El іshі
Робототехника ізденісті дамытады
Адамзат ғылым мен техниканы ұштастыра отырып, қиялдағы шеті, түбі жоқ көрінген арманын іске асыра бастағалы қашан. Беріде ғаламтор пайда болғалы тұралап қалған шаруалар тың серпін алып, өркениетті елдер сан-салада толайым табысқа жетті. Осы көшке ілескен елдер шама-шарқынша ғылымды дамытуға, технологияны өрістетуге мән беруде. Ендеше, оқушыларды ерте жастан ғылым мен техникаға баулитын үйірмелерді үйлесімді ұйымдастыру бүгінгі күні үлкен маңызға ие болып отыр.
XXI ғасыр техниканың даму ғасыры болғандықтан, компьютерлер мен роботтардың адам өмірінде алатын орны өте зор. Қазіргі өмірдің өзінен туындап отырған талаптарды орындау, жаңашылдыққа жаршы болу үзіліссіз тәрбие негізі. Білім беру саласында сабақтан тыс уақытта жүргізілетін әрбір үйірменің жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлі ерекше. Оның ішінде, техникалық-шығармашылық бағыттағы робототехника үйірмесінде оқушылар математика, физика, информатика және басқа жаратылыстану-ғылыми бейіндік пәндерінен алған білімдері мен дағдыларын кіріктіре отырып, роботты, техниканы, инженерлік дағдыларды қалыптастыруға және технологияларды оқып үйренуге мүмкіндігі жоғары.
Үйірмелерде оқушылар әлемдік робототехниканың жетістіктері және даму бағыттары туралы кеңінен біледі. Лего-роботтарын құрастырып, оның бағдарламасын жасайды және деректер моделін құрастыруды ойлап табады. Осы орайда, Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде 2016 жылдан бері «Робототехника» үйірмесі жүргізіледі. Аталған үйірмеге жалпы 40 оқушы қатысуда. Оқушылар көптеген жетістіктерге де жетуде. 2016 жылдан бері робототехника үйірмесі арнайы қолданбалы курста, яғни вариативті бөлімде өтетін. Ал, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасына мектеп-лицей жаңа оқу жылында еніп, лицейдің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарғаны үйірменің жұмысын алға қарай дамытуға мүмкіндік берді.
Яғни, білім ошағында STEM кабинеті ашылып, оқушыларға жаңа мүмкіндіктер пайда болды. «Робототехника» үйірме сабағы ретінде өтілуде. Үйірмені информатика пәнінің мұғалімі Нұрлыхан Мейірхан жүргізеді. Маманның айтуынша, үйірмеге қатысатын балалардың робототехниканы тереңірек зерделеуге қызығушылығы жоғары. Содан болар, мектеп-лицейде ғылыми жобаларға қатысып, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орыннан көрініп жүрген балалар баршылық.
Атап айтар болсақ, биылғы оқу жылында «Robotek Grand Tournament» республикалық турнирінің (ІІ) облыстық кезеңінде «X machine» тобы Ерасыл Базарбек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. «Robotek Grand Tournament» республикалық чемпионатының аудандық кезеңінде «Сұрыптаушы робот» санатына қатысып, жоғары нәтиже көрсеткен «Robotek» тобы І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар, оқушылар Жуалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «IT BALAQAI» робототехника бағыты бойынша аудандық жарыстың «Формула 1.1-телефонмен басқару» кезеңінің жеңімпазы, «X machine» І дәрежелі дипломға ие болды. Одан бөлек, балалар Жуалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «IT BALAQAI» робототехника бағыты бойынша аудандық жарыстың «Формула 1-лабиринт» кезеңінде жеңімпаз атанып, «ІТ балақай» І дәрежелі дипломмен марапатталып, «Зерде» аудандық ғылыми жобасында ІІ орыннан көрінді.
Мектеп-лицейде білім алушылар тек роботтар құрастырып, бағдарламалаумен шектелмейді. Олар 3D модельдеу бойынша 3D өлшем фигураларды принтерден баспаға шығарады және де лазерлі станокпен де жұмыс жасай алады. Ағаштардан кескіндерді келтіріп, әртүрлі дизайнда сувенирлер жасап шығаруда. Сәуір айында өтетін мектепішілік ғылыми жобалар байқауына оқушылар «Жеті ата» панно туралы жоба жасауда. Оқушылар робот құрастырып қана қоймай, оның программасын жазып, логикалық ойлауды үйренуде.
Мектептегі информатика пәнінің мұғалімдері робототехниканың қарапайым түрінен күрделі түріне дейін жоспар жасаған. Өйткені, үйірмеге қатысқан оқушылар бірте-бірте Lego роботының күрделі түрін құрастыруға машықтануы керек. Қазіргі бала мұғалімнің үйретуімен тоқтап қалмайды. Олар ізденістің нәтижесінде ғылыми жобаларға қатыса бастайды. Оған, әрине, мұғалім барынша қолдау көрсетеді. Менің ойымша, робототехника үйірмесі мектеп бағдарламасына керек. Мұның барлығы шетелдік тәжірибеге негізделген. Оқу күрделі. Баланың мектепте үйренгені, жиған білімі болашақта өзіне азық болады. Бала жас кезінде деректерді жақсы қабылдайды.
Робототехниканы зерттеу оқушылардың болашақта ізденісін одан әрі дамытуына ықпал етеді. Оқушылар робот құрастыра отырып, өзінің автоматтандырылған құрылғыларын құрады, оларды қадағалайды және эксперимент жүргізеді, модельдің практикалық қолданылуын іздейді, ғылыми бағыттағы инженерлік мамандықтың іргетасын рухани байлықтарымен қалыптастырады.
Жанат КЕНЖЕҚАРАЕВА,
Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің
қосымша білім беру педагогы