тұрғындары қазіргі таңда қасиетті өңірдің береке-бірлігін арттырып, қамбаны қызыл дәнге, қойнауы құтты өрісті төрт түлік малға толтырып, ел ырысын еселеу жолында белсене еңбек ету үстінде. Қалай десек те, малға да, жанға да жайлы өңірде «қойдан қоңыр» берекелі тіршілік кешіп жатқан ағайынның жөні бөлек. Олай дейтініміз, қазақи дәстүр-салт берік сақталып, береке-бірлігі мен қонақжайлығы жарасқан қасиетті өңірге Қыдыр дарып, Бақ қонғаны анық. Алыс ауылдағы ағайынның қолға алған тірлігінің берекелі болуының да сыры осыған байланысты болса керек…
Әлемдік өркениет көші мен жаңа заманның ағымы алыс ауылдың өмірін де айналып өткен жоқ. Қазір Қошқарата ауылындағы ағайын ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенін жаңа заманға сай бейімдеп, шаруашылық ісіне жаңа технологияларды да батыл енгізу үстінде. Ауылдағы жекелеген шаруа қожалықтар жыл санап алға басып, ауыл шаруашылығының жаңа техникаларын сатып алуға қол жеткізе бастады. Салаға жасалған мемлекеттік көмек-қолдау да өз кезегінде шаруалардың еңсесін тіктеуге үлкен серпін беріп отыр. Аса қарқынды болмаса да, ауыл өмірінде түлеу мен елеулі өзгерістер байқалады.
Ел болып, жұрт болып жұмылып жасалып жатқан қайырымдылық шаралары да өз алдына кең өріс алуда. Ағайын мен көрші-қолаңның татулығы осындай ортақ істен көрініс тапса керек. Біздің айтайын дегеніміз, ауыл жұрты болып ақылдасып, демеушілікпен атқарылып жатқан шаруалардың жай-жапсары. Мемлекеттің алыс ауылға деген көмек-қолдауы бір бөлек, ал жекелеген азаматтардың ауылдың дамуы мен гүлденуіне қосып отырған үлестері мен демеушілік істері көңілге қуаныш ұялатады. Мұндай игілікті істерден ауылдан түлеп ұшқан азаматтармен қатар, осындағы №9 Абай атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген түлектер де шама-шарқынша шет қалып жатқан жоқ. Мұның өзі де ауылға үлкен көмек, алыстағы ағайын үшін қуаныш.
Өткен аптада ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылында аталған елдімекеннің атауы өрнектеп жазылған жаңа стелланың салтанатты ашылуы болды. Тұрғындардың осынау қуанышына ауылдан шыққан азаматтар, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, саланың білгір ұйымдастырушылары, ауданның Құрметті азаматы, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов және мемлекеттік қызмет ардагері Бесбай Қансейітұлы арнайы барып ортақтасты. Ауылдық округтің әкімі, игілікті істің ұйымдастырушысы Мейіржан Телеушов және ауыл азаматтары да қуаныштың ортасынан табылып, игі тілек тіледі.
-Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Осында туып-өскен азаматтар қайда қызмет істеп жүрсе де туған жерін ұмытпай, келіп-кетіп, ағайынның амандығын біліп, қолынан келсе, осындағы ағайынға қол ұшын созып, ауылға жақсылық жасауы керек деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел өміріндегі тоқырау кезең мен ел экономикасындағы қаржылық қиындықтар ауылды да айналып өткен жоқ. Сол тұста ауылдың тіршілігі тұралап қалғаны анық. Колхоздар тарап, оның орнына жеке құрылымдар құрыла бастады. Қазір Құдайға шүкір деп айтуымыз керек, жыл санап ауылдағы ағайынның еңсесі тіктеліп, шаруасы шалқып келеді. Бұл – ең біріншіден жанкешті еңбектің арқасы.
