El іshі

Еңбек майданында ерекше көзге түскен

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы жауынгерлер жауды жеңу үшін соңғы демі қалғанша аямай күрессе, тылдағы еңбек майданы да бір сәтке толастаған жоқ. Ауылдағы ер азаматтар соғысқа аттанып, елде олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі.

Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген тыл және еңбек ардагерінің бірі – Аманқұл Қолаханов болатын. Ол 1934 жылы Талапты ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ардагер бала күнінен соғыстың зардабын көріп, тылда еңбек етеді. Асыр салып ойнаудың орнына, бала Аманқұл өгіз арба айдап, колхоздың жұмысына араласады. Таңның атысы еңбекке араласып, ерте есейеді. Оқу оқуға мүмкіндік болмай, 2 класты ғана бітіреді.
1954 жылы әскер қатарына шақырылып, Ресейдің Красноярск қаласында үш жыл үш ай Отан алдындағы қасиетті борышын өтеп келеді. Әскер қатарында үздік сарбаздың бірі болып, бөлім командирі қызметін абыроймен атқарады. 1957 жылы әскерден елге аман-есен оралып, Ленин колхозының Талапты бөлімшесінде жұмысшы болып жұмысқа орналасады.
Міне, тыл ардагерінің тынымсыз еңбек етуі осы жылдардан басталады. Яғни, алғашында колхозда ол Әкім Теміржанов деген болгар ұлтының өкілі екеуі тана бағады. 1959 жылдан бастап колхоздың асыл тұқымды қошқарын бағып, оның қиындығы мол шопандық өмірі басталады. Оның әр күні адал еңбекпен өтеді. Себебі, ол колхоздың берілген уақ малының күтімін жоспарға сай асыра орындап, өзіне жүктелген міндетті орындай білуі тиіс еді. Ол оны өз деңгейінде орындады да. Өйткені, баққан малының салмағы, жүнінің салмағы жоспардан артығымен орындалып отырды.
Еңбек ардагерінің 1969 жылы тосыннан жауған қалың қарда малынан шығын шығармай, бір отар қойды аман алып шыққаны да оның ептілігі мен жұмыстың көзін таба білуінен болса керек. Бұл кезде оның жанында туған інісі Жаманқұл, келіні Келеке және жұбайы Ұлдаркүл болған еді. Адал еңбегін жоғары бағалап, колхоз басшылығы аға шопанға 1971 жылы алғашқы марапаты «Урал» мотоциклін берді.
Малдың күтімін, малдың жайын бес саусағындай білген еңбекқор азамат Аманқұл Қолахановқа колхоз басшылығы 1972 жылы аналық саулық қойдың отарын сеніп тапсырады. Ол өзіне артылған сенім мен жүктелген міндетті ақтау үшін күндіз-түні тынбай еңбек етеді. Аға шопан осы жылдан бастап әр бесжылдықта 100 аналықтан 150 қозыдан алады. Бұл – шопанның ерен еңбегінің жемісі еді. Төл алудағы мұндай жоғары көрсеткішке ие болған шопанға 1977 жылы шопандар слетінде «Жигули ВАЗ-2101» автокөлігін сыйға тартады. Ал, 1985 жылы 100 аналықтан 150-155 төл алғаны үшін «УАЗ» автокөлігі сыйға берілді.
«Еңбегіне қарай – құрмет» демекші, Аманқұл Қолаханұлының еңбегі бағаланып, мемлекеттік жоғары марапаттарға да ие болды. Мәселен, «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалі, «1978 жылғы Социалистік жарыстың жеңімпазы», Ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін «Алтын» медалі, «Он бірінші бесжылдықтың және он екінші бесжылдықтың озаты» медальдары аға шопанның ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесіне берілген лайықты баға. Сонымен қатар, әр жылдары аға шопан жоспарды артығымен орындағаны және тынымсыз еңбегі үшін Мақтау қағаздарымен, Құрмет дипломдарымен және ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталып отырғаны шопанның еңбегіне көрсетілген құрмет. Сонымен қатар, ол ауданның халық депутаттарының Евгеньевка селолық советінің депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ұлы Жеңістің 60, 65, 70 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапатталып, оған Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай еңбек ардагеріне «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» медалі беріледі.
Колхозда абыройлы еңбек еткен Аманқұл Қолаханұлы құрметті зейнет демалысына 58 жасында шығып, шопанның “ақ таяғын” ұлдарына үлкен сеніммен табыстап кетеді. Десе де шопандық қызметтің қыр-сырын жақсы білген ол ұлдарынан әкелік кеңесін аямай, үнемі қастарынан табылады. Тәуелсіздік алған соң, колхоз тарағанша ұлдарының тірлігіне бас көз болып, әкелік ақыл-кеңесін беріп отырады. Колхоз біржолата тараған соң, «Аманқұл» шаруа қожалығын құрылуына бастамашы болып, қазіргі таңда әке салған сара жолды ұлдары лайықтап жалғастыруда.
Ер азаматтың табысты әрі абыройлы болуы оның жарына да байланысты. Осы ретте, абыройлы азаматтың жанынан әрдайым адал жары Ұлдаркүл Иманалықызы табыла білді. Күндіз-түні жолдасымен бірге өмірдің ыстық-суығына төзіп, қиындықты да бірге еңсерді. Екеуі еңбек майданында бірге шыңдалып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуді де ұмыт қалдырған жоқ. Алайда жары 51 жасында сырқаттанып, өмірден ерте озды. Құдай қосқан қосағынан ерте айырылған ол өмірдің қиыншылығына мойымай, балаларын ел қатарлы аяқтандыра білген нағыз азамат. Басына түскен осындай ауыртпашылықты жалғыз өзі көтеріп, ұл-қыздарына өнегелі тәрбие беріп, қамқор әке бола білді. Ұл-қыздарын адалдыққа тәрбиелеп, әрқайсысын құтты орнына қондырып, әкелік парызын лайықты орындады.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Бүгінде еңбек ардагерінің ұл-қыздары әр салада жемісті еңбек етеді. Ардагер Аманқұл Қолаханұлының ұрпағы өсіп-өніп, қара орманға айналуда. Еңбек ардагерінің ұл-қыздарынан 38 немере, 62 шөбере, бір шөпшек тараған. Осы тұста айта кетерлігі, Аманқұл Қолаханұлы әулетінің мақтанышы, немересі былғары қолғап шебері Әбілхан Бекмұратұлы екенін айта кеткен жөн болар. Есімі қазақ еліне әйгілі Әбілхан еліміздің намысын спорттың бокс түрінен қорғап, Көк Туымызды жеңіс тұғырында желбіретіп жүрген жайы бар.
Ауыл-аймаққа қадірі артқан қазыналы қария Аманқұл Қолаханұлы 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Артында мол мұра ретінде адал еңбегі мен өшпес ізі қалды. «Жақсының аты өлмейді» демекші, адал еңбекпен есейіп, еңбекпен аяққа тұрған азаматтың ұрпағы оның еңбекқорлығын, адами жоғары қасиеттерін үлгілі етеді. Әкенің қалдырған мол мұрасы, әкелік өсиеті, адалдығы мен шыншылдығы ұрпағының мәңгі есінде.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close