El іshі

«Ердің жүгі – нардың жүгі»

Тәуелсіз еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты

Иә, алдымызда үлкен міндеттер тұр. Еліміз аса қиын да күрделі кезеңде дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Еліміздің алдағы атқарылар жұмыстар туралы, алдағы уақытта халық болып атқарылуға тиіс маңызды міндеттер туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында жан-жақты айтты.
Ел өміріндегі мұндай қиын кезеңде дамудың жаңа жолына түсу де тек сөзбен айтуға ғана оңай. Алда атқарылар шаруалардың қыруар екенін білеміз. Жол ұзақ, уақыт тар. Нардың жүгі күтіп тұр бізді. Оны халық болып қана көтеріп, қиыншылықты бір халық болып қана еңсере аламыз. «Ердің жүгі – нардың жүгі» дейді халқымыз. Мәжілістің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнайы Мәлімдеме жасап, осындай қиын кезеңде елдің жаңа даму жоспарын жариялап отыр.
Президент өз сөзінде, еліміздің өте күрделі де қиын кезеңмен бетпе-бет келіп отырғанын, мұндайда бізге ең керегі ақиқат екенін, шындыққа мүлдем жанаспайтын қауесеттер мен ақпараттардың тарауынан елімізде осындай өкінішті жағдайдың орын алғанын өкінішпен жеткізді.
Сонымен бірге, қысқа мерзім ішінде елдегі жағдайды толықтай қалыпқа келтіруді қамтамасыз ету, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елдегі қару-жарақ айналымын заңдылық тұрғысынан реттеу туралы айтқан Президент еліміздің жаңа экономикалық тұғырын нығайтуға күш салу қажеттігін баса айтты. Президент Мәлімдемесінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін кәсіпкерлер туралы да айта келіп, кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске түсетін бюрократияны жою, әділ бәсекелестік, жанар-жағармайға қолжетімділікті арттыру, квазимемлекеттік секторды реформалау, экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу, сондай-ақ, ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, оның төңірегінде, әсіресе, субсидия алудағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты тез арада жою, егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Бұлар Президент сөзінің ең маңыздылары. Онымен қоса, бұл айтылғандар Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған басты әрі негізгі міндеттердің бірі екені даусыз. Өйткені асыраушы саланың дамуы – халықтың әл-ауқатына, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де тікелей ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Президент жиын барысында бұдан да басқа маңызды мәселелерге ерекше назар аударып, жауаптыларға бірнеше тапсырмалар берді.
Ердің жүгі – нардың жүгі. Алда атқарылатын жұмыстар, ел экономикасын қалыпқа келтіру жұмыстары қандай ауыр болса да, оны іргесі берік ел болып, бір халық болып жұмыла көтеруіміз қажет. Президент бастамаларына дер кезінде үн қосып, оны қолдау аса маңызды. Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу болсақ қана тірлігіміз оңға басады. «Бірлігі кеткен ел жаман» демекші, бірлігіміз бен ынтымағымыз болмаса, басқаға, жат пиғылдыларға құл болатынымыз анық. Жақсылықтарымызды еселейік. Жақсы ой ойлап, жақсы тілек тілейік. Еліміз осы күнге дейін небір қиын жағдайлардан, соқтықпалы кезеңдерде аман өтті. Ал жыл басында елімізде орын алған мұндай оқиғаны алғаш көруім. Енді қайтып қайталанбасын.
Өз қызметім туралы айтар болсам, 32 жылдан бері жаттықтырушылық, бапкерлік қызметпен айналысып келемін. Жастардың тәрбиесіне көңіл бөлетін кез әлдеқашан жеткен сияқты. Жастарға тәрбие мен білім берілуде әрине. Дегенмен, бұлар жастарға аздық етіп отыр. Жаңа заманға сай тәрбиенің де әдістемелерін сәл-пәл өзгерту керек сияқты. Ауылда бос жүрген жастарды спортпен айналысуға тартуымыз керек. Оған біздің елімізде де, ауданымызда да мүмкіндіктер мол.
Мысалы, өзім тұратын Күреңбел ауылында қазақ күресі және дзюдо күресімен жастардың айналысуы бұрыннан жақсы жолға қойылған. Қазір ауылда үш топта 50 бала дзюдо күресімен айналысады.
Менің басшылығыммен күнделікті жаттығу жұмыстарын жасаймыз. Күрестің түрлі машықтарын үйренеміз. Нәтижесінде, ауылымызда республикалық, әлемдік жарыстарда топ жарған балуандар өсіп келеді. Мұнымен тоқтап қалмай, күресті дамытуға ары қарай да күш сала береміз деген сенімдемін.
Күрес залының жанынан теннис және тренажер бөлмесін де ашқанбыз. Бұл өз кезегінде ауыл жастарын саламатты өмір салтын ұстануға үлкен көмек деп айтуға болады. Ауыл-ауылда осындай үйірмелер көптеп ашылса, жастар бос жүрмес еді, жаман әрекеттерге бармас та еді.
Тәрбие демекші, тәрбиенің ең үлкені – ең алдымен өзіңді тәрбиелеу. Сонда жастар тәрбиесі де оңға басады. Оған осы бастан көңіл бөлейік. Жастарды бос ұстауға болмайды. Олар біздің болашағымыз. Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан тұста ел жастарының белсенділігі аса қажет әрі маңызды.

Тайжан ҚОЗЫБЕКОВ,
№14 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің
дзюдо күресінен аға жаттықтырушысы.
Халықаралық дәрежедегі төреші

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close