El іshі
Халық тәлімін бойға сіңірген
Жанәділ Құрманбекұлы. Отыз жеті жаста. Жуалы ауданының Тәттібай Дүйсебайұлы ауылында туып-өскен. Қазір Алматы қаласында тұрады.
Халық педагогикасы мен тәлімін бойға сіңіріп, жас ұрпақтың тәрбиешісі болып жүрген Жанәділ Құрманбекұлы соңғы кездері «Тәлім ТВ» телеарнасы және бірқатар әлеуметтік желілерде жұптар жарасымы, жұбайлар психологиясы, отбасындағы сыйластық, әке мен ананың рөлі және көптеген басқа тақырыптардағы дәрістерімен де танымал.
Біз Жанәділдің жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты қоғамға ой салатын ұтымды ой-пікірлерін жүйелеп, газет оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Редакциядан
Ұлым ұлықты, қызым қылықты болсын десеңіз…
Балаңызды нағыз ер мінезді, өжет әрі шешен, зерек етіп тәрбиеймін десеңіз төмендегі он қағиданы есте сақтаңыз:
Біріншісі, ақ-қараны ажырата бастаған уақыттан бастап балаңызды үлкендер отыратын салиқалы жиындарға қатыстырыңыз. Естияр баланы қонақ келгенде ересектермен бірге отырғызу оның зерек болып өсуі мен тез жетілуі жолындағы мол мүмкіндік.
Екіншісі, баланы ешқашан біреудің көзінше сөкпеңіз. Оған тәрбиені оңашада сіңіріңіз. Сонда бала жасқаншақ, жалтақ болмайды.
Үшіншісі, балаңызбен кейде ақылдасып, кеңес сұрап тұрыңыз. Қате тұсын түзетіңіз. Бұл оның ойлау жүйесін дамытып, өзіне деген сенімін оятады.
Төртіншісі, балаңызбен сырласып, оған құпияларды сеніп тапсырыңыз. Бұл оның сырға беріктігі мен аманатшыл қасиетін қалыптастырады.
Бесіншісі, балаға уәде берсеңіз, оны міндетті түрде орындаңыз. Олай болмаған жағдайда, бала сертінде тұрмайтын, өтірікші болып өседі.
Алтыншысы, үйде балаға шамасы жететін әрі сол үшін жауап беретін маңызды іс тапсыруды әдетке айналдырыңыз. Үнемі істің нәтижесін сұрауды ұмытпаңыз. Бұл оны жастайынан еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулиды.
Жетіншісі, баланы үйдегі қонақтардың алдында сөйлетіп, ойын еркін жеткізуге үйретіңіз. Бұл оның сөзге шебер әрі көпшіл, ортамен тез тіл табысатын болып өсуіне себеп.
Сегізіншісі, ұл баланы үйде қыздың ісі мен киімінен, кәсібі мен қыздарға тән спорттан аулақ ұстаңыз. Балада әйелдік гормондардың қалыптаспауы үшін.
Тоғызыншысы, балаңызды атқа мінуге, жүзу мен садақ атуға және күресуге бейімдеңіз. Бұл оның батыр әрі ширақ болып өсуінің тетіктері.
Оныншысы, баланың санасына жастайынан Алланың көріп тұратынын сіңіріңіз. Себебі, ата-анасы жоқ жерде баланы қиянат пен қылмыстан тосатын – Құдайдан қорқу ғана.
Бала тәрбиесіне қатысты алтын ережелер:
Бірінші, балаңызды ешқашан жындармен, қорқынышты елес, құбыжықтармен қорқытпаңыз!
Екінші, өзге адамдардан ештеңе сұрамауға, тек отбасы мүшелерінен ғана сұрауға болатынын әрі рұқсатсыз ештеңені алуға болмайтынын үйретіңіз.
Үшінші, баланы шамадан тыс мәпелеуге, шектен тыс жақсы көруге дағдыланбаңыз. Себебі, үнемі солай болуы баланың мінезіне кері әсер етеді.
