El іshі

Ақтастыда бар ғимаратты мектепке лайықтау қажет

Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиевтің тұрғындар алдында есеп беру жиналыстары округке қарасты Қызтоған және Ақтасты ауылдарында өтті.
Жиындарға аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігі ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің бастығы Ерболат Сейітбеков қатысты.
С.Мұқанов атындағы бастауыш мектеп ғимаратында Қызтоған ауылы тұрғындарына есеп берген Жәнібек Амангелдіұлы аймақта өткен жылы атқарылған және биыл атқарылатын істерді тізбелеп берді. Қошқарата ауылында 2020 жылы басталған ауызсу құбырының құрылысы толығымен аяқталып, 2021 жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Қызтоған ауылындағы Бүргенді көшесі жарықтандырылды, Ақтасты және Қызтоған ауылдарында «Street Workout» спорт алаңшасы іске қосылған. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тұрмыс жағдайы төмен, ІІ топ мүгедегі тұрғын үйіне демеушілер көмегімен жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Жомарт түлек» жобасы аясында мектеп бітіргеніне 50 жыл толған түлектердің демеушілігімен Абай мұражайы ашылған.
Сонымен қатар, биылғы жылы ауылдық округтің елдімекендеріне жеткізілген табиғи газ құбыры магистралінен ауылдарға кварталішілік газ тарту, Қошқарата ауылының Бауыржан Үсенов көшесі жолын жөндеу, Қошқарата ауылындағы ағын су каналын тазарту жұмыстары атқарылатын болады.
Жарыссөзге ауыл тұрғыны Несіпбай Құлынбаев пен Ғалымжан Арқабаев шықты. Олар аймақта атқарылған істерін қанағаттанарлық деп бағалады. Қызтоған ауылының тұрғыны Жүзбай Тұртаев ауылда мал басының артуына байланысты жайылымдық жерлерді кеңейту мәселесін көтерді. Оған округ әкімі маусымдық жайылым үшін тұрғындарға берілетін 1 350 га жайылым жерді ауылдық округтің теңгеріміне алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын және аталған мәселе бойынша сұраныс жасаған азаматтарға берілетін болатынын жеткізді.
Такура Науанова «ауырған малға қажетті дәрі-дәрмектер ауылдық ветеринариялық пункттен табылса», Ғани Тасболатов «ауылға көшіп келген тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетуге ықпал жасалса» деген тілегін жеткізді.
Сұрақтарға округ әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, берілген жауапқа толығымен қанағаттанды.
Округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтің Ақтасты ауылындағы есептік кездесуі ауылдық бастауыш мектепте өтті.
Ауылдық округ әкімі Ж. Мырзалиевтің 2021 жылда ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстары туралы қорытынды есебі тыңдалды.
Баяндамадан кейін сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке беріліп, ол ауылдың жағдайы, мектеп ғимаратын оңтайландыру мәселелеріне тоқталып өтті. Аудан әкімдігі ТҮКШ және ЖК, АЖ бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбеков ауыл әкімінің баяндамасына қанағаттанарлық деп баға бере келе, осы жылы ауыл халқының тұрмысын жеңілдететін, көптен күткен ауылішілік газ келетіні туралы хабарлады.
Ауыл тұрғыны Әділхан Үркінбаев «ауылымызда шешімін табуы тиіс мәселелер бар, соның бірі – Ақтасты ауылында бар ғимаратты мектепке лайықтап ыңғайластыру. Осы мәселені тездетіп шешуді сұраймын» деді.
Ерғали Тілеубеков, ауыл халқының көптен көтеріп жүрген мәселесі ауыл оқушыларына қажетті ыңғайластырылған мектеп ғимараты екені белгілі, сұрағыңызды облыстық депутаттарға сұраныс жасайтын боламыз деді.
Ауыл тұрғыны Нұрлан Құралбеков Б.Момышұлы-Қызтоған ауылы арасындағы облыстық мәндегі жолдың нашарлығын айтты. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Баян Әзтаева Ақтасты көшесіне уәде етілген жарық орнатылғанын айта келіп, атқарылған істерге ризашылығымын білдірсе, Айдынғали Алтынбеков ауылдық округ әкімінің баяндамасы қанағаттанарлық және атқарып келе жатқан жұмыстары ел көңіліне қонымды екенін жеткізді. Ауыл тұрғыны Әйгерім Оралбаева электр кернеуінің төмендігінен кешкі мезгілде үйде электр жарығының нашар екенін еске салды.
Округ әкімі Жәнібек Мырзалиев аталған мәселе бойынша аудандық электр желілерін тарату мекемесіне сұраныс жолданғандығын және алдағы уақытта реттелетіндігін айтты.
Есептік жиындарда аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков сөз сөйледі.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close