El іshі
Азамат ажары
Ш.Мамаджанов ата жолын жалғап, татулыққа үлкен үлес қосып келеді
Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Қай заманда да өмір сүрген дана бабаларымыз ең алдымен ел ішіндегі береке-бірлікті, ынтымақты арттырып, сол арқылы бейбітшілікті сақтап, ел ырысын еселеуге болатынын ұрпағына аманаттап кеткені белгілі. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының алға қарыштап дамуы мен халықтың әл-ауқатының артып келе жатқаны ел ішіндегі ынтымақ пен ауызбіршіліктің салтанат құруымен тікелей сабақтасып жатса керек.
Қазақстанды біртұтас шаңырақ, берекелі де қасиетті Отан деп алып қарайтын болсақ, қасиетті Әулиеата өңіріндегі жері, суы дуалы – Жуалы ауданының халқы да Отанның игілігіне қызмет етумен бірге, халықтың береке-бірлігін арттырып, ел ырысын еселеу жолында аянбай еңбек ету үстінде. Қасиетті өңірді құтты қоныс еткен бірнеше ұлттың өкілі өзара тату тірлік кешіп келе жатқанын жақсы білеміз. Аға буынның ішінде өңірге үлгілі қызметімен және ерен еңбегімен танылған азаматтың бірі – өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Шәкіржан Мамаджанов. Жалпы Мамаджановтар әулетінің Жуалы жерін құтты қоныс еткеніне 110 жылға уақыт болды.
Кеңес Одағы тұсында және Тәуелсіздік жылдарында ауданның дамып, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбексүйгіш азамат Шәкіржан Мамаджановты өңір халқы жақсы таниды десек, артық айтпаймыз. Оның бір себебін айтсақ, Әулеттің үлкені Мамаджан Маткаримов ақсақалдың есімі ауданға белгілі болғанын оның көзін көріп, сыйласқан аға буынның өкілдері жақсы білсе керек. Мамаджан ата әйгілі «Түркістан-Сібір» (Түрксіб) теміржолының Жуалы ауданының аумағын кесіп өтетін бөлігінің құрылысына атсалысып және оған басшылық жасап, бригадир болған кісілердің бірі. Теміржол бөлігінің салынуына жергілікті халықты ұйымдастырған да Мамаджан ақсақал екенін бірі білсе, енді бірі білмес… Шәкіржанның өз әкесі Хаджи Мамаджановтың да негізгі мамандығы теміржолшы. Ол өмірінің елеулі бөлігін теміржол саласына арнаған. Әкелі-балалы азаматтардың екеуі де «Қазақстанның құрметті теміржолшысы» атағына ие.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, шаруа отбасында туып-өскен Шәкіржан Хаджиұлы жастайынан еңбекке жақын болып өсті. Үлкен отбасының отағасы болған Хаджи Мамаджанұлы осындағы «Боранды» теміржол бекетінде, одан кейін «Луговой» бекетінде (екі жыл уақыт) станция бастығы, кейіннен денсаулығына байланысты билет кассасында аға кассир болып істесе, отанасы Мұхлиса апай аудан мекемелерінде әртүрлі жұмыс атқарған. Осындай үлгілі жанұяда тәрбие алған Шәкіржанның да еңбекке бейім болмауы мүмкін емес еді…
-Менің бабам Мамаджан Маткаримовты аудандағы үлкен кісілердің көбісі таныса керек. Бабам 1917 жылы сол тұстағы Әулиеата қаласынан (қазіргі Тараз қаласы) осында қоныс аударған. Бабамның Таразда тұрған көшесі бұрынғы көкбазардың жанындағы «Баумана көшесі» деп аталады.
Бабам жер мен елдің қасиетін жазбай танитын көреген кісі еді. Бабамның жас кезі. Әулиеатаның маңынан Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласына керуенмен мал айдап апарады екен. Сонда керуен Жуалы ауданының тұсынан өтеді. Бабамның мұнда қоныс аударуының бірден бір себебі болған нәрсе, қасиетті өңірдің табиғаты, жұпар ауасы мен топырағының қасиеттілігі. Сонда керуен осы жерден өткенде, бабам Жуалының жері мен суына қатты қызығып, осынау қасиетті мекенге қоныс аударуды ұйғарады. Бабам отбасымен осында көшіп келгенде шамамен 24-25 жастағы жігіт екен. Міне, біздің әулет содан бері қасиетті де киелі мекенді құтты қоныс етіп келеді. Мамаджановтар әулетінің осында тұрғанына 110 жылға жуықтады. Демек, біз бір ғасырдан бері жергілікті қазақ халқымен, осындағы басқа да ұлттың өкілдерімен сыйластық пен береке-бірлікте өмір сүріп келе жатырмыз. Қасиетті Жуалы жерінде туып, осында тұрып, еңбек етіп келе жатқаныма Алла тағалаға мың да бір шүкір деймін. Бұл біздің әулеттің мүшелері үшін, жалпы осында тұратын бауырлас өзбек ұлтының өкілдері үшін де үлкен мақтаныш.
