Жуырда аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Әр бала – ең қымбат қазына» тақырыбында бала қауіпсіздігін күшейту мақсатында аудандық тәжірибе алмасу семинар-практикумы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ауданның наиб имамы Алмас Нұрбеков, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы Медетбеков, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Самат Дүйсебеков, Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының әлеуметтік-психологы Айгүл Дәрібаева, аудандық орталық аурухананың жастар денсаулық орталығының психологы Венера Сейтаева қатысты.
Сонымен қатар, ауданға қарасты мектептердің директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, ата-аналар комитетінің төрайымдары мен төрағалары, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының инспекторлары, аудандық билер кеңесінің мүшелері қатысты.
Семинарды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен күн тәртібіне қойылған төрт мәселемен таныстырып өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Мектеп пен ата-аналардың арасындағы өзара ықпалдастықты арттыру» бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков баяндама жасады. Ол өз сөзінде 4-7 сәуір аралығында аудандағы мектептерде ата-аналар жиналысы өткізілгенін және бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі бала тәрбиесі екендігін айтты.
Келесі кезекте жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев бала тәрбиесіне келгенде сәл ақсап тұрғанымызды жасырмады.
– Бала – ертеңгі елдің болашағы. Ұрпақ тәрбиесіне жете көңіл бөлу – ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Аудандағы соңғы мәліметтерге сүйенсек, екі жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Одан қала берді, мектеп қабырғасында оқып жүрген қыздардың жүкті болуы да өкінішке қарай орын алған. Ендігі кезекте, ата-ана мен ұстаздарға артылатын жауапкершілік өте жоғары. Себебі, ата-ана мен мұғалімдер бала тәрбиесіне келгенде осалдық танытпағаны дұрыс, – деді Сейітхан Шерелханұлы.
Өз кезегінде билер кеңесінің мүшесі Сейітқазы Медетбеков қазақта «атадан мал қалғанша, тал қалсын» нақылының бар екенін алға тартып, осы ретте түйіткілді мәселелерді шешуде ашуға бой алдырмай, ақылмен ауыздықтаса ғана нәтижесі жақсы болатынын жеткізді. Одан бөлек, ұрпақ тәрбиесіне қатысты өмірден алынған мысалдарды келтірді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Бала телефонын тұрақты бақылауда ұстау мен бала қауіпсіздігінің алдын алу» бойынша №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектеп директорының құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Қондыбаева баяндама жасап, бүгінгі заман ағымына қарай цифрландыру технологиясының қауіпті әрі пайдалы тұстарын жіпке тізді. Сонымен қатар, ата-ана білуі тиіс жеті ережеге кеңінен тоқталды.
Аудандық соттың төрағасы Бабырхан Абуев, баланың өз-өзіне қол жұмсауы жайдан-жай еместігін және осындай мәселелердің алдын алуда ата-ана қай жерден қателескеніне баса назар аударуы тиістігін айтты. Сондай-ақ, ата-ана балаға сырттан жылулық іздеуді емес, тек ата-анадан жылулықты, жақсылықты күту керектігін үйренгені жөн екендігін ескертті. Әсіресе, смартфондағы ақша тігіп ойнайтын «Free fire» аталатын ойынның қауіптілігін де назарға алды. Содан соң, ата-ананы баланы жастайынан төзімділікке, сабырлылыққа баулуға шақырды.
Аудан прокурорының орынбасары Қуанышбек Қартаңбайұлы тәртіпсіздіктің және балаға дұрыс тәрбие бермегендіктің салдарынан қоғамда небір құқықбұзушылық жайттар болатынын, дәстүрлі емес діннің жетегінде кететіндер мен діни ұйымдарға кіріп, қайтадан шыға алмай опық жейтіндер туралы әңгімесімен бөлісті. Осындай келеңсіз жайттар орын алмас үшін баланы жан-жақты бақылауда ұстау керектігін айтып, бала құқығы туралы заңға шолу жасады.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Отбасы – жасөспірімді әлеуметтік-психологиялық тұрғыда қалыптастыратын орта» туралы №1 мектеп-гимназияның педагог-психологы Мира Өскенбаева сөз алып, күнделікті күйбең тірліктің салдарынан және ата-ана «қайтсем баланың қарнын тоқ, көйлегін көк етемін» деп нәпақа табудың қамын күйттеп жүргенде, ұрпақ тәрбиесі назардан тыс қалып бара жатқанын жеткізді. Ал, балаға ата-ана 24 сағат көңіл бөлу керектігін және бала психологиясына отбасындағы ата-ананың қарым-қатынасы әсер ететінін айтты. Сонымен қатар, семинарға қатысушылармен бірге психологиялық ойындар жүргізді.
Соңғы төртінші мәселе – «Жасөспірім кезеңдегі бала психологиясының жетілуі» туралы №15 мектеп-лицейдің педагог-психологы Салтанат Құрманбаева LED экранда арнайы дайындалған слайдты пайдалана отырып баяндама жасады. Гүлге қандай күтім керек болса, балаға да сондай күтімді қажет ететіндігін айтты.
Сөзінің басын Абай Құнанбайұлының «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген нақылымен бастаған аудандық орталық аурухананың жастар денсаулық орталығының психологы Венера Сейтаева, баланың бойында жастайынан қалыптасатын мінез-құлықтар туралы және баланы қалай тәрбиелеу керектігін айтып, сөзін түйіндеді.
Жиын барысында сөз алған аудандық билер кеңесі төрағасының міндетін уақытша атқарушы Мұратқали Рахметов жаны таза адамның жүзі нұрлы болатындығын және батыл да ержүрек, ибалы да инабатты ұл-қыздарды тәрбиелеудегі ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы туралы ой шертті. Сондай-ақ, қазақи салт-дәстүрді де ұлықтау керектігін баса айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, сәуір айының 18-і мен 28-і аралығында ауданға қарасты әр ауылдық мектептерде ата-аналар жиналысын өткізуді жоспарлап отырғанын және осы жиналыстарды ұйымдастыруда мектеп директорлары тыңғылықты дайындалу қажеттігін хабарлады.
Одан бөлек, мектеп директорларына қағазға қарап сөйлеуді доғару керектігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, бала тәрбиелеуде қателік жібермеуге үндеп, мақтансақ, еліміздің болашағы балаларымыздың жақсылығымен мақтанайық деген тілегін жеткізді.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»