Қоғамдық қабылдауға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, аудандық мәслихат депутаттары Руслан Сайлаубаев, Эльмира Абишева, Мейіржан Телеушов, Жақсыбек Қасымбеков, Жәнібек Исаев және аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары мен жауапты мамандары қатысты.
Аталған қабылдауды аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков ашып, көшпелі қоғамдық қабылдау алдағы күндерде де әр ауылдық округте жалғасын табатынынан хабардар етті.
Өз кезектерінде ауыл тұрғындары жауапты бөлім қызметкерлеріне көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, мардымды жауаптарын алды.
Мәселен, Қарабастау ауылының тұрғыны Алтынай Шыңғысбаева және Ербол Жұмаханов есімді азаматтар көше жарығы мен көгілдір отынның ауылға қашан келетіндігі туралы сұрақтарымен мәслихат хатшысы мен депутаттарға қайырылды.
Ал аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Зиядхан Бүрлібаев көпбалалы ана Назира Шомаеваның қайтарымсыз грант алу конкурсына қатысу жөнінде қойған сауалына тыңғылықты жауап берді.
Сонымен қатар жиын барысында ауыл тұрғындары жер мәселесі, жұмыссыздық, бос жатқан жерлерді игеру туралы да сұрақтарын жолдады.
Айта кету керек, қоғамдық қабылдау округке қарасты Әбдіқадыр және Жылыбұлақ ауылдарында да жалғасты.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылындағы Қарабастау ауылдық мәдениет үйінде мобильді қоғамдық қабылдау өтті.