Қазақтың барлық қасиеті, түп тамыры мен негізгі өзегі ауылда жатыр. Қазақтың қай тұлғасын, қай азаматын алып қарайтын болсақ та, оның тамыры ауылмен тікелей байланысты. Сондықтан, кез келгеніміз де ауылды ардақтап, ондағы игілікті істерге титтей де болса үлес қосуға тиіспіз. Қошқарата ауылын алсақ, бұл ауыл тоғыз жолдың торабында жатыр. Қошқарата – көршілес Түркістан облысының шығыс қақпасы. Осындағы күре жолмен Түркістан облысының Бәйдібек ауданына және ары қарай басқа да аудандарға, қала берді, киелі Түркістан қаласына да осы жолмен баруға болады.
Сондықтан, Жуалының түкпіріндегі қасиетті ауылды түлету – барлығымызға міндет. Соңымыздан жас ұрпақ желкілдеп өсіп келеді. Оларға дұрыс тәрбие мен айнымас бағыт-бағдар беретін болсақ, жастар ертең өз ауылын сүйіп, оның гүлденуіне атсалысып, игілікті істерге үлес қосатын болады. Қызтоған ауылына қойылған жаңа стелланың ашылуы құтты болсын. Туған ауылын ардақтаған азаматтарға ақ тілегімді білдіріп, аталық ақ батамды беремін. Ауылымыз өркендеп, дами берсін. Ол үшін азаматтардың алтын бесік ауылына деген жанашыр көзқарасы керек-ақ. Мұндай жақсы қасиеттер осынау қасиетті өңірден шыққан кез келген азаматтың бойынан табылады деп сенемін,- деп тілек білдірді ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренұлы.
Иә, сол күнгі жауын мен қатты желмен байланысты болған қолайсыз ауа райына қарамастан, қуанышқа жанашыр азаматтар көптеп жиналып, ауылға кіреберіс биік төбеге қойылған заманауи стелланың лентасын қиып, құтты болсын айтты. Лента қию рәсімін ардагерлер – К.Дәуренов және Б.Қансейітұлы жүргізді.
Айта кету керек, Қызтоған ауылының жаңа стелласын орнатуға бүгінде Астана қаласында жеке кәсіпкерлік ісімен айналысатын ауыл азаматы Жазылбек Қансейітов қаржылай демеушілік жасаған екен. Одан бөлек, биыл көктемнен бастап демеушілік есебінен жекелеген ауыл азаматтары Қызтоған ауылындағы жаңа саябаққа түрлі декоративтік және жеміс ағаштары көшеттерінің отырғызылуына ұйытқы болуда. Ауылға қамқорлық жасау бағытындағы мұндай игілікті істер алдағы жылдары да өз жалғасын таба беретініне сенім мол.
Алыстағы ауыл өмірі мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі туралы аз-кем айта кететін болсақ, былтыр округке қарасты Қызтоған ауылына кешенді блок модуль орнату арқылы тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылған болатын. Осының нәтижесінде, 250 тұрғыны бар және 34 ауладан тұратын Қызтоған ауылы көптен күткен таза ауызсуға қол жеткізді. Одан бөлек, округке қарасты ауылдардың барлығы көгілдір отынның игілігін көруде. Бұл игілікті іске тұрғындар да дән риза.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп ақын жырлағандай, иә, аудан орталығынан шалғайда орналасқан осы бір берекелі шағын елдімекен – Қызтоған ауылынан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы күнге дейін тұрғындардың біразы жан-жаққа көшіп те үлгерді. Бірақ олар кіндік қаны тамып, туып-өскен ауылдарын бір сәтке де ұмытқан емес. Ауылда биік төбенің басында алыстан «менмұндалап» көрінетін жаңа стелла елдімекеннің атауы жазылған жай ғана белгі емес, жырақта жүрген азаматтарға: «Туған ауылды ұмытпаңдар!» дегенді үнсіз ғана меңзеп тұрғандай…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close