El іshі

Академия өкілдері мемлекеттік қызметшілермен кездесті

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігінің бөлімдері мен ауылдық округ әкімі аппаратында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілермен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының өкілдері кездесу өткізді. Ондағы мақсат – академияда білім алудың артықшылықтарын түсіндіру.

Кездесуді аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов ашып, сөз кезегін ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы Мәлік Асановқа берді.
-Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы кемінде 2 жылдық еңбек өтілі бар барлық мемлекеттік қызметшілерді 2021-2022 оқу жылына грантқа түсуге шақырады!
Мемлекеттік басқару академиясы – бұл қазіргі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуы мен білім алуына жауапты Қазақстандағы жалғыз жоғары оқу орны. Академияның жұмысы мемлекеттік аппараттың кадрлары мен кәсіби басқарушыларды даярлауға бағытталған,- дей келіп Мәлік Назымбекұлы академияда білім алудың артықшылықтарына жан-жақты тоқталды. Сонымен бірге оқуға тіркелу үшін қажетті құжаттар, құжаттарды қабылдау мерзімі, конкурстық іріктеу кезеңдері жайлы да түсіндірді.
Академияның Жамбыл облысы бойынша филиалының профессоры Бекмұхан Ахметов көшбасшылық қасиеттерге ие, ынталы және креативті, халық пен ел игілігі үшін қызмет етуге ынталы мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби шыңдауда академияның артықшылықтарын толықтыра келіп, конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде Кейсті шешуде әр талапкердің қызмет ететін саласына байланысты ситуациялық жағдайлар берілетінін айтты. Бұл кезеңде берілген тапсырмадан маманның проблеманы көре білуі мен оны шеше білуіне, яғни мәселені мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялар, заңдарға сүйеніп шешуіне ерекше мән берілетінін атап өтті.
Академия өкілдері кездесу соңынан мемлекеттік қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close