El іshі
“Таза болса табиғат, аман болар адамзат!”»
Құдіретіңнен айналайын, Жаратқан Иеміз адамзатқа жер бетінде өсіп-өніп, өмір сүру үшін көптеген нығметтер берген. Оның ең бастысы, табиғат ана. Ол – біздің жарық дүниеге келген күннен бастап, жұтатын ауамыз, ішетін суымыз, қорек ететін тамағымыз, киер киім, біз барлық қажеттілігімізді дәл осы табиғаттан аламыз. Сондықтан табиғат – біздің анамыз. Табиғат – біздің панамыз, ортақ үйіміз.
Қазақта: «Өзің отырған бұтақты өзің кеспе» деген даналық сөз бар. Өзіміз өмір сүріп отырған табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғап, оған ешбір зиян келтірмеуіміз керек. Ал табиғат ананы аяусыз ластап, оған залал келтіретін болсақ, ертең қалай өмір сүрмекпіз?! Осы жағын терең ойланғанымыз жөн. Айналып келгенде, оның залалы өзімізге келіп тиеді. Ауа мен су ластанса, онымен демалған, оны тұтынған адамның ауру болатыны анық. Сондықтан, өзіміз өмір сүріп отырған табиғат пен қоршаған ортаны аялап, қорғау да, оған залал келтіру де өз қолымызда екенін түсінгеніміз абзал.
Бұл ретте өскелең ұрпақ жас буынның бойында табиғатқа деген жанашырлықты оятып, қоршаған ортаға деген экологиялық тәрбиені қалыптастыруымыз маңызды іс болмақ. Ежелден табиғатпен тел өсіп, оның қыр-сыры мен жұмбағына қанығып, онымен етене өмір сүру дағдысын қалыптастырған қазақ халқы үшін экологиялық тәрбие таңсық емес. Өйткені, табиғатпен етене болмаса, дана халқымыз: «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген ұлағат сөздерді ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырмас та еді. Жалпы біз қозғап отырған тақырыптар туралы мысалдарды көркем әдебиеттен де көптеп кездестіреміз. Сондай жарқын мысалдардың бірі даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» деп аталатын өзінің төл кітабында жазып қалдырғаны белгілі. Ендігі кезекте кітапты сөйлетіп көрейікші…
«Жарық дүниеге келгеніме екі-үш ай болғанда, шешем мені күн көзіне шығарып, Имаш атамның алдына әкеліпті. Атам ерте көктем алдында ағаш отырғызып жүр екен.
-Атасының қолын ұзартып, қолғабыс беруге келді, – депті шешем ізетпен иіліп. Атам еміреніп мені алақанына алыпты. Қолыма жас бұтақ ұстатып: «Құрық деп берсем – құл болма, Шыбық деп берсем – шіл болма. Бәрінен де, шырағым, Баяны жоқ ұл болма», – деп келініне мені қайтарып берген екен. Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкем сол күні кешке мал сойып, ауыл ақсақалдарының басын қайта қосыпты»,- деп жазады Батыр Баукең өз шығармасында.
«Ұшқан ұя» кітабындағы осы бір қысқа ғана үзік эпизодта қаншама тәлім-тәрбие жатыр десеңші… Ауыл-аймаққа ес болған Имаш баба немересі сәби Бауыржанға ақ батасын берумен қатар, оны экологиялық тәрбиеге баулып отыр емес пе?! Бұл – біле білгенге үлкен тәрбие көзі.
Иә, бұрын біздің бала кезімізде жыл сайын көктем шыға салысымен ауыл ақсақалдары тал егуге кірісетін. Алма ағаштары мен теректің қураған бұтақтарын бұтап, теректің жас бұтақтарын жерге шаншитын. Біз де әкелерімізге көмектесіп жүретінбіз. Бұл бір жағынан жасыл желекті көбейтіп, табиғатқа жанашырлық болса, екінші жағынан жас ұрпаққа тәрбие. Оны көріп өскен әрбір баланың табиғатқа етене болатыны айдан анық. Экологиялық тәрбиенің ең үлкені осы болса керек?!
