El іshі

Бала тәрбиесі – баршаға ортақ

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ іс. Оған көпшілік қоғам болып жұмылу, парасаттылық пен байсалдылық керек. Ақын Абай Құнанбайұлы «Балаға мінез үш түрлі адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан», деген екен. Баланың бойында отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ұстаз, ауыл-аймағының ықпалы зор.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, Отанды сүю, өз туған жерін аялау отбасынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінде шешуші фактор – отбасы.
Бүгін біз бала тәрбиесіне ерекше мән беретін, тәртіп пен ізеттілікті, имандылық пен адалдықты ұстанатын Медеубек Жұмағұловтардың жанұясы туралы әңгімелейтін боламыз.
Шаңырақтың тірегі, отағасы Медеубек Жұмағұлов №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Бұл қызметте жүргеніне биыл 26 жылдай уақыт болады.
Медеубек Жұмағұлов 1962 жылы ауданға қарасты Ақбастау ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1980 жылы Тараз қаласындағы №12 К.Маркс атындағы орта мектепті тамамдаған соң, Қаратау қаласындағы тау-кен құрылыс техникумына оқуға түседі. Осы аралықта Ресейдің Солтүстік теңіз флотында үш жыл әскери борышын өтеген. Әскери борышын өтеп келген соң, оқуын қайта жалғастырады.
Осылайша 1986 жылы қаратаулық Кенжегүл Әбдікерімовамен танысып, шаңырақ көтереді. Кенжегүл Әбдікерімова бүгінде аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда іс жүргізуші болып жұмыс істейді. Сондай-ақ үйде бала тәрбиесіне де жете көңіл бөледі. Жолдасының сөзінше, отанасының мінезі жұмсақ көрінеді.
Медеубек аға жұбайы екеуі қазіргі уақытта бес қыз, бір ұлды тәрбиелеп өсірген. Қыздарын қияға қондырып, сегіз жиен немере сүйіп отыр.
Үлкен қызы Рахат Жұмағұлова 1987 жылы дүниеге келген. Ол №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі, ал екінші қыздары Әсел Қаратау қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде еңбек етеді. Дана есімді қыздары Америка Құрама Штаттарында тұрады. Қаржы мамандығын бітірген. Ортаншы қызы Фариза №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда әлеуметтік педагог. Барлығы тұрмыста. Ал ұлы Елнұр қаржы мамандығын тамамдаған. Сондай-ақ, қосымша әке жолын жалғап алғашқы әскери дайындық мамандығын игеруде. Кенже қызы Балнұр Алматы қаласындағы «UIB» халықаралық бизнес универсиетінде ағылшын тілінің оқытушысы. Бақытты ата-ананың ендігі мақсаты – ұлды ұяға қондырып инабатты келін түсіріп, кіші қызын ұзату.
Иә, бұл ұлағатты отбасының ұл-қыздарының барлығы дерлік жоғарғы білімді азаматтар. Әр салада, әр қала мен аудандарда ел игілігі үшін жұмыстарын адал атқаруда. Жеткен жетістіктері де аз емес.
– «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген екен Платон. Бағзы заманнан ата-бабамыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Еліміздің ертеңі саналатын ұл-қыздарын салт-дәстүрлермен сусындатып, туған елін, жерін адал сүюді және көзінің қарашығындай сақтап, қорғауды әрбір азаматтың аяулы борышы деп түсіндірген. Себебі, ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы.
Беріде өзіміз куә болғандай, бір ауыл адамдары бір анадан туғандай, ынтымақты, ұйымшыл еді. Бір үйдің қуанышына бәрі қуанып, бір үйдің басына түскен қайғысына бәрі қайғыратын. Бір үзім нанын бөлісіп, ауыр жұмысы болса жұмыла кірісетін. Бұның бәрі адамдықтың, тәрбиеліліктің жемісі.
