El іshі

Нарық сұранысына сай мамандар даярлауымыз қажет

«Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы аясында одан туындайтын міндеттерді сапалы орындаудың алғашқы қадамдары әлдеқашан басталып кеткендігі белгілі. Аталған міндеттерді жүзеге асыру – мемлекеттің ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінің міндеті, соның ішінде білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі болып отыр. Бұл міндет білім беру жүйесінде кәсіптік бағдар беру жұмысы арқылы жүзеге асады.

Кәсіптік бағдар беру – қоғамның қажеттілігіне қарай әрбір оқушының қабілеттілігі мен бейімділігін ескере отырып, кәсіпке қызығушылығын қалыптастыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу ісінде мақсатты атқарылатын жұмыс. Кәсіптік бағдар беру жұмысы жас ұрпақтың саналы түрде болашақ мамандығын қателеспей таңдауға мол мүмкіндік жасайды.
Айталық, мектепте оқитын кейбір оқушының пәндерді оқуға деген ықыласы онша болмауы мүмкін. Бірақ, оның есесіне техникаға, басқа да кәсіптерге бейім балалар болады. Мұндай балалардың қабілетін дер кезінде танып, кәсіби білімге бағдар беру де мектеп мұғалімдерінің міндеті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына да Жолдауында жан-жақты айтып, тиісті ведомствоға бірқатар нақты тапсырмалар бергені белгілі.
«Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында əлеуметтік ара-жікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды.
Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады.
Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлы біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын əзірлеуді тапсырамын. Бұл құжатта бейресми білім берудің баламалы нұсқаларын көптеп енгізу, өз бетінше оқу нəтижелерін мойындау, кəсіби дағдыларды сертификаттау мəселелерін қарастыру қажет.
Сонымен бірге біз кəсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн. Кəсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық беріледі. Сол себепті «Кəсіпкерлік негіздері» пəні мектептен бастап жоғары оқу орнына дейінгі барлық білім беру сатысында оқытылуы керек»,- деп атап өтті Президент.
Осыған орай біздің алдымызда бүгінгі күні қоғам қажеттілігіне сай мамандарды даярлау міндеті тұр. Әрі ол мамандарымыз бәсекеге қабілетті, қазіргі өндіріске бейімделе алатын тұлға болуы қажет деп білеміз.
Осы ретте ауданымызға қарасты Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде кәсіби-техникалық білім беру жұмысы үздіксіз жүргізіліп келеді. Әйтсе де, осында оқып, білім алған бітіруші түлектердің жұмысқа орналасып, нарықта сұранысқа ие маман болып қалыптасуы өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы аудан әкімі Олжас Қаржауов апта басында №16 Жуалы колледжінде болып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, ұжым мүшелерімен кездесіп, пікір алмасқан болатын. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, бірқатар жауапты бөлімдердің басшылары да шақырылды.
Колледж директоры Медет Иманбаевтың хабарлауынша, колледж 2021-2022 оқу жылының басынан техникалық және кәсіптік, орта білім беретін оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық-әдістемелік ұсынымдарды негізге алып коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеу шараларын сақтай отырып, штаттық режімде жұмыс істеуде.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «№16 Жуалы колледжі» КМҚК Жарғысы негізінде оқу орны келесі білім беру бағдарламаларын іске асырады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыру. Білім беру мекемесі білімгерлері мен түлектерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
№16 Жуалы колледжінде оқу жұмыс жоспарлары мемлекеттік жалпыға білім беру стандартына сәйкес кәсіптік және техникалық білім беруді қамтамасыз етеді. Бүгінде колледжде 171 жас мамандық алуда. Колледжде кәсіптік бағдар бойынша дәнекерлеу ісі, автокөлік жөндеу, пайдалану және қызмет көрсету, тігін өндірісі және киімдерді модельдеу, ауыл шаруашылығын механикаландыру, электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтері, тамақтануды ұйымдастыру мамандықтары бойынша кадрлар даярланады.
Колледжде оқу-өндірістік шеберханалар, оқу ғимараты, асхана, спорт залы санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкестендірілген. Жалпы пәндер, арнайы мамандықтар бойынша кәсіптік білім алуы үшін 10 оқу кабинеті мен алты өндірістік шеберхана жұмыс істейді. Оларға қажетті кітаптар мен оқулықтар да жеткілікті. Сонымен бірге, интербелсенді тақтада білімгерлердің сапалы білім алуына жағдай жасалуда.
