El іshі

Шекарашы өнерпаздардың тартуы

Өткен сенбіде аудандық «Достық» мәдениет үйінде жуалылықтарға Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ән-би ансамблі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай мерекелік концертін тарту етті.

Биылғы жыл шекарашылар үшін айтулы мереке. Себебі, үстіміздегі жылы 18 тамызда ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толады. Осыған орай ҰҚК Шекара қызметінің ән-би ансамблі өзінің шығармашылық сапарын еліміздің бірнеше аймағына арнады. Бұл жолғы Жамбыл және Түркістан облысына арнаған шығармашылық сапары барысында Баукең, Шерағаңдай халқымыздың маңдайына біткен мақтаныштарының туған жері Жуалыға да арнайы атбасын бұрып, өздерінің бай репертуарларымен бөлісті.
Бағдарламаға негізінен әскери-патриоттық әндер енген. Мұндағы мақсат – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу.
ҰҚК Шекара қызметінің ән-би ансамблінің мүшелерін аудан өнерпаздары мәдениет үйінің алдынан ерекше қошеметпен қарсы алды.
Өнерпаздар қонақтарды қазақы дәстүрмен нан ауыз тигізіп, арнаумен, әнмен қарсы алып, төрге оздырды. Ансамбльдің өнерпаздары сахнада жанды дауыста өнер көрсетті. Домбырамен «Біздің елдің жігіттері» әнін шырқап, «Ақсақ құлан» күйін тартты. «Балет» би тобы бірнеше тамаша биін тарту етті. Инструменталды үштік өнер көрсетті.
Қазақ және орыс тілінде патриоттық әндер шырқалды.
Концерттік бағдарламаны шекарашылардың әнұранына айналған шекарашылар туралы әнмен қорытындылады.
Сахнаға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев шығып, жуалылықтардың атынан алғысын білдірді. Аудан әкімінің Алғысхаты мен ықылас гүлін тапсырды.
Шығармашылық сапардың жоспарына Жуалы жерін де енгізіп, жуалылықтарға тарту жасаған ҚР ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілі Қошан Жайлауұлына алғысын білдірді.
ҰҚК Шекара қызметі ән-би ансамблінің мүшелері Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне барып, Батырдың рухына тағзым етіп, музей жәдігерлерімен танысты. Шекарашы өнерпаздар Жуалы жерінің қонақжайлылығы мен музейден алған әсерлерімен бөлісіп, ерекше тебіреніспен алғыстарын жеткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close