El іshі
Жауапты науқанға дайындық жоғары
Қарасаз ауылдық округіндегі «Ақсанат» шаруа қожалығы алғаш құрылған күннен бастап ақ егіспен қатар меринос тұқымды қой шаруашылығын дамытумен шұғылданып келеді. Округке қарасты Көктас ауылының іргесінде Теріс өзенінің бойында Еңке деп аталатын жерде орналасқан шаруашылық базасында бүгінде 700-ге тарта Шопан ата түлігі бағылуда.
Қожалықтың қой шаруашылығын басқарушы Бақытжан Оспановтың айтуынша, биыл қысқы мал азығы үшін қарамағындағы 500-600 гектар егістіктен және 250 гектар жоңышқадан 425 орама пішендеме дайындалған.
Жаздың құрғақ болуына байланысты жем-шөп жылдағы көлемнен аздау жиналыпты. Сондықтан, ауа-райы қолайлы күндері, боран жоқта, саулықтар бір мезгіл қорадан шығарылып, жайылып келіп отырыпты. Күн жылып, арқа кеңігеннен кейін отар Алатаудың етегіндегі Тобышақтыдағы жайлауға шығарылмақ.
Қожалық бүгінде екі малшы отбасын жұмыспен қамтып отыр. Малшылар жылы әрі жарық баспанада тұрады.
Мезгіл наурыз айының соңына таянғанымен, шаруашылық мал төлдеу науқанына әл әзір кіріспепті. Қойлардың күйекке кеш түсуіне күзгі және көктемгі ауа-райының болжамы негіз болған. Есеп бойынша, алдағы бірер аптада саулықтар жаппай төлдеп бастамақ.
Әдетте, шаруашылықтарда жаппай мал төлдету науқаны наурыз айының басы мен сәуір айында өтеді. Қазір шаруашылық мал төлдету науқанына қызу дайындық үстінде. Малшылар жас төлдеген саулықтар мен төлдер тұратын қора-жайды жылылау және ерекше күтімді қажет ететін төлдерді оңаша бағатын торшаны жөндеу секілді жұмыстар атқарылуда.
Сақпанның басталуы – малшы қауым үшін дамылсыз шақ. Бұл кезде малшылар буаз саулықтарды қыстаудан алыс айдамауға тырысады. Өрісте туған саулықтар мен төл суыққа тоңып қалмауы үшін оларды жылы қораға тасымалдайды. Тағы бір ескеретін жайт, жаңа төлдегенде енесі мен төл бірге тұруы қажет. Саулық төлін иісінен танып, ажыратады. Әйтпесе, басқа иіс сіңген қозыдан енесі жеріп кетуі мүмкін.
Қораға әкелгеннен кейін жақсы күтім жасалады, енесінің шуы ертерек түсуі және төліне мейірімі түсуі үшін төлдеген саулықтарға жылы су беріледі. Жылы қорада енесінің уызын емін-еркін емген төл ешқандай ауруға да, суыққа да бой алдырмайды
Қожалық мал тұқымын асылдандыру бағытында жұмысты ұтымды ұйымдастырып келеді. Себебі, селекциялауды қолға алмай, шаруаның табысты болуы мүмкін емес.
-Әлемді шарпыған коронавирус пандемиясына дейін қойдың жүні мен терісі шетел нарығына өткізіліп, әжептәуір пайдаға асып жататын. Алайда, соңғы екі жылда карантин шараларының енгізілуіне байланысты, бұл өнімдердің де бағасы құлдырап кетті. Жүн мен теріні кәдеге жарату үшін отандық өндірісті дамытуымыз қажет, – дейді тәжірибелі малшы.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»