Оқу орнындағы басқа да жетістіктер мен кемшін тұстарды сараптай келе аудан әкімі Олжас Қаржауов өз ойын білдірді.
-Иә, шын мәнінде қазір елімізде кәсіптік-техникалық білім берудің маңызы зор. Осылай бола тұра, ауданымыздағы бірден-бір кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнын бітірген жас мамандар еңбек нарығынан өз орнын таба алмай, жұмысқа орналаса алмай жүр. Колледжді бітіріп кеткен түлектер мен оқу орнының арасында ешқандай кері байланыс жоқ деуге болады. Бұл жөнінде біз жасаған талдаулардың нәтижелері көңіл көншітпейді.
Ауыл шаруашылығы – ауданымыздың басты асыраушы саласы дейтін болсақ, бұл бағытта мамандық алып шыққан жас кадрлар бізге қазір ауадай қажет. Мысал ретінде айтайын, Жетітөбе ауылдық округінде «Темірбек» деп аталатын үлкен әлеуетті шаруа қожалығы бар. Тиісінше, онда ауыл шаруашылығы техникаларының тілін жақсы меңгерген механизаторлар тапшы. Техникалық мамандарға сұраныс беріп отырған басқа да шаруашылықтар бар.
Колледжде ауыл шаруашылығының мамандары даярлануда. Дұрыс делік. Бірақ, олардың сапасына, бітірген соң жұмысқа орналасуына қарауларыңыз қажет. Қазір сіздерден түлектердің қайда жұмыс істеп жатқандығын сұрап отырмын. Бірақ, сіздер олардың қайда жүргенін, қайда жұмыс жасап жатқанын нақты білмейсіздер. Ауыл шаруашылығының машинисі, тракторисі өте сұранысқа ие мамандар. Киім тігу, тамақ өндірісі деген мамандықтар та керек шығар. Бірақ, оның орнына агроном, ветеринар (мал дәрігері) мамандықтарының даярланғаны әлдеқайда пайдалы. Ауданымыз аграрлық өңір болғандықтан, бұл екі мамандықты осында дайындауға күш салуымыз қажет деп білемін.
Өздеріңіз білесіздер, қазір ауданымызда сүт кластері, оны өңдеу өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Қазірдің өзінде ауданда сүт өңдейтін сегіз бірдей цех жұмыс істеп тұр. Мұны ары қарай ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Осы ретте бізге сүт өңдейтін технологтар қажет болады. Осы жағын да терең ескергеніміз жөн. Қорыта келгенде, маман даярлау ісін қайта қарап, тағы бір зерделеп шығу қажет. Ең бастысы, мұнда қазіргі еңбек нарығының сұранысына жауап беретін білікті кадрлар дайындалуы қажет,- деді Олжас Есалханұлы.
Жиын барысында колледж директоры М.Иманбаевтан бастап, оның өндірістік оқыту жөніндегі орынбасары, кадр бөлімінің қызметкерлері, өндірістік оқыту шеберлері, қамқоршылар кеңесінің мүшелері, т.б. мамандар пікірлерін ортаға салды. Колледж басшылығы былтыр оқу орнына арнайы грант арқылы ауыл шаруашылығына қажетті жаңа техникалар берілгенін, оны тиісінше, жұмыс істету, өндіріске қолдану үшін егістік жер қорының қажет екенін айтып, тағы басқа түйінді проблемаларды сөз етті.
Жиын қорытындысында аудан басшысы О.Қаржауов оқытуды өндіріспен байланыстыруды қайта қарастыру қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, колледж ұжымы еңбек нарығында дайындалатын мамандарға деген сұраныстарды ескеру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын және оқу-әдістемелік кешенді қазіргі замануи талаптарға сәйкес нығайту, сонымен қатар, оқытушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, серіктес ұйымдармен, потенциалды жұмыс берушілермен байланыс орнату міндеттері тапсырылды.
Сонымен қатар, колледжге арнайы грант арқылы берілген жаңа техникаларды дұрыс пайдаланып, онымен қаржы табуға болатыны да айтылды. Тиісінше, ол үшін колледж меншік түрін өзгертіп, шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын болып қайта құрылуы қажет. Сонда мекеме тек мемлекеттің қаражатына қарап отырмай, қосымша ақылы қызметтерді де атқарып, табыс таба алады. Мысалы, жаңа техникалармен ауыл тұрғындарының егістік жерлерін өңдеуге мүмкіндік бар. Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын болып қайта құрылудың тиімді тұстарына, мұның төңірегіндегі басқа да маңызды мәселелерге тоқталған аудан басшысы О.Қаржауов, бұл жұмыс өз кезегінде колледж түлектерінің де белгілі бір кәсіп түріне бейімделуіне оң әсер ететінін баса айтты.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні де өте маңызды. Жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеп, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс деп санаймыз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close