Qoǵam

Жер-анаға құрмет – адамзатқа міндет!

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні. Адамзат баласы жаралғалы бері Жер-Анадан нәпақа теріп, Жаратушының бұйыртқан ырзық-несібесіне ие болып келеді. Тарих толқындарына көз жіберсек, жер жаралғалы да бірнеше миллион жылдардың парағы аударылғанға ұқсайды.

Жер-Ана! Қаз-қаз басып үйреніп, соның үстінде сайран салып өмір кешіп, Адам ата ұрпағы мәңгі мекенін де сол Жер-Ана құшағынан табады. Бірақ пенделікпен жіберген қателік табиғаттың тамашасын тауысып, тұнығын лайлап жатқанын аңғармаймыз ба, жоқ әлде аңғарғымыз келмейді ме? «Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай, Өмірді ойламаймыз сұрақ тумай» деген ақынның осы бір тіркесі тақырыбымыздың тұздығындай. Қоршаған ортаға зер салсақ, адамзатқа керектінің бәрі бар. Шөлің қансын деп мөлдір бұлақ беріп еді, оны ластадық. Жеміс жайқалған орман берді, біз оны сындырып, өртке орадық. Ән тыңдағың келер деп құс сайраған көлдерді жаратты, мылтық асынып аққу-қазын атып алдық. Далаға сән берген ерке киік пен еліктің ерке лағы қайда? Қалтаның қамын ойлап, зауыттың улы суын өзен-көлге құйып, сан мың балықты қырып салдық. Не керек, табиғатқа қастық жасаудың шеберіне айналғандаймыз. Бұл мәселелерді журналистер мен эколог мамандар жиі көтеріп келеді. Дегенмен тыңдаушы құлақ болғанмен, түзелер халықтың жоқтығы алаңдатады.
– Бүгінде табиғаттың ластануы барша адамзат баласының ортақ проблемасына айналды. Елімізде, соның ішінде өңірлерімізде экологиялық заңдарды бұзатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл – жеке және заңды тұлғалардың (мекеме, ұйым, ұжым), мемлекеттің экологиялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын, сонымен бірге қоршаған табиғи ортаға зиян келтірудің нақты қаупін тудыратын кінәлі, құқыққа қайшы келетін әрекет немесе әрекетсіздік түріндегі іс-қимыл.
Экологиялық құқық бұзушылық жасалғанда, әдетте, қоршаған ортаға, адамдардың өмірі мен денсаулығына, экономика мүдделеріне кең көлемде зиян келтіріледі. Бұл залал бірден байқалмай, ұзақ уақытқа созылуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру мүмкін емес. Экологиялық зиян табиғаттың жай-күйінің өзіне әсер етеді.
Экологиялық құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылық 16 жастан басталады. Оны жасағаны үшін әкімшілік, қылмыстық, азаматтық-құқықтық, тәртіптік және материалдық жауаптылық басталуы шарт. Әкімшілік жауаптылықтың басталуына әкелетін экологиялық құқық бұзушылықтың тізімі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте белгіленген. Оған мыналар жатады: табиғи ресурстардың, қоршаған ортаның ластануы, азаюы, табиғи ресурстардың бүлінуі, жойылуы; кәсіпорын, құрылыс ғимараттарын және басқа да объектілерді жоспарлау, орналастыру, салу, қайта өңдеу және пайдалануға дайындау, пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу.
Біз табиғаттағы әрбір жайқалып тұрған ағашқа қамқорлық танытуымыз қажет. «Бір тал кессең, он тал ек», «Жер құтты болса, мал сүтті болады» дегендей, айналамызда табиғаттан лас иісті, ауру тудырушы бактерияларды жоюшы тал, жасыл желек. Егер осы мәселе қаралмай қала берсе, төңірек ластанып кетеді. Табиғаттың зардаптарына төтеп беру үшін табиғатты ластамай қорғауымыз керек.
Президент «Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» деп өте жақсы айтқан. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ» демекші, адамзат пен табиғат-егіз. Атадан балаға мирас болып келе жатқан табиғатымызды көздің қарашығындай сақтап, анамыздай аялап келер ұрпаққа таза күйінде қалдыруымыз керек. Табиғат – адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағатын ұялататын сұлулық пен әсемдік әлемі. Сол сұлулық пен әсемдікті талай ақын жырға қосып, небір әншілер ән арнаған. Сол сұлулықты, әсемдікті жоғалтпай қастерлеуіміз керек. Бұл жайында халқымыздың қалдырған тағылымдық, тәрбиелік мәні зор. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» тағы да басқа ұлағатты сөздері, табиғатқа деген сүйіспеншіліктері қазіргі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Иә, адам табиғатқа мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, қамқорлықпен қарап, үйлесімділік сақтағанда, адамзат баласы үшін табиғат – кең сарай, мәңгі тозбас құтты қоныс болады. Жер бетіндегі барлық тіршілік атаулы табиғат-анаға қарыздар. Сондықтан да Табиғатқа немқұрайды қарау, онымен санаспау – ана сүтін ақтамағанмен пара-пар. Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге, ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Расында, қоршаған ортаны қорғау тек эколог мамандарға артылған міндет емес. Ол пенде атаулының парызы. Құрылыс орны болсын, тас немесе сүт зауыты болсын, я болмаса малдың өлексесін көметін орын болсын арнайы белгіленген жерге салынуы тиіс. Не істесек те оң-солын бағамдап, жеті рет өлшеп, бір рет пішкенге не жетсін?!

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close