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанның барлық өңірлерінде “Kieli tabigat” республикалық жобасы шеңберінде жастардың 17 ғылыми-ағартушылық эко-қозғалыстары құрылғанынан бұқаралық ақпарат құралдарынан хабардармыз. Атап айтқанда, жоба аясында 1000-нан астам жас эко-волонтер ретінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырды. Осы ретте бірқатар жас қазақстандықтар эко-волонтерлік және экологиялық саналы өмір салтын жүргізу бойынша онлайн-оқыту курстарынан өткен болатын.
Иә, бұл ретте бірнеше жыл бұрын елімізде қолға алынған «Жасыл ел» экологиялық бағдарламасының маңызды рөл атқарып келе жатқанын айтуға тиіспіз. «Жасыл ел» – Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа арнаған Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Нұр-Сұлтан қаласында (бұрынғы Астана) «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, еліміздің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталған бағдарлама осы жылдар ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, олардың экологиялық тәрбиесін қалыптастырумен қатар, елімізді жа-сыл желекке айналдыру мақсатында жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды деуге болады. Бұл да біздің жеңісіміз.
Жалпы бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекендердің айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар, жастардың отанға, туған жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жасты осы сауапты да игілікті іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету де маңызды. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. Қаншама студенттер жазғы демалыстағы бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет етіп жүр. Өйткені, экологиялық тәрбие – маңызды өміршең мәселе.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағиданы өскелең ұрпаққа ұғындырып, олардың жазғы демалыстарын босқа өткізбей, бағдарлама аясында жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік туды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді.
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «Бір тал кессең, он тал ек» деп бекер айтылмаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қайсыбір дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көреміз. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экология-ны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу.
Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. Жастар тек қалаларда ғана емес, орманды өрт шалған аумақтарда да жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдары аумағын тазалап, қураған ағаштарды кесіп, жол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде.
«Жасыл ел» бағдарламасының Жуалы ауданында орындалуына келсек, бағдарлама аясында құрылған жасақтар негізінен ауданның тазалығына, тағы басқа жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Жастарды маусымдық еңбекпен қамтуға байланысты 2021 жылы ауданымызда «Жасыл ел» бағдарламасымен 65 жас маусымдық жұмысқа қабылданды. Сәуір айының алғашқы аптасынан бастау алған «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде көктемгі көгеріштендіру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін жасақ мүшелері күш-жігерлерін осы мақсатқа жұмсады.
Атап айтар болсақ, жұмысқа тартылған жастар қоғамдық, мәдени орындарда, саябақтарда тазарту жұмыстарымен қатар, аудан орталығы саналатын Б.Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр, В.Латикант, Н.Тұрысов, Ғ.Мұратбаев көшелері бойындағы сай-салаларды және Жамбыл көшесінің қиылыстарын қоқыстардан тазарту жұмыстары, сонымен қатар, «Мәңгілік ел» аллеясындағы шөптерді орып, тал-дарақтар егу, оларды түптерін қопсытып, суарып, күтіп-баптау, аудан орталығында қоршауларды сырлау жұмыстарымен айналысты. Жалпы осы жұмыстардың нәтижесінде 100 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылып, 22 гектар аумақ тазартылған.
Таза болса табиғат, әманда адамзаттың да аман болатыны анық. Болашақты қалыптастыру үшін өскелең ұрпақтың экологиялық білімі, тәрбие мәселесі маңызды рөлге ие екені белгілі. Қоршаған ортадағы адамның орнын түсінуге, табиғаттағы тіршілік иелеріне деген жанашырлық сезімдерін ояту мен қалыптастыру, жас ұрпақтың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы жан-жақты тәлім-тәрбие беру, табиғатпен таныстыру – балалардың танымын дамытудың басты құралдарының бірі болып қала бермек.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»