Шақпақ ауылдық округіне қарасты ынтымағы жарасқан Ынтымақ ауылында биыл Наурыз мерекесі ерекше тойланды. Бұлай дейтініміз, Ұлыстың ұлы күні Ынтымақ ауылына мерекелі тойға барып, берекелі ауылдың тірлігіне куә болған едік.
Ынтымақ ауылы Шақпақата ауылынан бес шақырым қашықтықта орын тепкен. Бүгінде мұнда 87 үй, 467 тұрғын тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Халқы – еңбекқор, мал және егін шаруашылығымен айналысады.
Ауылда мектеп, медпункт бар. Әрбір үйге табиғи газ тартылған. Жолы тегіс. Ынтымақ ауылының тұрғындары өте ұйымшыл. Той-томалақ, өлім-жітімде таудай тірлікті бірге атқарып тастайды.
Ауылда соңғы жылдары дәстүрге айналған бір үрдіс бар. Наурыз тойын әр жылы әр жылғы туған азаматтар ұйымдастырып, дүркіретіп атап өтеді.
– Наурыз – ізгілік пен мейірімділіктің, жаңарудың мерекесі. Жыл басы. Биыл Наурыз мерекесін ауылдың 1994-1995 жылдары туған азаматтары ұйымдастырды. Барлық жұмыс осы жылғы жігіттердің мойнына жүктелді. Бір ай бұрын ауылдағы ұлттық мерекені қалай атап өтетінімізді, қай іске кімнің жауапты болатынын талқылап, іс-шара жоспарын әзірлеген болатынбыз. Осы ретте, игі істе ұйымшылдық танытқан бауырларыма, інілеріме, достарыма, Наурызды атап өтуге атсалысқан әрбір ауыл тұрғынына алғысымды білдіремін, – дейді ұйымдастырушы Хамит Сыздықбаев.
Мұнда мерекеге дайындық үш апта бұрын басталған. Наурыз мерекесі жақындаған кезде аталған жылғы ер-азаматтардың келіншектерінде де тыным жоқ. Олар бір үйге жиналып, бір ауылға жететін дастарқанның қамын жасайды. Шара-шара бауырсақ пісіреді. Тәтті-дәмділердің түр-түрін дайындайды.
Міне, көптен күткен Наурыз мерекесі басталып, “Наурыз айы туғанда, Той болушы еді бұл маңда”… деп әсем ән әуелете шырқалды. Наурыздың арайлы таңы атты. Төрт түлігін өріске өргізген соң, ауыл тұрғындары ұлттық киімдерін киіп, алаңға қарай аяңдады. Өйткені, Наурыз той осы жерде тойланады. Орталық алаңға жиналған қариялар, ақ жаулықты аналар амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі мерекемен құттықтап, “Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!” десіп жатты.
– Наурыз – көнеден келе жатқан мейрам. Бұрындары көше-көше болып, сайысқа түсіп тойлайтын едік. Жалпыхалықтық сипат алу үшін қазір әр жылы туғандар ұйымдастырып, бұл тірлікті біркісідей атқарып жүр. Өзім осы ауылда туып-өстім. Алты баланы тәрбиеледік, – дейді ауыл ақсақалының бірі Бегалы Шаханов. – Бүгінде олардан 22 немере, жеті шөберем бар. Қалада тұратын немерелерімді шақырып, ауылдағы Наурыз думанын көрсетуге тырысамын. Өйткені, ауылға келіп. қазақтың салт-дәстүріне куә болады, тұрғындардың ұйымшылдығын, ауызбіршілігін көреді, тірліктеріне қолғабыс жасайды, – дейді Бегалы ақсақал.
Шынында да ауылда Наурыз ерекше тойланады. “Ұлыстың ұлы күні қазан толса, сол күні ақ мол болар” дегендей екі-үш тай қазанда наурызкөже пісіріліп, енді бірінде палау басылды. Жасы да, үлкені де наурызкөжеден дәм татып, үлкендердің өнегелі әңгімесін, есті естеліктерін тыңдады.
Наурыздың сәні – наурызкөже емес пе?! “Наурызкөжені тойып ішсең, келесі жылға дейін тоқ жүресің” деген ел арасында жиі айтылатын сөз бар. Көжені қазанның басында таңнан бастап жүрген ауыл келіндері дәмді етіп әзірлепті.
Сонымен қатар, мерекеде бойжеткендер мен жігіттер өз өнерлерін ортаға салып, ақ дастарқанға жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады. Ауыл өнерпаздары мен мектептің оқушылары концерттік бағдарламасын ұсынып, мерекенің шырайын келтірді.
Ал, жастар жағы арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақша күрес секілді спорт түрлерінен бағын сынады. Шараны ұйымдастырушылар тарапынан жеңіске жеткендерге ақшалай сый-сияпат ұсынылды.
Ауыл тұрғындарына арнап наурыз мерекесіне орай ұтыс билеттері ойнатылды, ұтыс билеттерінің ішінде тұрмыстық қажетті заттардың барлығы болды.
Аяғынан тік тұрып, зыр жүгіріп, қызмет көрсеткен 1994-1995 жылдары туған ауыл азаматтары тұрғындардан ақ бата мен алғыс алып, келесі Наурыз мерекесін тойлаудың эстафетасын кейінгі буынға тапсырды.
Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы