El іshі
Жиһаз жасаудың шебері
Еңбек ептілікті сүйеді. Ептілік әсіресе, жиһаз жасау өнеріне аса қажет.
Қарасаздық Серік Махатаев жиһаз жасаудың шебері. Оның жасаған сапалы әрі заманауи үлгідегі жиһаздары тапсырыс берушілердің үнемі көңілінен шығады.
Серік Әміреұлы жаиһаз жасаумен 2008 жылдан бері айналысып келеді.
Серіктің бірінші мамандығы заңгер болса, екіншісі – қаржыгер. Ол Астана қаласында оқып жүріп, жиһаз жасайтын цехта жалдамалы жұмысшы болады. Цехта жүріп жиһаз жасаудың қыр-сырын үйренеді. Ауылға 2012 жылы келеді. Үйренген ісімен әрі қарай ауылда айналысқысы келіп, біраз нарықты зерттейді. Ең бастысы ауылда бұл кәсіппен әлі ешкім айналыспайды екен. Сондықтан көп ойланбай жиһаз жасайтын цех ашуды қолға алады.
Алматы арқылы Қытайға кесетін аппаратқа тапсырыс береді. Қосымша қажетті түрлі құралдарды да сатып алады. Алғашқы алты ай тек шығынын жабумен болады. Алты айдан кейін ғана жаймен табысқа жұмыс істей бастадым дейді кәсіпкер.
-Алты ай қатты қиналдым. Жарнама үшін кейбір тапсырыс берушіден тек материалының ғана қаржысын алып, тегін жасап бердім. Тіпті шеберхананы жаба салсам ба екен деген ойда да болдым. Бірақ алты ай өткен соң ісім бірден алға басты. Тапсырыс көбейіп, уақытпен санаспай жұмыс істедім. Керекті құралдарымды түгелдей бастадым. Жиһаздардың шетін жабыстыратын құрылғы сатып алдым. Себебі, бұл жұмыста ұсақ-түйек деген болмайды. Барлығы мінсіз болуы керек.
Қазір жеке азаматтардан, мекемелерден, тіпті Алматы, Астана қаласынан тапсырыстар түседі. Алыс қалалардан азаматтардың тапсырыс беру себебі менің бағам басқалармен салыстырғанда жүйелі.
Менің жанымда інім көмекші болды. Бірақ қазір ол Тараз қаласынан өзі цех ашуда. Енді көмекші алуым керек. Жаныма жұмысшы табу қиынға соғатын сияқты. Себебі, жұмыс іздеп келетін жастар бірінші жоғары еңбекақы сұрайды. Мен оларға “өзің әлі ештеңені білмейсің, үйреніп, жұмысты алып кетсең, еңбегіңе қарай төлеймін” деймін.
Мен тапсырысты үстін-үстін алмаймын. Алған тапсырысымды бітіре алатын уақытқа қарай келесісін аламын. Себебі, тапсырыс берушінің айтқан уақытына қарай бітіріп беру керек. Бос уәде, асығыс тірлік адамға абырой әпермейді.
Адамдар көбінде ас үйге жиһазға тапсырыс береді. Одан кейінгі кезекте кіре беріске, ұйықтайтын бөлмеге қажетті жиһаздар.
Жиһаз жасайтын шеберге білімнен кейін еңбекқорлық пен шыдамдылық өте қажет.
Қай жұмыста болсын ізденіс пен жаңашылдық керек. Жиһаз жасайтын шеберлер де Қазақстан, облыс бойынша әлеуметтік желілер арқылы топ құрып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, жаңа дүниелерді бөлісіп отырамыз. Жаңашылдықты енгізу үшін оған сай жаңа аппараттар да керек. Сондай көпфункциялы аппаратқа қолым жетпей жүр еді. “Ауыл аманаты” бағдарламасы арқылы сол аппаратқа қолым жетті. Бұл аппарат бірнеше қызметті атқарады. Яғни, компьютермен қандай бұйрық берсеңіз, барлығын орындайды. Оның маған қатты қажет болған қызметі – жиһаздарға заманауи оюларды, бедерлерді мінсіз салуы.
“Ауыл аманаты” бағдарламасымен 5,3 миллион теңге несие алып, Қытайдан тапсырыспен алдырдым. Өте сапалы, сыртқа шығару үшін емес, өздеріне қолдану үшін жасалған аппарат екен. Мұны іске қосу үшін жақында Шымкентке барып арнайы курстан өтіп келемін.
Үйіміздің жанынан дүкен салып жатырмыз. Алла қаласа, жасаған жиһаздарымызды дүкенге қоятын боламыз,- дейді Серік Әміреұлы.
Серік қара шаңырақта ата-анасымен бірге тұрады.
Жары Назерке бала күтімімен үйде. Екеуінің екі ұлы бар.
Шынында, Серіктің қолынан шыққан тұрмыстық тауарлар өте сапалы әрі бағасы да қолжетімді. Бұл Серіктің қанағатшылдығын білдірсе керек.
Еңбекқор азаматтың цехынан “Әр адам өз бақытының жасаушысы” деген қағиданың растығына тағы бір көз жеткізіп қайттық.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»