El іshі
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға…»
Ұстаз болу – қажырлы еңбекті талап етеді. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?
Әлем өзгергеннен кейін, адам да, өмір сүру дағдысы да өзгерді. Алайда қай ғасырлар бойына өзгермейтін бір кәсіп бар. Ол – ұстаздық. Осы тұста еліміздің әскери қайраткері, ержүрек қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаз ұлық емес, ұлы мамандық» деген нақыл сөзі – еңбектеген баланы, еңкейген қарияны ұстаздықтың қадір қасиетімен сусындатқан.
Оқушылар жеткен қандай да бір жетістік болса, ол ең әуелі ұстазымен бірлесе жасаған жұмысының нәтижесі деуге әбден болады.
Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің ұстаздары шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әр баланың биіктерден көрінуіне ден қойған. Бүгінде мектепте 800-ге жуық оқушы білім алады. Орта мектеп бала саны бойынша аудандағы үлкен білім мекемелерінің бірі болып есептеледі. 2024 жылы мектеп директоры лауазымына Руслан Қисықов тағайындалды. Жұмыс барысындағы әріптестері әрі білікті ұстаздар, директордың оқу және тәрбие ісі-жөніндегі орынбасарлары Ажар Ержанова, Талғат Қартқожаев балаларға саналы тәрбие, сапалы білім беру ісінде аянбай еңбек етіп келеді.
Осы тұста қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Бану Медербаева және тәлімгер Жұпар Базарбаева жылдар бойы қалалық, облыстық, республикалық түрлі олимпиада, жарыстарға шәкірттер дайындап, үнемі жүлделі орындарды қанжығасына байлауы – мектеп мерейін аудан көлемінде тасытып отыр. Оқушыларының білім көкжиегінен көрінуі үшін бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз емес пе?!
Осы орайда ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі Гүлсара Жарылқасынқызының есімін атап өтпеске болмас. Өз ісінің майталманы, ұжымдастарының арасында үлкен құрметке рухани күш-жігерімен, парасат-пайымын пайдалана отырып жеткен ардақты жан. Ұзақ жыл тек қана мектеп директоры лауазымын ғана емес, сонымен қатар ұстаздықты да қатар алып жүрді. Қазіргі таңда еңбегінің жемісін көріп отырған аяулы әже.
Мамандықтың түрі көп. Бірақ әртүрлі маман иесіне таңдаған саласының қыр-сырын үйрететін, қанатын қатайтатын тұлға ол – ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті, беделді азамат, Президент болып кетсеңіз де сізді сол жолға жетелеген, биік шыңға жетуге себепші болған ұстаздың еңбегін ұмытуға әсте болмайды. Ұстаздың еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпатты емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңызды көрсетеді.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп хәкім Абай айтқандай, әрбір істе жетістікке жетсеңіз, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын қаперіңізде сақтаңыз.
«Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға»,- деген өлең жолдары осыны меңзеп тұрғандай. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны деп білеміз.
Салтанат БОЛАТБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
конвергенттік журналистика ББ-ның 1-курс студенті