El іshі

Тау тұлға

Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығы

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өз халқының жарқын болашағы үшін орсан зор еңбек сіңірген адал азамат, ұлы тұлға. Саналы ғұмырының 50 жылға жуық уақытында республикамыздың басшылық қызметтерінде болып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосты.
Қазақстанның өркен жаю, жаңару жылдарында Д.Қонаевтың елі үшін сіңірген зор еңбегін аса мақтанышпен айтуға болады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына орай (2012 жылы) мерейтойын барша халқымыз қуанышпен атап өткені белгілі. Өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде елін қызғыштай қорып, қазақ халқының өсіп-өркендеп, дамуына айрықша үлес қосқан ұлы тұлғаның өмірі – жас буынға үлгі-өнеге.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, үш мəрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері. Қазақстанның көрнекті мемлекет жəне саяси қайраткері, ғалым, тау-кен инженері.
Қазақстанның дамуына зор үлесін қосқан тұғырлы тұлғаға деген бүкілхалықтық шынайы құрмет, асылын ардақтай білетін елдік қасиет байқалады. Д.Қонаев қандай жағдайда да өз биігінен табыла білген, кейінгі ұрпақ қастерлеуге лайықты тұлға.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында қызметкерлердің отбасында өмірге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін, Қазақ Өлкелік комсомол комитеті оны Мəскеудің түсті металдар мен алтын институтына оқуға жібереді. 1936 жылы Мəскеудегі түсті металдар мен алтын институтын тамамдап, тау-кен инженері деген мамандық алады. Институтты аяқтай сала арнайы жолдамамен келіп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері жəне оның директоры болып істейді.
Қоңырат кенішінде Д.Қонаев өз маңына адамдарды топтастыра біліп, олардың күш-жігер, қайраттарын арттырып, жұмысқа шыңдала кірісулеріне ықпал жасады. Еңбекшілердің қажырлы күш-қайратының нəтижесінде Қоңырат кеніші мен Балқаштағы мыс қорыту комбинатын тұрғызуға қатысты ұйымдастыру жұмыстары, белгіленген жоспардан асып, 150–200 пайызға орындалды. КСРО Жоғары Кеңесінің 1939 жылғы 26 наурыздағы Жарлығымен Д.Қонаев «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Бұл оның тұңғыш наградасы еді.
Д.А.Қонаевтың келуімен кен орындарындағы жұмыстардың бəрі өзгеріп, өндіріс жанданып, өнім өндірудің көлемі артты. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын күндерінде де ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түседі. «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің жəне КСРО қорғасын-мырыш өнеркəсібінің ең ірі кəсіпорындарының бірі – Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады.
1942 жылдың сəуір айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.А.Скворцов Лениногордан Д.А.Қонаевты Орталық Комитетінің қарамағына шақыртып алады да Қазақ КСР Халық комиссариаты төрағасының орынбасарлығына ұсынады. Осыдан бастап Одақтың қарамағындағы өнеркəсіп орындарының жұмысымен айналысатын болды. Д.А.Қонаевқа түсті металлургия кəсіпорындарының қызметін бақылап, көмектесу міндеті жүктелді. Сонымен қоса ол көмір жəне мұнай өнеркəсібін, электр желілері, теміржол тораптары, автокөліктер кəсіпорны мен қорғаныс зауыттарының қызметіне бас-көз болып, сан салалы жұмыстарды ерлікпен атқара білді. Сол кезде жасы небəрі 30-да ғана еді. Жоғарыда айтылғандай, 1942–1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарып шықты.
1952–1955 жылдары Д.Қонаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметін атқарды. 1955–60 жəне 1962–64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, ал 1960–1962 жəне 1964–1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бірінші Хатшысы болды. Бірнеше мəрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Д.Қонаев Қазақстанның экономикасы мен мəдениетін өркендету жолына өзінің білімін, мол тəжірибесін жəне ұйымдастырушылық қабілетін халқының пайдасына жұмсады. Ол өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, əлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мəдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия жəне кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сəт естен шығарған жоқ.
Қазақстанның қуатты аграрлы-индустриалды мемлекет ретінде қалыптасуында Д.А.Қонаевтың сіңірген еңбегі ерекше. Д.А.Қонаевтың билігі кезеңінде Өскемендегі қорғасын-мырыш жəне титан-магний, Соколов-Сарыбай, Лисаков, Балқаш, Жезқазған тау-кен-металлургия комбинаттары кұрылды жəне дамыды. Оның бастамасы бойынша Алматы қаласында бой көтерген Республика сарайы, Достық даңғылындағы тұрғын үйлер, «Медеу» спорт кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт жəне мəдениет сарайы, Республика алаңы, «Қазақстан», «Жетісу», «Алматы», «Алатау» мейманханалары, цирк, əуежай жəне көптеген ірі ғимараттар Қазақстан Республикасының визиттік карточкасы болып қалды. 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйі, М.Əуезов атындағы академиялық драма театры, М.Лермонтов атындағы орыс драма театры, Қазақ циркі, жастардың Неке сарайы, Ұлттық кітапхана, «Арасан» моншасы, жабық Көкбазар кешені, тоғыз қабатты Баспасөз үйі, Алматы теміржол вокзалдары, республикалық Пионерлер сарайы жəне т.б.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1955–1986 жылдары ел басқарды десек, осы жылдарда Қазақстанның экономикасы жеті есеге өскен. Ол өзіне жақсы серіктерді, іскер басшыларды таңдай білген көреген адам еді. Сол тұста қаншама іске мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайтын қайраткерлер, білікті ұйымдастырушылар өсіп жетілді десеңізші?! Бұл ретте талай жыл ел басқарған ұлт қайраткерлерінің атын атауға болады.
Көреген басшы Дінмұхамед Қонаевтың заманында Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің үлкен орталығына айналды. Осының арқасы кешегі – Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласының ежелгі Жібек жолы бойындағы көрікті де әсем қалаға айналуы да қарқынды жүрді. Өз заманының ұлы саясаткері бола білген Димаш атамыз біздің облыс экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығын дамытуға көп қолдау көрсеткені белгілі. Димаш атамыз Жамбыл облысына және өңірге қарасты аудандарға жұмыс сапарымен бірнеше рет келген екен. Бұл туралы кемеңгердің көзін көрген аға буын азаматтар әлі күнге айтып отырады. Осы себептен де Дінмұхамед Қонаевтың есімі қасиетті Әулиета өңірімен байланысты деуге болады.
Бүгінде еліміздің өңірлерінде Дінмұхамед Қонаевтың атында мектептер мен көшелер бар. Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы №19 мектеп-гимназияға Д.Қонаевтың есімі берілген. Мектеп ауласында ұлы тұлғаның бюсті қойылған. Ел тарихында есімі алтын әріптермен жазылып, халқы Димаш деп еркелеткен тұғырлы тұлғаның есімі елімен бірге мәңгілік жасай беретіні анық…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close