El іshі

Телекоммуникация саласының құрметті ардагері

Бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы – еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі. Татулық пен бейбітшілікті басты орынға қойып, бақытты бағалай білген біздің елімізде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандар бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсенділік танытып араласып, ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Соның бірі – аудан орталығында тұратын, өмірінің 40 жылында “Қазақтелеком” АҚ филиалының Жуалы аудандық бөлімшесінде жұмыс істеген Марина Клепикова.
Ол Өзбекстан Республикасының Термез қаласында туған. Ата-бабалары сонау 1933 жылдары Украинаның Полтово қаласынан Ташкент қаласына жүк көлігімен бидай әкеле жатып, діттеген жерлеріне жете алмай Шымбұлақ (баяғы Братск) ауылында тұрақтайды. Кейіпкеріміздің әкесі қазіргі Тасбастау ауылында дүниеге келген. Маринаның әкесі әскери адам болған. Ал, анасы орыс тілі пәнінің мұғалім болған. Әкесінің жұмысына байланысты олар әртүрлі қалаларға қоныс аударып отырған.
1970 жылы Маринаның ата-анасы жұмыс бабымен Африка еліне кетеді. Ал кішкентай Марина осы Жуалыда тұратын әжесінің қолында қалып, осы жақта 2-3 сыныпты қазіргі №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда оқиды. Маринаның әкесі Украина қаласына жұмыс бабымен қоныс аударып, сол жақта біржола тұрақтайды. Кейіпкеріміз аудан орталығында тұратын ата-әжесіне қонаққа келіп жүріп болашақ жарын осы жақтан жолықтырады.
-Кішкентайымнан ата-анамның жұмысына байланысты ата-әжемнің қолында көп қалатынмын. Өзім Жуалының табиғатын ұнататынмын. Бұл жақтың табиғаты, ауа райының өзі өзгеше. Сол кезде, бойжеткенде осы жақтың жігітіне тұрмысқа шықсам, ата-әжеме жақын болсам деп ойлайтынмын. 1981 жылы Алатау ауылының жігітімен танысып, көңіліміз жарасып, 1983 жылы екеуміз шаңырақ көтердік. Сол жылы аудандағы байланыс орталығына телеграфист болып жұмысқа орналастым. Негізінде еңбек жолымды Украинада бастағанмын. Ол жақта үш жылдай телеграф операторы болғанмын. Сол үшін бұл жақта жұмыс істеген маған қиын болған жоқ. Бірақ әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Біздің уақытымызда интернет деген санаулы үйде ғана болатын. Барлық ауылдарда тек қана телефон байланысы орнатылған. Қазіргідей екінің біріндегі сияқты интернет болмайтын. Қазір интернеттің түрлері көбейген. Басымыздан қаншама қиындық өтсе де ешқайсысына мойымай осы салада 43 жыл қызмет еттім,-дейді Марина Викторовна.
Иә, бір салада 43 жыл жұмыс істеудің өзі ерлік. Марина өзінің мамандығын құрметтейді. Ол өзінің алдына келген әрбір адаммен қалай сөйлесуді, қалай қарым-қатынас жасауды жақсы білетін. Жұмыстағы қажеттілікке байланысты қазақ тілін де үйреніп алған. Келген әрбір тұтынушыларына қазақша жауап беретін. Әріптестері әлі күнге дейін “біздің Марина апамыз” деп отырады. Өйткені, ол өзінің жұмысына адал, ортасына сыйлы жан.
Марина еңбек жолын “Қазақтелеком” АҚ филиалының Жуалы аудандық бөлімшесінде жай телеграфист болып бастап, сол байланыс орталығының сату бөлімінің бастығы болып еңбек етіп, 2023 жылы зейнетке шығады. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде.
Жолдасы Григорий де ұзақ жыл мәдениет бөлімінде киномеханик болып жұмыс істеген. Екеуі бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олар өздерінің барлық білгендерін балаларына үйретуден жалықпаған. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші отағасы 2015 жылы өмірден өтті.
Кейіпкеріміз бос уақытын тиімді пайдаланады. Зейнетке шықтым болды демей, үйінің жанындағы бау-бақшаны ерте көктемнен тазалап, көкөністерді отырғызып, күтіп-баптайды. Одан бөлек, тәтті бәліштерге тапсырыс қабылдайды. Ол кісінің дайындаған тәтті бәліштерін сатып алған тұрғындар тек қана алғысын айтады. Өйткені, кейіпкеріміз тапсырыстың сапалы болғанын қадағалайды.
Марина Викторовна кітап оқығанды жаны сүйеді. Орыс жазушыларынан бөлек қазақ жазушыларының да кітаптарын жаны сүйіп оқиды екен. «Кітап оқысам жаным тынышталады»,- дейді кейіпкеріміз.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close