El іshі
Асылдың сынығы, айдынның тұнығы
Қазақ халқында талғамы мен танымы бөлек, үні әуезді, өткір қаламын өмірлік қаруына айналдырған ұлы тұлғаларымыз өте көп. Қаламына шындықты ту еткен, елін сүйетін асыл ердің бірі – жазушы-драматург, журналист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкеев. Ол – қазақ әдебиетінің арланы.
Оралханның даралығы сол, қарымды қаламгер қатарластарының ішінде алғаш болып сахна мен екі ортадағы кедергіні бұзып, театр әлеміне арнасы кең жол салды. Бойындағы тұнып тұрған даналық, шынайылық оны өзге тұлғалардан ерекшелеп тұрады. Адамдардың сезіміне, психологиясына еніп, туындыларында олардың жүрегінің нәзіктігін, мұң-қайғысы мен уайымын сезіне отырып, оқырманға ерекше ләззат сыйлай білетін шебер қаламгер.
Дүниедегі күллі әсемдік, тазалық, мөлдірлік бәрі-бәрі жазушының жүйрік, сиқырлы қаламынан туындаған секілді. Кез келген шығармасы әр жанның бойына жылы жүректі, ыстық қайратты сыйлайды. Көркем туындылары пенделердің ішкі жайынан сұлу сырды ақтарады. “Атау кере” аталатын романында табиғаттың таңғажайып көрінісін өзгеше сарынмен өрнектейді. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді суреттеп қана қоймай, жамандықпен жасырынған даналықты, білімділікті де көрсетеді. Туындысындағы кейіпкерлер болмысынан адамгершілік пен адалдық, жанашырлық сияқты жағымды қасиеттердің шынайы көрінісі баян етіледі.
Ал, “Өз отыңды өшірме” романы тарих беттеріндегі оқиғалардан бастау алады. Шығармада қазақтың қанына сіңген тектілік көрсетіліп, қоғамдағы теңсіздіктерге махаббат күшімен қарсы тұру жайы қозғалады.
Оралхан Бөкеевтің шығармалары – заман шындығы. Заман шындығы арқау болған туындыларында, асыл қасиеттерге жетуге талпындыратын үлгі- өнеге бар. Оның жазған шығармалары – келешекке қалдырған бай мұрасы, қазынасы, байлығы. Біз сол қазыналардан қуат алып, өзімізге рухани азық жинай аламыз. Осындай дана тұлғаларымызды дәріптеп, ұрпаққа ұмыттырмайық! Әр тағылымдарын ақылдың, жүректің тереңіне сүңгітіп сақтайық! Сонда ғана айбынды арыстарымыз ұмытылмайды, мәңгі жасайды.
Қазақ даналығындағы «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөзінің үлкен мәні бар екенін осындай тұлғалардың бізге қалдырған мол мұрасынан ұғынуға болады. Жас ұрпаққа артынан өшпес мол мұра қалдырған жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларынан оқыған жан қанаттанып, сөз құдіретін ұғына түседі.
Нұршат Әбзелбек,
Күреңбел орта мектебінің 10 сынып оқушысы,
«Үздік оқушы» 2022
төсбелгісінің иегері.
«Алтын Ұрпақ» энциклопедиясының 2 томына, «Жас көшбасшы» журналына 100 үздік көшбасшының және 200 дарынды оқушының қатарына енген. Халықаралық “Махамбет, Абай және Мұқағали оқулары” өнер байқауларында “көркемсөз” номинациясының бас жүлдегері.