El іshі
Ардагерлер ұсыныстарын ортаға салды
Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын ардагерлер арасында насихаттау мақсатында ардагерлер кеңесінің отырысы өтті.
Отырысқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және ауылдық округтің ардагерлері, ауыл ақсақалдары, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Думан Ормахан және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауы өте жүйелі екенін баса айтты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ең алдымен қаңтар айында орын алған «Қаңтар қасіреті» туралы кеңінен айтып өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде сыртқы жау мен ішкі жау бірігіп, бейбіт күннің шырқын бұза жаздағанын үлкен тебіреніспен жеткізді. Сонымен қатар, бүлікшілердің басында лауазымды тұлғалардың тұрғанын, бүгінгі күні бұл оқиғаға қатысы бар тұлғалар заң жүзінде жазаға тартылатынын жеткізді. Расымен де осы қақтығыстың кесірінен ел 30 жыл бойы тірнектеп жинаған абыройын бір күнде төге жаздады. Абырой болғанда мемлекет басшысы дер кезінде нақты шешімдер қабылдап, бұл оқиғаға тосқауыл қойды. Әрине, біз мұндай жағдайдан үлкен сабақ алуымыз керек. Ел бірлігі мен тыныштығы бәріміз үшін маңызды, – деген Сейітхан Шерелханұлы бірлік басты құндылығымыз екенін тілге тиек етті. Одан бөлек Жолдауда айтылған Конституциялық заңға өзгерістер енгізу, жаңадан құрылатын Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары жөнінде және қазіргі күннің өршіп тұрған мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықты жою туралы да кеңінен әңгіме қозғады.
Өз кезегінде «Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы ауданда 5500-ге жуық қария бар екенін, ал ардагерлер ұйымы аудан тұрғындарының арасындағы ынтымақ пен бірліктің сақталуына ұйытқы болу керектігін айтты. Сонымен қатар, даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлының атымен мақтанамыз, ал «Момышбұлағына» берілген жер көлемі 10 соттық ғана екенін айтып күйінді. Осы мақсатта, яғни жер көлемін біраз ұлғайтуға ардагерлер біраз жұмыстар атқарса деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ, ел амандығы үшін әр ауыл қарияларының мұрындық болуымен құдайы тамақтар берілсе деген ұсынысын да білдірді.
Ал, ардагер ұстаз, ауылдың қадірменді қариясы Әбілқасым Ергебеков ел ішінде халықты қолдайтын, қорғайтын, имандылыққа шақыратын, жастарға өнегелі, өсиетті сөздерін айтатын ардагерлерді ел қолдау керектігін баса айтты.
-Ел басына жаңа басшы тағайындалып, бүгінде тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Кешегі мемлекет басшысының Жолдауы елдің көкейінен шықты. Енді тек жолдауда айтылған дүниелерді бірауыздан қолдап, іс жүзінде жүзеге асырылуына бір атаның балаларындай жұмылып кіріскеніміз абзал. «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» дегендей, ауыл қариялары өзінің жүріс-тұрысына аса мән беріп, мәдениеттілігін арттырып, жастарды дұрыс бағытқа жетелеуіміз керек. Тағы бір айта кетерлігі, әрдайым қарияларға керек кезінде көмектесе алатындай арнайы қор құрғанымыз дұрыс, – деген Әбілқасым Ергебеков аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына жаңадан сайланған Сейітхан Жұмашевтың жұмысына сәттілік тіледі.
Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев, кешегі Жолдаудың бұрынғы Жолдаудан өзгерек екенін және ел Президентінің елді талай жыл абыроймен басқарған, мемлкет және қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың есімін Қапшағай қаласына беру туралы бастамасы құптарлық іс екенін қуанышпен жеткізді. Сондай-ақ, ендігі кезекте елдің билікке деген сенімі нығая түсетінін де айтты.
Жиын соңында Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесіне орай дастарқан жайылып, ауыл ақсақалдары наурыз көжеден дәм татты. Дастарқан басында ауылдың белсенді кәсіпкері Ерік Тастанов ауылдық округ әкімі аппаратына бағалы сыйлығын табыстап, мерекенің шырайын аша түсті.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»