El іshі

Партия жұмысын жаңғырту жайы талқыланды

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім орталығы» залында аудандық «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Nur Otan» партиясының жұмысын жаңғырту мақсатында жиын өтті.

Бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысқан жиынды аудандық «Nur Otan» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков ашып, жүргізіп отырды.
– Құрметті әріптестер, өздеріңізге белгілі, Nur Otan партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысымен партияға атқарушы хатшы болып Асхат Оралов тағайындалды. Бұл туралы саяси ұйымның хабарламасында айтылған. Естеріңізге сала кетейік, партияның кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының құрылымын қайта қарап, оңтайландыру жөнінде тапсырма берген болатын. Ендігі кезекте біздер бірлесе отырып, партия жұмысын жандандырып, Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруымыз керек. Сонымен қатар, партияға белсенді, білімді де білікті жастарды көптеп тартқанымыз абзал, – деді Марат Аманғалиұлы.
Әрі қарай отырысқа қатысушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, партия төрағасының орынбасары қойылған сұрақтарға нақты әрі тиянақты жауаптарын берді. Сонымен қатар, Марат Аманғалиұлы төрағалар мен төрайымдарға партия ұйымдарының жұмысын жаңғырту бойынша ұсыныстар жинақтауды тапсырды.

Таңдаулы материалдар

Close