Төртінші, балаға пайдалы, ғибратты, өнегелі оқиғалар мен әңгімелерді жиі оқып беріңіз. Бейәдеп шығармаларды оқудан, пайдасыз фильмдерді көруден аулақ болуын қадағалаңыз.
Бесінші, бала – өз кумирінің көлеңкесі, яғни баланың шын еліктеуге лайық тұлғалар. Балаға нағыз кумир өз әкесі болуы тиіс.
Алтыншы, ұялы телефонын тексеріңіз.
Жетінші, әлеуметтік желідегі жазбаларына мән беріңіз.
Сегізінші, жатарда және тамақ ішерде телефонын алып қойыңыз.
Тоғызыншы, «Сен маған достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтып берейін». «Баланың араласып жүрген достары кімдер?», ортасын қадағалаңыз. Дұрыс адамдармен бауырластырыңыз.
Оныншы, туыстарға, әке-шешеңізге хабарласып, олармен араласуды үйретіңіз. Ауырғандардың халін сұратып, қазаға көңіл айтуға бұйырыңыз.
Он бірінші, келген қонаққа “Төрлетіңіз, астыңызға көрпе төсейін, сырт киіміңізді бере салыңыз, мен ілейін» деген сияқты қонақжайлыққа бейімдеңіз.
Он екінші, баланың қолына ақша беріп, оны жаратуды үйретіңіз.
Он үшінші, ақша ұстатып, өз қолымен садақа бергізіңіз.
Он төртінші, үлкендер ауыр жүк көтерсе, не жұмыс жасап жатса көмектеспей қарап тұру жігіттікке жатпайтынын санасына сіңіріңіз.
Он бесінші, кеш болғанда балаларыңызды үйіңізден шығармаңыз. Далада болса үйге кіргізіңіз.
Он алтыншы, балаларыңызға ұрысқанда, жаман сөгістермен сөгуден не қарғаудан сақ болыңыз. Ол міндетті түрде қабыл болады.
Он жетінші, мектеп аяқтала сала, үйленетін жасқа жарамдылық белгісі байқалған сәттен, отбасылық өмірге, отау құруға дайындықты бастаңыз.
Он сегізінші, жар таңдаудың қағидаларын айтып беріңіз. Қызбен жүруді ақтамаңыз.
Он тоғызыншы, қызыңызды құрбыларының не бөтен үйге қондырмаңыз.
Жиырмасыншы, 10 жастан бастап, ұл мен қыздың бөлмелерін бөлектеңіз әрі есікті жауып жүріңіз.
Жиырма бірінші, өзіңіз одан бас тарту арқылы, зиянын үнемі ескертіп, азабын айтып үнемі мотивациялап, Ішімдік ішпеуді, темекі шекпеуді үйретіңіз. Үстін және ауызын иіскеп тұрыңыз.
Жиырма екінші, ұялы телефонында немесе компьютердегі ойындарға көп отырмауын жіті бақылаңыз. Себебі, бұл құмар ойындарына тәуелділіктің алғашқы баспалдағы.
Жиырма үшінші, балаға мақсат қойып беріп, оның қай іске, не салаға бейім екенін анықтап беріңіз, жолға салыңыз.
Жиырма төртінші, баланы оқуға түсіргенде, не мамандық таңдағанда ақшадан бұрын жақсы маман әрі адам болуға мотивациялаңыз.
Жиырма бесінші, балиғатқа толған баланы намазға бұйырыңыз. “Баламды медресеге біл деп бердім» деп хакім Абай айтқандай, бала естияр жасқа жетсе, Құран оқуға бейімдеп, арабша хат танытыңыз.
Ер баланы қалай еркелетеді?
(Бауыржан Момышұлының ер бала тәрбиесі туралы айтқан өнегесі)
Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басынан сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген.
Ата-ана ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты.
Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз – жатжұрттық, қыздың бағы – үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады?» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Жас Сырымның Малайсарыға айтқаны
Әкенің балаға өсиет ететін тағы бір маңызды ұғымдары – обал, сауап, борыш. Бабаларымыздың өмір жолына бір үңілейік.
