El іshі

Бабалар өнегесі өшпейді

Жер-су атаулары кез келген елдің тарихынан сыр шертіп, болмыс-бітімінен, халықтың тыныс- тіршілігінен, шаруашылығынан, салт-дәстүрінен, тілі мен дінінен хабар береді. «Біздің қазақ жер атын, тау атын сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер-су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, құпия-сыр жатады», – дейді Мұхтар Әуезов. Сол айтпақшы, әрбір өңірдің ішіне бүккен жер-су атауында көп құпия бары анық.
Табиғаты көркем, тауы аспанмен астасқан Алатау етегін ен жайлаған Мәмбет батырдың ұлы Байзақ датқа ұрпақтары Шу өзенінен Түлкібасыға дейінгі аралықта 33 тоған қаздырып, канал салдырыпты. Оның жалпы ұзындығы 600 километрді құрайды. Оның басым бөлігі әлі де қолданыста. Қырғыз елінің Талас пен Жуалы өңірінде де сол баба ұрпақтарының ізі қалған. Мұнда Мәмбет батыр, Ақмолда, Тәсібек пен Мүсірепбек аталатын каналдар бар. Ал Байзақтың кіндігінен тараған Қабылбек пен Ахмет 1850-1860 жылдары Көксайдан канал қаздырып, етектегі елдің егіні мен малына ағын су жеткізіп, халықтың алғысына бөленген екен.

Көксайға барған болсаңыз, шатқалдың батыс беткейінде белортадан жоғары қырқаны қиялай өрлеген соқпақ көзіңізге бірден түседі. Бір қарағанда шатқалды біреу әдейі сызғышпен сызып бөліп қойғандай көрінеді. Бұл – Байзақ датқаның ұлы Қабылбектің каналы. Ал шығыс бөлігінде Ахмет каналы жатыр.
Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Тәжіханның айтуынша, XІХ ғасырда салынған Қабылбек пен Ахмет каналдарын кешегі күнге дейін шаруашылықтар пайдаланып келген. Қазіргі таңда Қабылбек каналы Көксайда салынған жаңа каналдың түсуіне байланысты арнасы құрғап қалған. Ал Ахмет каналынан қырғыз байкелері су ішіп отыр.
– Каналға қатысты аңыз көп. Сол аңыздың бірінде Қабылбек пен Ахмет әкесі Байзақ датқаға келіп, өздері отырған Алатаудың етегіндегі ел-жұртқа ағын су шығарып, халқын отырықшылыққа бейімдеп, егін салу ниеттерінің барын айтады. «Сендердің бұл ниеттерің дұрыс бастама екен. Бірақ таудағы үлкен шатқалдан сендерге су шығару өте қиынға соғады. Бастаған істі соңына дейін жеткізе алмасаңдар өздеріңе сын болады. Мен соны ойлап отырмын» деген екен. Қабылбек қолын кеудесіне қойып, «Әке, не де болса, мен тоған қазуды бастап қойдым», депті. Ахмет те өзінің дайын отырғанын жеткізіпті. «Олай болса бастаған істерің жарты жолда қалмасын. Игілігін ел көріп, ол тоғандар бүгіннен бастап сендердің аттарыңмен аталсын», деп Байзақ датқа ұлдарына батасын беріпті. Сөйтіп ұзындығы төрт-бес километрді құрайтын тоғандар қолмен қазылып, шатқалды қиялап тау етегіне су шығарылып, кешеге дейін оның игілігін ел көріп келді,- дейді Жарылқасын Тәжіхан.
Шатқалды қиялап тоған салу оңай шаруа емес. Бүгінгі су шаруашылығында жүрген мамандардың өзі мұндай іске батылы бара қоймайды. Ал ол тұста сай табанынан сонау биікке су шығару үшін көнекөз қариялар есекті пайдаланыпты-мыс. Топыраққа толтырылған қос қоржынды есекке артып, қияға қарай қоя беріпті. Сөйтіп жоғары өрлеген есектің ізімен өрге қиялай канал қазып, су шығарған. Әзірге дәл осы тәсілмен өрге су шығарғандар ілуде біреу. Соның бірін өз көзіммен көрген едім. 2010 жылы Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны Шора Исқақов аудандық мәслихаттың депутаты болып тұрғанда сай табанынан бұрынғы өрге өрлеген су жолын тауып, соны қайта жаңғыртып, қырда орналасқан Қайрат Рысқұлбеков көшесіне су шығарып берген. Бір қызығы, ол шаруаның басында Шәкең бір апта жүріп, қоғамдық жұмысқа тартылған әйелдермен бірге қазып шыққан еді. Сол сайдың суын көше тұрғындары әлі пайдаланып келеді. Осы сияқты Қабылбек каналының табанын қайта жаңғыртып, су шайған тұстарын қалпына келтірсе, канал әлі де халыққа жүздеген жыл қызмет етер еді. Бірақ ондай жауапты істі қазір мойнына ала қоятын кім бар дейсің?
«Атамекен-Бастау» АШӨК-ның төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов «Қабылбек» каналын әлі де іске жаратуға болады дейді. «Каналды қайта қалпына келтіруге болады. Ол үшін қол күші керек. Бір-екі тұсын қарғын су шайып кеткен. Сол тұсқа дейін су барып, төмен құлап жатыр. Канал осы арнасымен қиялай барып Көксайдан шығып Ақсайға дейін барған. Алатаудың етегіндегі егіс алқаптары кешегі колхоз, совхоз тұсында осы сумен ылғалдандырылатын. Мал да сол судан шөл басатын. Ендігі жерде жаңа канал іске қосылып, оның аса керегі болмай тұр. Дегенмен тағы бір канал іске қайта қосылып жатса, етектегі елге артық етпес еді» дейді ол.
Жақында Мәмбет батырдан тараған ұрпақтар жиналып, Көксай шатқалында Қабылбек пен Ахмет аталарының еңбегін ескеріп, канал басына ескерткіш-тақта орнатты. Оның ашылу салтанатында облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Байзақ датқаның шөбересі Кәмілхан Сатаров сөз сөйлеп, лентасын қиған еді.
Бабалардың есімі олардың елге істеген ісімен өлшенер болса, жер аттары да соған лайық берілгенінің тағы куәсі болдық.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист

Таңдаулы материалдар

Close