Менің әкем Сәбденбек Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Отбасында жалғыз бала болсам да, мені деп еркелетіп өсірген жоқ. Қатал кісі болатын. Айтты бітті, оның сөзін жерге тастамайтын едік. Сол себептен де ер азаматтың негізгі міндеттерінің бірі саналатын әскерден де алып қалуды ойлаған емес. Әскери борышымды абыроймен өткеріп, Отанға оралдық. Шүкір! Сол секілді мен де бала тәрбиесіне қаталдаумын, баланы еркелетпеу керек. Ұл-қыздарыма жастайынан адал болуды, алға қойған мақсат жолында күресе білу керектігін үйреттім. Еңбекке баулып өсірдім. Содан да болар, балаларым жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстады.
Бала өзінің ата-анасына қарап өседі. Сондықтан баланың көзінше бейәдеп қылықтарды көрсетпеген дұрыс. Бақыт деген – отбасыңмен бірге ойнап-күліп, немерелердің балдай тәтті қылықтарын көру емес пе?! Мен қазіргі жастардың тәрбиесіне көңілім толыңқырамайды. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Иманды, тәрбиелі жастар да бар. Бірақ, қазіргі таңда Отан алдындағы борышын өтегісі келмейтін жастардың қатары көбейіп барады. Жастар әскерден қашады. Өз елінің патриоты бола алмаған бала, ертең ел басына күн туғанда елін қорғай ала ма?!
Өзімізден бастап жастарды ауызбіршілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеп, ізгілікті көп айтып, көп көрсетіп, өзі ісімен үлгі болатын көргені мен көкірегіне түйгені көп үлкендеріміз болса, қуанарлық жайт. Өнегелі дана жоқ жерде, өнегелі бала да жоқ, – дейді Медеубек Сәбденбекұлы.
Медеубек Жұмағұлов үйде үлгілі әке болса, жұмыста абыройлы ұстаз. Айтулы жетістіктері де бар. Жамбыл облыстық білім басқармасының және Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің грамотасы және Алғысхаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, республикалық II, III, IV «АЙБЫН» әскери патриоттық жиынның қатысушысы сертификаттарымен және Республикалық Әскери патриоттық орталықтың ҚР ҚК 25 жылдық мерейтойлық медалін иеленген. Одан бөлек, шәкірттері де облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, биік белестерден көрініп жүрген жайы бар.
Иә, мақаланы қорыта келе, ұрпақ тәрбиесі тек ұстаздың ғана емес, баршамыздың парызымыз, жалпы қарызымыз деп түсіну ләзім. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп бекер айтылмаған. Бала тәрбиесі отбасынан, дәлірек айтсақ, тал бесіктен басталады. Оған көптеген ойшылдардың, қазақ ұлыларының дана сөздері дәлел.
Тәуелсіздік туы желбіреген егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде, олардың бойына ізеттілік, қайырымдылық, кішіпейілділік, әдептілік, елін, жерін, отансүйгіштік секілді ең асыл қасиеттерді қан мен жанына сіңіруде осы ата-бабамыздың салт-дәстүр негізін ұстансақ өте ұтымды болар еді.
Бүгінгі таңда ғасырлар қойнауында қалыптасқан ұлттық тәрбиені, озық өнегелі дәстүрді, адамгершілігі бар асыл қасиеттерді жастар бойына қалыптастыруда, оны ұтымды пайдалану аса маңызды міндеттердің біріне айналып отырғаны даусыз. Сондықтан ұлттық мәдениеттің,әдебиеттің, тілдің, халықтық педагогиканың тарихы мен болашағы да мектептегі жас ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Бала тәрбиесінің алтын бесігі – отбасы. Бұл шағын әлеуметтік топ – бала үшін өмір мектебі.
Ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Балалардың болашағы олардың өмірден татар несібесі мен еншісінің үлес салмағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты болады. Сол себепті, ел боламыз десеңіз, бала тәрбиесіне ерекше мән бергеніңіз абзал, құрметті оқырман!

Таңдаулы материалдар

Close