Бір айта кетерлігі, бабам Мамаджан ақсақал ауыл-аймаққа белгілі әрі беделді кісі болған. Теміржол құрылысының басы-қасында болған кісі. Ол кезде қазіргідей техникалар жоқтың қасы. Теміржолшылар кетпен-күрекпен, сүймен және қайламен, одан қала берсе, ат арба, өгіз арбамен жұмыс істеген. Бабамның өзі тұратын және жұмысшыларды жатқызған үйі қазіргі орталық базардың төңірегі. Алғашқыда көшіп келгенде олар киіз үйде тұрса, кейін «землянка» аталатын шағын жер там соғып, сонда көшеді. Үйінің жанында ұзыншақ етіп салынған шағын баспаналар болған. Теміржолшылар сонда тұрып жұмыс істеген.
Бір қызығы, даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз Бауыржан Момышұлы жас кезінде (1930-шы жылдары) аудандық партия комитетінде (Райкомда), басқа да мекемелерде жұмыс істеген тұста бабамның үйінде тұрған. Баукең Мамаджан ақсақалмен жақсы сыйластық қарым-қатынаста болған. Біздің жергілікті қазақтармен сыйластығымыз сонау ертеден басталған. Бауыржан Момышұлының Мамаджан ақсақалмен өзара сыйластығы және оның үйінде тұрғаны жайында 1998 жылы баспадан шыққан «Жері, суы дуалы – Жуалы» кітабында және басқа да кітаптарда дерек жеткілікті,- дейді еңбек ардагері.
Шәкіржан аға кейіннен автобус паркінде жұмыс істеп жүргенде (1981 жылы) аудандық «Достық» мәдениет үйінде Батыр Бауыржан Момышұлымен кездескенін өмірінің естен кетпес сәулелі сәті деп санайтынын айтады кейіпкеріміз. Тағы бір айта кетерлігі, Ш.Мамаджанов зейнетке шыққаннан кейін аудан орталығындағы Б.Момышұлы ескерткішінің маңындағы шырша, арша, басқа да ағаш көшеттерін егіп, жерсіндіруге, бір сөзбен айтқанда, ескерткіш маңын көгертіп, көріктендіруге де өз үлесін қосқанын мақтанышпен айтады.
Шәкіржан Хаджиұлы аудан орталығында бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы орыс мектебін бітіргеннен кейін осындағы автомектепте жүргізуші мамандығында оқиды. 1966 жылы №8 автобазаға жүргізуші болып жұмысқа қабылданған ол келер жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын Түркіменстанның Казанжик қаласында өтеген. Түркімен жерінде әскери борышын өтеген жылдары Қазақстанның тың игерілген солтүстік облыстарында болып, атап айтқанда, Ақмола облысының (бұрынғы Целионоград), Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше астықты ауданында бидай жинауға, одан бөлек, Талдықорған облысының Сарқан ауданында қызылша жинауға «ЗИЛ» әскери жүк көлігімен қатысады.
1969 жылы әскерден келген ол аудандық автобус паркіне («Бурненская» ПАТП») механик болып қабылданады. Онда Жамбыл, Шымкент, Қаратау және Жаңатас қалалары бағытына, одан бөлек, ауданға қарасты ауылдарға автобус жүргізіп, жолаушы тасымалының сапалы атқаруылуына өз үлесін қосады.
-Білімімді көтеру мақсатында Шымкент қаласындағы автотехникумды техник-механик мамандығымен бітіріп, өзім жұмыс істейтін автобус паркінде гараж меңгерушісі, сонымен қатар, партия қатарына қабылданып, мекеменің партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істедім. Иә, ол кезде тәртіпке және жұмыстың сапасына баса мән берілетін. Фотосуретім еңбек озаттарының Құрмет тақтасынан түскен емес. 30 жылдық еңбек өтілімнің тең жартысында механик болып жұмыс істесем, 15 жыл басшылық лауазымда болдым.
