El іshі

Көпке үлгі Көпбосыновтар отбасы

Түктібай ауылында сыйластығы мен бірлігі, мейірбандығы мен сүйіспеншілігі жарасқан Көпбосыновтар отбасы тұрады. Бізді жылы қарсы алған жанұядан жылулық лебі, қазақи қонақжайлылық бір-біріне деген сыйластық сезімдері сезіледі.
Қасиетті қара шаңырақтың түтінін түзу түтетіп өсіп-өніп отырған жанұя ауылдағы мерейлі отбасының бірі. Отағасы Шерхан Көпбосынұлы Түктібай ауылының төл тумасы. Ол таңның атысы, кештің батысы тіршіліктің көзін тауып, еңбектенумен күнін өткізетін жан. Сонымен бірге ауылдың тыныс-тіршілігімен, мәселелерімен етене таныс, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын азаматтың бірі.

Адам дамуының ең басты тетігі – еңбек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, дана бабамыз бекер айтпаған.
Ерлі-зайыпты Шерхан мен Камшат мектепте қызмет жасайды. Бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру жолында аянбай тер төккен отбасы шәкірттің ғана емес, қоғамның ұстазы бола білген жандар. Олар өз істеріне аса жауапкершілікпен, ізденімпаздықпен қарап, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген кең жүректі, білікті мамандар.
-Әкеміз Мырзабек өмір бойы колхозда жұмыс істеген. Ауылдағы қадірменді, сыйлы қариялардың бірі. Ал, анамыз Сәндіқыз Мамыталиева осы ауылдың тумасы. Ауылдағы балабақшада аспаз болып жұмыс істеген. Бүгінде бейнетінің зейнетін, немерелерінің қызығын көріп отыр. Әке-шешемнен екі ұл, бір қыз тарағанбыз. Қазір Аллаға шүкір, өзім көпбалалы әкемін. Балаларымның алаңсыз білім алып, есеюі үшін еңбек етудеміз.
М.Әуезов атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Қосымша ауыл шаруашылығымен де айналысамын. Тірліктің көзін табу үшін, табысты болу үшін ерінбеу керек. Жұмысты бар ынтаңмен, күліп жүріп жасау керек. Асығып, немқұрайлық танытсаң, істің берекесі болмайды. Негізінен, қандай мамандық болса да, қандай жұмыс болсада сол істің нағыз маманы болуы қажет. Мал бағу үшін де ептілік қажет. Әрбір істі қолға алып, ісіңді дөңгелету үшін таңдаған салаңды жақсы білуің керек. Біліміңмен қатар, тәжірибең де болуы тиіс, – дейді Шерхан Көпбосынұлы.
Қазақ атамыз «Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Асқар таудай әкесін пана тұтқан бала қорқақ болмайды. Ал, ана атты бұлақтың мейіріміне қанып өскен ұрпақ өзгеге де мейіріммен қарайды. Осы ретте, Шерхан ағаның жары, отбасының ұйытқысы, баласын аялы алақанына бөлеуші Камшат Құрматаева Б.Момышұлы ауылының тумасы. Тіл жанашыры, білімді ұстаз.
-Жолдасым екеуміз өмірімізді білім саласына арнағанбыз. Келін болып түскен шаңырағым ауылға сыйлы жандар болды. Анамыздың жүрегінің кеңдігін, қонақжайлылығын ауыл жақсы біледі. «Балалы үй– базар» демекші, Шерхан екеуміз бір ұл, үш қыз тәрбиелеудеміз. Байлығымыз, барымыз осылар. Балалар кішкентай кезінде жолдасым екеуміз бірге жұмыстың барлығын істейтінбіз. Жас кезімізден бір-бірімізге демеу болып, әрдайым қолдау білдіріп келеміз. Қазір шүкір, көмекшілеріміз балаларымыз. Ұлым әкесінің тілін алып, қолғабыс етеді. Қыздарым менің жанымда үй шаруашылығында көмектеседі.
Үй іргесіндегі жерімізді де тиімді пайдаланып, оған жеміс-жидек, көкөніс егеміз. Картоп, қызанақ, қияр, жүгері егіп, табиғи өнімді тұтынамыз. Балаларымыздың денсаулығына аса мән бергендіктен пайдалы нәрселерді тұтынған дұрыс деп есептейміз.
Ал, ұлттық тағамдар мен сусындар дастарқанымыздан үзілмейді.
Әр баламыз әртүрлі. Мінез-құлқы, қызығушылығы, болмысы бір-біріне ұқсамайды. Бірі тұйық болса, бірі ашық мінезді. Барлығы сабақтарын жақсы оқиды.
Бала -өмірдің қызығы, өміріңнің жалғасы.
Түктібайлық Шерхан мен Камшаттың тұла бойы тұңғыштары Сандуғаш 10 сыныпта оқиды, облыстық, республикалық ғылыми жобалардың жүлдегері. Ал, екінші қыздары Ботагөз 9 сыныпта оқиды, қолөнермен айналысады, болашақта танымал дизайнер болғысы келеді. Ортаншы ұлы Нұрғиса 6 сыныпта оқиды, шахматты жаны сүйеді, облыстық, аудандық жарыстардың жеңімпазы. Ал, сүт кенжесі Томирис 4 сыныпта оқиды. Сурет салуды ұнатады, 1 маусым – Балаларды қорғау күнінде асфальтқа сурет салу байқауында ІІ орын алып, жүлдемен оралды. Көптеген байқаулардың жеңімпазы, – дейді отанасы.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, жанұядағы мейрімділік, өзара сыйластық баланың жақсы тұлға болып қалыптасуына оң ықпал етеді. Әкенің мейірімділігі, ананың парасаттылығы ұрпағын дұрыс жолға бағыттайтыны анық Көпбосыновтар жанұясының отбасылық ұстанымы, бала тәрбиесіндегі ерекшеліктері осы адами қасиеттерімен ұштасып жатыр.
Балаларын иманды, тәрбиелі, еңбекқор, білімді етіп тәрбиелеп, азамат етіп өсіруді көздейтін әулет – ұрпағына ешкімнің ала жібін аттамай, тура жолда, адал еңбекпен табыс табуды және тірліктің көзін тауып, кез келген істің маманы болуды үйретеді.

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close