Qoǵam
Су басқан аймақтарға көмек қолын созайық!
Қазақ – ежелден ынтымақшыл қайырымды халық. «Қуаныш бөліссе көбейеді, қайғы бөліссе азаяды» дегенді айтқан қазақ халқы қандай да бір іске жұмыла кететіні әмбеге аян. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп ұйымшылдықтарын танытып, қай істе де, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығара алуы да қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Бұл қасиеттер, бүгінде еліміздегі бірнеше өңірлерді қарғын судың басуы кезінде айқын көрініс табуда.
Әлі де елімізде төтенше жағдай жарияланған аймақтарда қауіптің беті сейілген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарынан су басқан аймақтардың және су басу қаупі бар өңірлердегі атқарылып жатқан жұмыстар, ондағы зардап шеккен тұрғындарға жан-жақтан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмектер туралы күнделікті жиі-жиі көрсетіліп, айтылуда. Жуалы ауданының жұртшылығы да мұндай игі істен құр қалып жатқан жоқ. Яғни, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мен өңірдің шаруалары мен кәсіпкерлерінің бастамасымен су басқан өңірдегі ағайынға көмек беру үшін қаржылай көмек ұйымдастырылуда.
Қаржылай гуманитарлық көмекке жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық төрағалары және ауыл тұрғындары және Серік Садиров пен Еркебай Нағашбеков секілді ардагерлер де атсалысып, нәтижесінде қомақты қаржы жиналу үстінде. Бүгінгі күні Күреңбел ауылының тұрғындары, шаруа қожалық төрағалары және кәсіпкерлерімен бірге сауапты іске бірінші болып өз үлестерін аса ұйымшылдықпен қосты. Сонымен қатар, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарының тұрғындары да алғашқылардың бірі болып қомақты қаржы жинады. Одан бөлек, Б.Момышұлы ауылының Т.Тастандиев, Ғ.Мұратбаев және С.Мұқанов көшелерінің тұрғындары да қайырымдылық іске бірлікпен өз үлестерін қосуда.
-Біздің басты мақсатымыз – су басқан өңірдегі ағайындарға көмек қолын созу. Ол өңірлерге жан-жақтан гуманитарлық көмек жеткізілуде. Ал, біз шаруалар мен кәсіпкерлермен ақылдаса келе, гуманитарлық көмекті қаржылай жасауды жөн көрдік. Яғни, ауданның атынан көрсетілетін көмек су басқан өңірдегі бір ауылға көрсетіледі. Сол ауылға су тасқынының алдын алуға және су тасқынының зардабын жоюға қажетті заттар алынады немесе қарғын су алған бір ауыл тұрғындарына қаржылай көмек теңдей үлестіріледі деп жоспарлануда.
Бұл ісімізді ауыл тұрғындары мен ауылдық округтегі белсенді қариялары да қолдауда. Жеке кәсіпкерлер мен шаруалар да ұйымшылдықпен іске кірісіп кетті. Күреңбел ауылы тұрғындарының белсенділігін мақтанышпен айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар, кейбір көше тұрғындары қаржы жинап, өткізуде. Күні кеше кәсіпкерлер, шаруалар, ауылдың қариялары жиналып, жиналыс өткізілді. Жиында қаржылай көмекті 1 мамырға дейін жинау керектігі ұсынылып, бірауыздан шешілді.
Егер де аудан тұрғындары осы бастамаға қосыламын деп ұйымдасып қаржы жинаса, онда оны жеке кәсіпкер Әділбек Пошқаевқа өткізуіне болады. Біз жуалылықтарды бірігіп, гуманитарлық көмекке атсалысуға шақырамыз. Су басқан аймақтарға көмек қолын созайық, ағайын! Мемлекет басшысы әрқашан қандай кезеңде де күшіміз бірлікте екенін айтып келеді. Сондықтан бірлігіміздің арқасында бұл қиындықты да жеңетінімізге сенімдіміз,- дейді ардагерлер Серік Садиров және Еркебай Нағашбеков.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»