Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жұмысы барлығымыздың ортақ міндетіміз екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында баса айтқан еді. Міне, содан бері елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру, мемлекеттік қызмет істерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып, бұл бағытта бірқатар реформалардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
Мемлекеттік қызметті мерейлі міндет дейтін болсақ, бұл салада жергілікті атқарушы орган басшылары мен қызметкерлер халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсетіп отыр ма деген заңды суалдың туындайтыны анық. Әрине, атқарылып жатқан жұмыстар бар. Ал жұмыс болған жерде міндетті түрде кемшілік болады емес пе?! Жуалы ауданында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен оның атқарылуы қай деңгейде? Бұл жөнінде күні кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Лесбек Ілебаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, осы мәселелерге зерделеу жүргізді. Лесбек Құралбайұлы аудан орталығындағы мемлекеттік қызмет көрсететін бірқатар мекемелерге бас сұғып, ондағы қызметкерлердің жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету барысымен арнайы танысып, қызмет алуға келген бірқатар тұрғындармен де тілдесті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Л.Ілебаев ең бірінші аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің жұмысымен танысты. Мекеме басшысының орынбасары, кәсіби маман Мақсат Зиябеков мұндағы жұмыс процесін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Сонымен қатар, бөлімнің маманы Ғайша Елшібаева электрондық үкімет порталы арқылы көрсетілетін қызметтермен қатар, қағаз түрінде көрсетілетін қызметтердің де орындалу барысын көрсетті.
Айталық, бір жұмыс күнінің ішінде мемлекеттік корпорацияға қарасты аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде клиенттерге 75 әртүрлі қызмет түрі көрсетілген болса, оның 21-і қағаз түрінде көрсетілген. Мұндағы жұмыс барысымен мұқият танысқан Л.Ілебаев, жалпы мемлекеттік қызмет көрсету жұмыстарының электрондық форматқа көшірілуі жайлы, бұл мемлекетіміздің цифрландыруға бағытталған қадамының бірі екенін айтып, бөлім мамандарына негізінен мұндағы қызметтерді сапалы жүргізуді әрі клиенттермен сыпайы қарым-қатынас жасап, мәселесін тиісті заңдылық аясында шешіп беруді тапсырды. Л.Ілебаев аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің екінші қабатында орналасқан аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен де танысты.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Лесбек Ілебаев ауданымызға жасаған жұмыс сапары барысында мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында ауданда пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылған «Сервистік әкімдіктің» де жұмысын көрді. Айта кету керек, қазіргі таңда сервистік әкімдікте аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімдері бір ғимаратқа шоғырландырылған. Аудандық әкімдіктің бірнеше бөлімінің қызметкерлерін бұлайша бір ғимаратқа отырғызу мемлекеттік қызметтерді алушы тұрғындарға да өте тиімді болып отыр. Бұл жөніндегі жағымды пікірлерді қызмет алушы тұрғындардың да өз аузынан естідік. «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысқан Л.Ілебаев, әкімдік бөлімдерінің қызметіне табыс тіледі.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Л.Ілебаев осыдан кейін аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдау жасады. Қабылдауға алдын ала жазылған азаматтардың өтініші де әртүрлі.
Мысалы, Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ақтасты ауылының тұрғыны Айдынғали Алтынбеков, ауылдағы Ақтасты бастауыш мектебінің ғимарат мәселесін шешіп беруге өтініш айтқалы келген екен. Аталған мәселе бұған дейін де түрлі деңгейдегі жиындар мен қабылдауларда бірнеше мәрте көтерілген болатын. Аталған мәселе туралы таратып айтар болсақ, қазіргі таңда аталған мектепте балаларды оқыту мүмкіндігі өте төмен. Тіпті, ыңғайластырылған ескі ғимарат апатты жағдайда тұр десек те болады. Сондықтан бұл мәселені түбегейлі шешетін уақыт жетті, дегенді алға тартады ауыл тұрғындарының атынан келген өтініш иесі А.Алтынбеков.
Бұл мәселеге Жамбыл облысы әкімдігінің Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрмахан Тыныбеков жауап беріп, ауылда мектепке лайықты ғимараттың бар екенін айтып, алайда жеке кәсіпкердің өз қаражаты есебінен (74 миллион теңгеге) салынған жаңа ғимараттың сейсмикалық төзімділігі ескерілмегенін, онымен қоса, әлі күнге құжаттары да рәсімделмегенін жеткізді.
Келесі кезекте қабылдауда болған Б.Момышұлы, Қайрат ауылының екі тұрғыны тұрғын үй кезегіне және жер учаскесін алуға кезекке тұрудың жолдары оңайлатылса деген сұрақтармен қайырылды. Өтініш иелерінің мәселелері алдағы уақытта жергілікті әкімдік басшыларының назарында болады.
Ал жеке қабылдаудың соңына таман аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов Лесбек Ілебаевтың назарына мемлекеттік қызмет саласындағы қызметшілерге тәртіптік жазаны қолдану мен алып тастаудың тәртіптері мен принциптері және ауыл әкімдерін сайлау кезінде аудандық мәслихат депуттарының аталған саяси науқанға қаншалықты қатыстылығын сұрап, салаға қатысты тағы басқа толғандырған сұрақтарын қойып, оларға тыңғылықты жауап алды. Ал аудан әкімі аппаратының қызметкері, жас маман Мағжан Тұрмағамбет өз сөзінде, жас мемлекеттік қызметшілерге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен баспаналы болу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айтып, оған тиісті жауап алды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Л.Ілебаев аудандағы лауазымды мемлекеттік қызметшілермен кездесіп, еркін форматта ашық пікір алмасты. Жиынды аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов ашып, жүргізіп отырды.
Басқосу барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Лесбек Ілебаев мемлекетік қызмет саласының рөліне тоқталып, ол өз сөзінде, халықпен тиімді кері байланыс орнату, мемлекеттік қызметшілер тарапынан тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету міндеттеріне жеке-жеке тоқталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының негізгі өзегі осындай міндеттерден тұратынын тілге тиек етті. Президенттің мемлекеттік басқару жүйесіне өзгерістер енгізіп, ашықтық, пікірлер плюрализмін орнатуды жүктегеніне тоқталып, мемлекеттік органдардың қызметі халыққа ашық болуы қажет екенін жиынға қатысқан аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен жауапты қызметкерлерінің есіне салды. Сонымен қатар, Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының міндеттеріне де жан-жақты тоқталды. Сондай-ақ, ең бастысы – мемлекеттік қызметтің беделін көтеруге күш салу қажеттігін баса айтып, жиынды қорытындылады.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»