Бірде Малайсары би қасына келген жас Сырымға былай дейді:
– Асусыз тауға кездестім, Арылмас дауға кездестім, Аямас жауға кездестім, Өткелсіз суға кездестім, Елсіз шөлге кездестім, Табылмас жоққа кездестім Дауасыз дертке кездестім, – осы жеті жұмбағымды шешіп бер, – дейді.
Сонда Сырым тұрып, былай деп жауап қайырады:
– Асусыз тауға кездессеңіз – Тізеңіз қалтыраған болар, Таяқ ұстаңыз – таяныш болады. Арылмас дауға кездессеңіз – Балаңыз тыңдамайтын болар, Аямас жауға кездессеңіз – Келініңіз сыйламайтын болар. Келін мен балаға керең болыңыз, Тілсіз, үнсіз терең болыңыз. Өткелсіз суға кездессеңіз – Көзіңізді мұнар шалған болар. Елсіз шөлге кездессеңіз – Қатарыңыз аз қалған болар. Табылмас жоққа кездессеңіз – Орындалмаған арман болар. Дауасыз дертке кездессеңіз – Опасыз жалған болар, – деп шешіпті.
Сонда Малайсары:
– Тауып айттың, шыны солай. Енді есіңе сақтайтын үш сөз бар: обал, сауап, борыш. Осы үш сөзді есіңнен шығармасаң, айналаңнан ел кетпес, елің кетпесе сыртқы дұшпан ештеңе етпес, одан кейінгі ақылым – жақынды жаралама, алысты қаралама! – деген екен.
Құдайдан қорыққан құр қалмайды
Аббасит халифасы Әл-Мансур таққа отырған күні оған атақты ғұлама Муқатил ибн Сүлеймен келіп кіреді. Халифа ол кісіге: “Маған насихат айтшы”, – дейді. Сонда ғұлама: “Естігенімді айтайын ба, әлде көргенімді айтайын ба?”- дейді. Халифа: “Көргеніңді айт”, – дейді.
Сонда ғұлама: “Уа, мұсылмандардың әміршісі! Омар ибн Абдулазиздің (Әмәуи династиясының ізгі халифасы) он бір баласы болды. Өмірден өткенде артына 18 динар қалдырды. 5 динарға кебінделді, 4 динарға көмілетін жері сатып алынды. Қалғаны балаларына таратылды. Алланың атымен ант етейін, аз уақыттың ішінде Омардың балалары күніне мыңдап садақа беретін деңгейге жетті. Ал дүниеден өтерде он бір баласының әрқайсысына миллион динардан қалдырған Һишам ибн Абдулмаликтің (Ол да Әмәуи династиясының халифасы болған) кейбір балаларының базарда қайыр сұрап жүргенін көрдім. Омар ибн Абдулазиз өлім алдында жатқанда одан: “Балаларыңа не қалдырдың?”, деп сұралған еді. Ол: “Балаларыма Алладан қорқуды қалдырдым. Егер олар ізгі, салиқалы болса, Алла оларды Өз қамқорына алады. Егер керісінше болса, оларға күнә жасауға көмектесетін дүние-мүлік қалдырмаймын” – деген екен.
Көп адамдар балаларына дүние жинап беріп, болашағын жарқын еткісі келеді. Дүние-мүлік пен байлық адамды бақытты етіп, уайым-қайғыны болдырмайтындай көреді. Сөйтіп нағыз бақыт пен ұлы тыныштықты ұмыт қалдырады. Үлкен бақыт – баласына Алланы танытуда.
Атам қазақ: “Адамға сенген мұрттай ұшады, Аллаға сенген құстай ұшады”, “Адамға сенгеннің екі көзі шығады, Аллаға сенгеннің екі бүйірі шығады” “Құдай деген құр қалмайды” дейді.
Алла тағала: “Артында әлсіз ұрпақ қалдыруға қалай қорықса, (өздері де солай) қорықсын. Олар Алладан қорқып, тура сөз айтсын”. («Ниса» сүресі, 9-аят).
Жанәділ ҚҰРМАНБЕКҰЛЫ.
Алматы қаласы