El іshі

Балалардың дамуына жол ашатын мекен

Жаз айларының келуімен бірге балалар үшін қызықты уақыттардың бірі жазғы сауықтыру лагері басталды. Балалардың жан-жақты дамуына бағытталған лагерь аудан орталығындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда да өз жұмысын бастады.
Лагерь жұмысымен «Гүлдер» тобының тәлімгері Мөлдір Ералиева таныстырды.
-Лагерьге барлығы 120 бала қатысады. Балалар ыстық тамақпен қамтылған. Лагерь ІІ кезенде жұмыс жасайды. І кезең 3-13 маусым аралығында болса, ІІ кезең 17-27 маусым аралығында өтетін болады. Яғни, лагерь 10 күн болады, сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін өз жұмысын атқарады. Лагерьде барлығы 8 топ, әр топта 15 оқушыдан және 8 тәлімгер бар. Балалардың дамуына үлес қосатын, олардың денсаулығын нығайтатын және жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беретін іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, таңғы жаттығулар, асфальт бетіне сурет салу байқауы, қолөнер үйірмесі, спорт және ойын-сауық күні сияқты бағдарламалар өткізіледі,- дейді тәлімгер Мөлдір Ералиева.
Лагерь – балалардың демалысын ұйымдастырудың тамаша тәсілі. Ол денсаулықты нығайтып қана қоймай жаңа дағдыларды меңгеруге мол мүмкіндік береді. Сондай-ақ, баланың тұлғалық дамуына да ықпал етеді. Балалар әртүрлі жарыстарға қатысып, өнерін шыңдап, белгілі бір қабілетін ашып және өздерін еркін сезінетін болады.
Лагерьге қатысу арқылы балалар өмірге деген қызығушылығын арттырып, болашаққа сеніммен қарайды. Лагерьде өткізілген уақыт өмірбойы есте қалатын қызықты оқиғалар мен жаңа достық қатынастарға толы болады.

Айша Құдайқұл,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің веб-журналистика мамандығының
1-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close