Онда «Бурненская» ПАТП аталатын мекемеде 350 адам жұмыс істейтін. Оның 60-сы инженерлік-техникалық персонал болса, 210-ы автобус жүргізушілер. Жолаушы тасымалдайтын автобустар 50-ге жуық бағытқа қатынайтын. Жұмыс процесі бір тынбайды. Бір жағынан қызық. Мекемеде көпшілікпен тіл табысып, ұйымшылдықпен жұмыс атқардық. Кеңес Одағы ыдыраған тұста автобус паркінің де жұмысы тұралап, мекеме банкротқа ұшырады. Автобустар жекеге сатыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, көп қиыншылықтар болды. 1998 жылы аудандық электр желілерін тарату мекемесіне шақыртумен жұмысқа ауысып, онда алғашқыда механик, кейіннен кезекші бөлімде жүргізуші болып жұмыс істеп, 2011 жылы аталған мекемеден зейнет демалысына шықтым,- дейді Шәкіржан аға.
Ата-ананың өнегесі баланың болашақ өміріне үлкен әсер ететіні белгілі. Ерлі-зайыпты Хаджи мен Мұхлиса Мамаджановтар сегіз бала тәрбиелеген ұлағатты отбасы болатын. Шәкіржан бұл отбасының екінші ұлы. Жергілікті қазақтардың ортасында туып-өскен Шәкіржан аға кейде әзілдеп: «Мен де қазақпын» деп қояды. Бұлай деп айтуға оның қазақ тілі мен салт-дәстүрді жетік білетінінің әсері болса керек. Шәкіржанның Құдай қосқан жары, марқұм Рабиға Самұратова да қазақ қызы болған. Екеуі отбасында Фархат, Фахриддин есімді екі ұлды тәрбиелеп, өсірді. Өкініштісі, отанасы өмірден ерте озған. Бұл отбасының үлкен ұлы Фархат та биыл көктемде өмірден ерте озды. Екінші ұлы Алматы қаласында ІТ саласында өнімді еңбек етіп жүр. Кенже ұлы Фахридин мен келіні Жаннаның отбасында Данелия есімді немере желкілдеп өсіп келеді. Бұл да болса қарияның көңіліне медеу, дәтке қуат.
Жуалыдағы Мамаджановтар әулеті жергілікті қазақтармен сыйласып, жақын араласуымен ерекшеленеді. Оны бізбен әңгімелесу барысында Шәкіржан ағаның өзі таратып айтып берді.
– Әлі есімде. Біздің әулеттің бұрынғы үйі аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы қазіргі орталық базар аймағында болатын. Біз осындағы жергілікті қазақ отбасылары – Бейсенбек Сафинов және Мамыралы Күзембаевтың әулетімен көрші тұрдық. Ұлы Отан соғысының ардагері Бейсенбек атаның әйелі Зебі апамыз өзбек ұлтының қызы еді. Бейсенбек атаның әкесі Сопын ақсақалдың да көзін көргенбіз. Бұл отбасы өсіп-өнген, іргелі әулеттердің бірі. Қазір де ұл-қыздары өркен жайып отыр. Міне, қазақ пен өзбек ұлттарының арасындағы достық пен сыйластықтың тамыры тереңде жатыр. Екі халықтың жақын араласуы, тіпті, бір-бірлерінен қыз алысып, қыз берісу арқылы «мың жылдық құдалық» дәстүрімен лайықты жалғасын тапты,- дейді Шәкең ағынан жарылып.
Қасиетті Жуалы жерінде тұратын ұлттар арасындағы татулық пен достықтың, өзара сыйластықтың орнығуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбек ардагері, өз ісінің майталманы, ауданның Құрметті азаматы, Жамбыл облысының және Жуалы ауданының Құрметті ардагері атақтары – Шәкіржан Мамаджановтың жемісті еңбегінің лайықты бағасы деп білген жөн. Шәкіржан Хаджиұлы қазір аудандық және Б.Момышұлы ауылы ардагерлер ұйымының жұмысына белсене араласып, жас ұрпақтың бойына адамгершілік және еңбексүйгіштік сияқты асыл қасиеттерді сіңіруге атсалысып келеді. Бұл да көпті көрген тәжірибелі азаматтың бір қыры болса керек.
Қасиетті өңірдің экономикалық және рухани дамуы жолында талмай еңбек етіп келе жатқан ардагер өз кезегінде «Жамбыл облысы ардагерлер ұйымына-30 жыл», Қазақстан өзбектері қауымдастығының «Достық», т.б. мерекелік медальдарымен марапатталған. Ата-бабалары салған сара жолды өнегелі іспен және адал еңбек салтымен лайықты жалғастырған атпал азаматтың ажары қашанда ашық!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»