El іshі

Адал еңбек – адам көркі

Кешегі Кеңес үкіметі кезінде қайнаған еңбектің ортасында жүрген жандар бүгінде еңбегімен абыройлы. Ерлермен қатар еселі еңбек еткен, еңбекпен өрілген ғұмыр иесі күреңбелдік Базаркүл Ырысалдиева қыстың суығында, күннің ыстығында бала-шаға қамы үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін колхозда сауыншы болып жұмыс істеген. Ел ырысын арттырып, ағайынның ауызын аққа тигізіп, молшылық пен тоқшылықтың орнауына көппен бірге үлес қосқан.

Базаркүл апа сұрапыл соғыс аяқталар шақта, яғни 1945 жылы Қайрат ауылында дүниеге келген. Сол кездегі қиын-қыстау кезеңдердің салдарынан оқуға мүмкіндік болмай, 5 сыныпты ғана бітірген. Анасы Шырай дүниеге екі ұл, төрт қыз әкелген ардақты ана еді. Өмірдің ауыр жүгін жалғыз көтерген Шырай әже өмірден ерте өткен.
Анадан ерте қалған Базаркүл апа бауырларымен бірге аяқтан тұрып, еңбекке ерте араласады. 17 жасында күреңбелдік Батырбай Ырысалдиевке тұрмысқа шығып, екеуі отау құрады.
“Әр күніміз еңбекпен өтті” деген Базаркүл апа Чапаев колхозында табаны күректей 40 жыл сауыншы болған. Ал, жолдасы осы ұжымшарда ұзақ жылдар бойы бақташы болып жұмыс істеген.
– Өміріміздің қалай еңбекпен өтіп кеткенін білмей қалыппыз. Әр күніміз берекелі, қызықты әрі еңбекке толы еді. Үлкенді-кіші екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, елдің ырысын арттыруға күш салатын. Отағасымен бас қосқан шақта үйде енеміз болды. Балалардың тәрбиесіне сол кісі көмектесті. Жолдасым бақташы болғандықтан кейде жұмысында қалып, малдың қамын жасайтын.
Біз таңның атысы жұмысқа қамданып, сауыншыларды жинап алып кететін көлікті күтіп тұрамыз. Бір ауылдан 24 келіншек колхоздың жұмысына шығады. Сауыншыларды екі-екіден бөліп, оларға 70 сиырдан береді. Сиырлардың барлығы сүтті. Біз күндігіне таңертең 12 бөшке, кешке 12 бөшке сүт жинап қоямыз. Оны арнайы сүт жинайтын көлікке артып, ішін босатып, қайта тазалаймыз. Бұрындары ауыл маңында “Спорный” деген жер болатын. Жұмысшылармен бірге сол өріске барып, түскі сауынды сауып келеміз. Әр сағатымыз санаулы, – деп өткен күндерін еске алды Базаркүл апа.
Ардагер өзінің табандылығы мен қажырлы қайратының арқасында сиырдан мол сүт сауып, алғы шептегі сауыншылар қатарынан көріне білген. Бұл жетістікке ол кісі өзінің ынта-жігерінің, қажырлы еңбегінің арқасында жеткені анық. Өмір жолы өнегеге толы Базаркүл апа күнделікті жұмыс тәртібін дұрыс сақтаған. Сиырды екі мезгіл жемдеп сауып, сауылған сүтті өткізіп, бұзауларына сүтін беріп қас қарайғанша жұмыста жүретін еңбеккеш жан жұмыспен қатар үйдің де шаруасын біркісідей дөңгелете білген.
-Кейде күннің ыстығына, суығына қарамастан көлік болмаса, бір топ келіншек жұмысқа қарай жаяу бет аламыз. Бесіктегі баламызды тастап, тапсырылған жұмыстың үдесінен шығуға күш салатыныбыз. Жұмысқа деген жауапкершілік бар. Сондай-ақ, жұмыс тәртібін сақтау қажет. Басшымыз Қуат Асабаев бізді жігерлендіріп, үнемі қолдау көрсетіп жүруші еді.
Сауыншылардың арнайы формасы бар. Бәріміз бірдей сол киімді киіп, білек сыбана жұмысқа кірісеміз. Бақташылар түнімен малдың астын тазалап тұрады. Біз таңертең сиырдың жамбасын жуып, тарап, тазалаймыз. Сауылған сүт тап-таза, әрі дәмі бұзылмауы керек. Әбден тазалап барып, сиыр саууға кірісеміз. Одан бөлек, сүттің майлылығын тексереді. Сиыр сауып болған соң да жұмысымыз біте қоймайды. Бәріміз бірдей әзіліміз жарасып, жүктелген жұмысты атқарып тастайтынбыз.
Қазір сол еңбекпен өткен күндерімізді ойласам, шын мәнінде, бейнетіміз көп болған екен. Отбасы қамы үшін ерлермен қатар жұмыстың ауырлығына қарамастан атқара берген екенбіз. Сол уақыттың талабы мен өмір ағысы солай болды. Ал, қазіргі таңда шүкір, егемен ел болып, еңсемізді тіктеп, бейнетіміздің зейнетін көрудеміз. Отағасы екеуміз ұл-қыздың қызығын көріп, ұрпағымыздың өсіп-өнгеніне куә болудамыз. Балалар өсіп, өз алдына отау құрды. Оғанда мың да бір шүкіршілік етеміз, – дейді ардагер.
Қазіргі таңда қара шаңырақта қариялармен бірге ұлдары Бекболат пен келіні Ақұлпан тұрады. Алтын құрсақты анадан тараған балалары да әр саланың тізгінінде жүр. Алланың жазуымен екі перзенті өмірден өткен. Ал, қалған жеті ұл-қызынан ардагердің 27 немере, 16 шөбере сүйіп отырған жайы бар.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close